AIQYN апта қайта оралды
AIQYN апта қайта оралды
541
оқылды
Ғылым мен технология қарыштап да­мып, телекоммуникация құрал­дары же­тіл­­ген сайын дәстүрлі ме­диаға деген көз­­қарас өзгеріп ке­леді. Бірақ адамзат үшін кемі ХVII ға­сырдан, қазақ үшін биыл 110 жыл­дығы атап өтілетін «Қазақ» га­зеті жарық көрген ХХ ғасырдың басынан бері мерзімді басылым мәдениеттің бір са­ла­сына айналған сыңайлы. Демек, Aiqyn да осы қа­тардан табылуға мүдделі. Сондықтан өздеріңіз сүйіп оқитын Aiqyn газетін де заман талабына бейімдеп, көштен қалмасақ деген ниетіміз бар. Бәсекеге толы әлемде медиа кеңістіктегі өз орнымызды жоғалт­пасақ дедік. Сөйтіп, бүгіннен бастап оқырманға етене таныс «Aiqyn аптаны» қайтарған жайымыз бар. Көңілдеріңізден шығатын болар деп үміт­тенеміз. Жалпы интернет заманында, әлеу­меттік желі көз ілеспес жылдамдықпен өмірімізге дендеп еніп, баурап алған қа­зіргі кезде дәстүрлі басылым шығару оңай іс емес. Газет-журналдың нарықта қалуы­на ең алдымен оқырманның көмегі, одан соң мемлекеттік демеу ықпал етіп отыр­ғаны сөзсіз. Биыл да Aiqyn-ның оқыр­маны бізді жерге қаратқан жоқ. Жазылу дәстүрінен жаңылмады. Былтырғы жел­тоқ­санда жазылушылар арасында ой­нат­қан ұтыста жеңімпазға арнаған заманауи гаджеттер мен өзге сыйлықтарды алыста­ғы оқырмандардың ұтып алғаны сөзімізге дәлел. Дегенмен, патша көңіл оқырман­ның қолдауына әлі де мұқтажбыз. Сон­дық­тан басылымға кез келген сәтте жа­зылу мүмкіндігі сақталды. Биылдан бастап Aiqyn аптасына 4 рет емес, 3 рет жарық көреді. Бірақ сөз ба­сында айтқа­ны­мыздай, Aiqyn апта қайта оралды. Мұны газеттің бұрын жұма, сенбі күндері жарық көретін нө­мірлері бі­ріктіріліп, апта қорытындысын жасай­тын нұсқаға айналғаны деп бағала­ғай­сыздар. Жазылушыларымыз осынау баста­мамызды түсіністікпен қабылдар деп үміттенеміз.