Ресейлік және шетелдік ақпарат құралдарының жазуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Татарстан азаматтығынан және «президентінен» айырылды. Соңғысының орнын «Раис» басты. Былтырғы 22 желтоқсандағы жылжабар отырысында Татарстан Парламенті ел Конституциясына түзетулерді қабылдады. Татардың Ата заңына өзгерістер Жаңа жыл мерекесінде күшіне енді. Жаңарған негізгі құжатта енді Татарстан азаматтығы және егемендігі деген ұғымдар жойылған. Бұған қоса, елдің бейбітсүйгіштігін ұлықтаған соғыстан бас тарту, сондай-ақ пропагандаға жол бермеу баптары да алып тасталды. Биліктен айыру – бастан айыру Бауырлас татар елінің Конституциясында биылға дейін маңызды 15-бап болды. Онда: «Татарстан мемлекеттер мен халықтар арасындағы дауларды шешу шарасы ретінде күш қолдануға һәм соғысқа теріс қарайды. Татарстанда соғысты насихаттауға тыйым салынады» деп жазылған. Татардың тәуелсіз журналистері, тіпті, мемлекеттік ақпарат құралдары осы конституциялық құндылықты ұстануға барын салды: РФ ақпарат құралдары Украинаға шапқыншылықты жан сала қуаттап, соғыс өртіне май құйып жатқанда, татарстандық БАҚ Ресей-Украина қарулы жанжалын барынша ұстамды жариялады. «Татар-информ» ақпарат агенттігінің өзі қарсы жаққа, Украинаның ресми өкілдеріне мінбер ұсынды. Бірақ Мәскеуге бодан болып отырып, одан тәуелсіз саясат жүргізу қиын. 15-бап түп-тамырымен жұлып алынғандықтан, татар журналистеріне «сугышны пропагандалауға» тура келетінге ұқсайды. Дегенмен басты конституциялық өзгеріс татар басшысына қатысты болды. Ресей федерация ретінде 83 субъектіден, соның ішінде 21 республикадан (Қырымды қоспағанда) тұратыны белгілі. В.Путин билік басына келгенге дейін әр республиканың төл президенті, үкіметі, парламенті болды. «Мемлекетте бір ғана Президент болуға тиіс» деген ұранмен Кремль республикаларды өз конституцияларын өзгертіп, президент институтын жоюға мәжбүр етті. Олар бүгінде жай ғана «республика басшысы» деп аталады. Бұған күні кешеге дейін Татарстан қарсыласып бақты: ол көшбасшысы Президент аталатын Ресейдегі соңғы республика болатын. 2015 жылғы 9 қарашада Мәскеудегі татар медиаклубы Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен дәстүрлі кездесу ұйымдастырды. Сонда журналистер одан: «Мәскеу сіздерге Президент институтын жоюды талап етіп, қысым жасап жатқаны рас па?» деп сұрады. Минниханов сеніммен жауап берді: республиканы өзі басқарып тұрған тұста, татардың Президенті лауазымына орталықтың тиісуіне жол бермейтінін нықтады. Осы мәлімдемесі арқылы Татарстан тұрғындарын рухтандырып тастады. Себебі, сол кезде «Білім туралы» заңына даулы өзгерістер талқыланып, татар тілінің тағдыры қыл үстінде тұрған. Өкінішке қарай, аталған заң 2017 жылдың соңында қабылданып, татар тілі мәртебесінен айырылды: Татарстандағы мектептерде татар тілін үйрету және оқыту міндетті пәннен факультативті пәнге айналды. Бірақ 2015 жылы Татарстан Президенті атауының сақталатыны туралы мәлімдеме республиканың ұлттық ұстындары мызғымастай тұратынына үміт сыйлаған. Алайда 2021 жылғы қыркүйекте Мемдумаға «Об общих принципах организации публичной власти в субъектах РФ» атты федералдық заң жобасы енгізілді. Құжат өңір басшыларын жай