Ғылым мен технология қарыштап дамып, телекоммуникация құралдары жетілген сайын дәстүрлі медиаға деген көзқарас өзгеріп келеді. Бірақ адамзат үшін кемі ХVII ғасырдан, қазақ үшін биыл 110 жылдығы атап өтілетін «Қазақ» газеті жарық көрген ХХ ғасырдың басынан бері мерзімді басылым мәдениеттің бір саласына айналған сыңайлы. Демек, Aiqyn да осы қатардан табылуға мүдделі.
Сондықтан өздеріңіз сүйіп оқитын Aiqyn газетін де заман талабына бейімдеп, көштен қалмасақ деген ниетіміз бар. Бәсекеге толы әлемде медиа кеңістіктегі өз орнымызды жоғалтпасақ дедік. Сөйтіп, бүгіннен бастап оқырманға етене таныс «Aiqyn аптаны» қайтарған жайымыз бар. Көңілдеріңізден шығатын болар деп үміттенеміз.
Жалпы интернет заманында, әлеуметтік желі көз ілеспес жылдамдықпен өмірімізге дендеп еніп, баурап алған қазіргі кезде дәстүрлі басылым шығару оңай іс емес. Газет-журналдың нарықта қалуына ең алдымен оқырманның көмегі, одан соң мемлекеттік демеу ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Биыл да Aiqyn-ның оқырманы бізді жерге қаратқан жоқ. Жазылу дәстүрінен жаңылмады. Былтырғы желтоқсанда жазылушылар арасында ойнатқан ұтыста жеңімпазға арнаған заманауи гаджеттер мен өзге сыйлықтарды алыстағы оқырмандардың ұтып алғаны сөзімізге дәлел. Дегенмен, патша көңіл оқырманның қолдауына әлі де мұқтажбыз. Сондықтан басылымға кез келген сәтте жазылу мүмкіндігі сақталды.
Биылдан бастап Aiqyn аптасына 4 рет емес, 3 рет жарық көреді. Бірақ сөз басында айтқанымыздай, Aiqyn апта қайта оралды. Мұны газеттің бұрын жұма, сенбі күндері жарық көретін нөмірлері біріктіріліп, апта қорытындысын жасайтын нұсқаға айналғаны деп бағалағайсыздар. Жазылушыларымыз осынау бастамамызды түсіністікпен қабылдар деп үміттенеміз.