ғана басшы деп атауға міндеттеді. Ол кезде барлық республика басшысы солай аталғандықтан, заң бір ғана Татарстанға бағытталғаны құпия емес еді: сол арқылы Мәскеу Татарстанды 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін республиканың Президенті лауазымын жоюға мәжбүрледі. Әйткенмен, татарлар бір қулыққа басты: Президентті жай ғана басшы деп атаудан бас тартты, оның орнына Раис ұғымын енгізді. Жаңаша «Раис Республики Татарстан» деп аталады. Бұл ретте Минниханов өкілеттік мерзімі таусылғанға, яғни 2025 жылға дейін Президент атану құқығына ие: жаңа талап оған таралмайды. Алайда былтырдан ресми құжаттарда ол негізінен, Татарстан басшысы деп қана жазылып жүр. Жалпы, Раис сөзі татарларға да, түркітілдес өзге елдерге де жат емес. Мысалы, Татарстанда Раис есімді азаматтар көп. Энциклопедияларға жүгінсек, арабтың «бас» деген сөзінен туындаған бұл сөз «басшы», «төраға» деген мағынаны білдіреді. Әу баста ауылбасыларының титулы болған. Бүгінде аудармашылар оны көбіне араб, парсы, суахили тілдерінен «президент» деп аударады. Ал түрік тілі Осман империясы кезінде қабылдады, бүгінде reis сөзін түріктер «капитан» сөзінің синонимі ретінде қолданады. Бір қызығы, татар басшысы «Елбасы» атанып кетуі де мүмкін еді. Ресейлік саясаттанушы Руслан Айсиннің айтуынша, конституциялық өзгерістерді онкүндік талқылау барысында республика көшбасшысының жаңа атауының бірнеше нұсқасы қарастырылды.
«Арасында «Илбаши», тіпті «канцлер» болды. Елбасы Қазақ хандығында болған титул, бірақ ол 2000 жылдардан Н.Назарбаевтың атына бекітілген еді. Ресейде өз Елбасысының пайда болуына Мәскеу қарсы шығуы мүмкін. Сондықтан Илбашын қабылдай алмады. Ал «раис» сөзінің іргелі мағынасы жоқ, халық бұл эпитет алдында бас имейді, бөркін шешпейді. Ол бір жағынан Мәскеуді кіжіндірмейді, екінші жағынан, татар халқына да жақын», – деді Р.Айсин.Татарлар Елбасы мәртебесінен Мәскеуді өшіктіріп, өршелендірмеу үшін бас тартты. Әрі татардың Саба ауданы басшысының, яғни Миннихановтың туған інісінің есімі де Раис. Халық ахуалы қиындады Жыл қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында Татарстанның Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшин Конституцияға өзгерістерді қабылдау үшін келісім рәсімдеріне жүгінуіне тура келгенін, «бірақ оның егжей-тегжейін аша алмайтынын» мойындады. Оның айтуынша, Татарстан басшысын Раис деп қайта атауға Мәскеудің келісімі алынған.
«Біз республиканың жоғарғы лауазымды тұлғасының лауазымының атын өзгерту арқылы федералдық заңды қолдадық. Бұл шешімімізді дана деп есептейміз. Өйткені басқа шешім қабылдасақ, онда дұшпандардың шашбауын көтерген болып шығатын едік. Қастық пейілдегі Батыс мемлекеттерінің Ресейді ыдырату талаптары табысқа жетпеді. Ал Татарстан халқы, қолымда бар ақпаратқа сүйенсем, Президенттің атауын өзгертуді түсіністікпен қабылдады», – деді Мемлекеттік Кеңес төрағасы.Оның мәліметінше, Татарстан Конституциясына қатыста басқа да мәселелер қалып тұр: «Оларды депутаттар қаңтардағы сессиямызда қарауға кіріседі. Егер барлық келісу рәсімдерінен өтіп үлгермесе, ақпандағы отырыстарға қалады». Мұхаметшин орталықтан қойылған басты міндет 2022 жыл аяқталғанша, орындалғанын нықтады.
«Біз өзімізден не талап етілсе, соның бәрін жасадық. Республиканың жоғарғы лауазымды тұлғасының атауын федералдық заң талаптарына сәйкес келтірдік. Конституциямызда ол енді «Президент» деп аталмайды. Бұл басты міндет болды. Біз федералдық орталықпен де қасарыспадық, бұл қадамға қарсылармен де тіресіп жатпадық. Ортадан шыққан сияқтымыз», – деп түйді Фарид Мұхаметшин. БАҚ өкілдерімен кездесіп, 2022 жылдың қорытындыларын шығарған Татарстанның соңғы Президенті Рустам Минниханов өз елінің Ресей құрамында қалатынын меңзеді: «Біз ресейлік мемлекеттің патриоты болуға тиіспіз. Және бұл жай ұран болып қалмауы қажет, сөзімізбен де, ісімізбен де Ресей мемлекеттілігіне беріктігімізді дәлелдейміз. Ортақ Отанымыздың игілігі үшін еңбек ететін боламыз. Татарстан Ресей федерациясының салмақты субъектісі болды және солай болып қала береді», – деп қадап айтты Рустам Минниханов.Сонымен бірге, Tatar-inform хабарлауынша, билік федералдық орталықтың татарлардың өмірін қиындатқанына көңілтолмастық білдіріп отыр. Өйткені 2022 жылы Мәскеудің және федералдық заңнаманың талабы бойынша Татарстан парламенті республиканың Конституциялық сотын жойды.
«Салдарынан, Татарстан тұрғындарының өмірі қатты қиындады, олар конституциялық нормаларға қатысты туындаған мәселелері бойынша енді татардың Конституциялық сотына жүгіне алмайды. Бұл үшін оларға Санкт-Петербургте орналасқан Ресей Конституциялық сотына сабылуға тура келеді. Татарстанның Конституциялық соты кері байланыс тетігі қызметін атқарып еді, оның көмегімен қандай да бір заңды халық талабына сайлап, реттеп алуға болатын. Жылдар бойы жолға қойылған кері байланыс тетігі қазір жоқ», – деген Парламент спикері Ф.Мұхаметшин 2023 жылы оның орнына жаңа орган құрылуы мүмкін екенін жеткізді, бірақ «жаңасы сот өкілеттіктері жоқ, жай ғана консультативтік орган болады», тиісінше оның шешімдерін орындау міндетті болмайды.Жалпы, экономика саласында да Ресейдің барлық субъектісі – бір төбе, Татарстан – бір төбе болып тұр. Мысалы, 2022 жылы бүкіл Ресейдің экономикасы рецессияға ұшырады, жалпы ішкі өнімі құлдырады. Ал Татарстан өсімге қол жеткізді.
«2022 жыл бойы Ресейге теңдесі жоқ экономикалық қысым көрсетілді. Барлық қиындықтарға қарамастан, Татарстанда жалпы өңірлік өнім мен өнеркәсіптік өндіріс өсімі тіпті 2021 жылғыдан да асып түскелі тұр. Бізге енді жаңа экспорттық бағыттарды, жаңа жеткізушілерді іздеуге тура келеді. Ең бастысы, біз тек өзімізге ғана сене, сүйене аламыз. Татар экономикасы жұмыс істеу үшін нақты, жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Бізде өнім өндірісі бойынша да, жалпы өңірлік өнім бойынша да керісінше, өсім тіркеліп отыр. Егер санкциялар болмағанда, өсім одан да көп болатын еді», – деді Татарстан Президенті Рустам Минниханов.Жыл қорытындысын шығарған татар көшбасшысы 2022 жылдың бас оқиғасы ретінде Путин сияқты Украинаға қарсы соғысты емес, Татарстанның Еділ бұлғарларының (Волжская Булгария) Исламды қабылдауының 1100 жылдығын кең ауқымда тойлауын атады. Демек, тарихы мың жылдан асатын мемлекеттілігінің бары туралы ұлттық жады өшпесе, татар елі де ұлт ретінде өшпейді, көштен қалмайды деген үміт бар.