Әлемге әйгілі McDonald's фаст-фуд желісі Қазақстаннан кететін болды. Бұл жаңалық елді аса бір алаңдата қоймас, әйткенмен осынау алпауыт мейрамхананың өнімдерін сүйіп жейтіндер де аз емес. Әлем өркениетінен қалмаудың нышаны секілді көрінетін McDonald's-тың кетуі расында елемейтін дүние емес-ті. Сонымен, тамақтану желісінің елімізден алыстауына не себеп болды? Оның біз үшін қандай тиімді тұстары бар еді? Екі себеп, екіұшты ой Алғашқы мейрамханалары Қазақстанда 2016 жылы ашыла бастаған McDonald's брендінің елдегі ауқымы өте кең болатын. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Қарағандыдағы 24 мейрамханасы 2000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырды. Осынша жанға жұмыс беріп, мемлекетке салығын төлеп отырған желінің кетуі шынында қуантарлық жайт болмаса керек. Негізі мейрамханалар осыдан бірнеше ай бұрын біртіндеп жабыла бастаған. Оны әуелде Ресейдегі санкциялар әсерінен McDonald's Қазақстаннан кеткісі келеді деп болжағандар болған. Алайда ол қауесеттің мүлде мәселеге қатысы жоқ болып шықты. Қазір бізге анық екі жайт – ет жеткізу мәселесі мен мейрамхана желісінің франчайзингі Қайрат Боранбаевтың қамауда отырғаны. Көбіне бірінші себеп жиі айтылуда. Сәрсенбіде Bloomberg басылымы ет жеткізу мәселесіне байланысты мейрамхананың Қазақстаннан кетуге ниетті екенін жазды. Басылым мәліметінше, Ресей нарығынан кеткеннен кейін McDonald's Қазақстандағы франчайзилеріне Ресейдегі жеткізушілерден котлеттерге ет сатып алуға тыйым салған. Әңгіменің басы былтыр қарашада басталған еді. Fod Solutions KZ ЖШС (McDonald's Kazakhstan) иелігіндегі 24 фастфуд мейрамханасы жеткізу мәселесіне байланысты жұмысын тоқтатты. Ізін ала 12 желтоқсанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық өндірушілердің McDonald's өнімдерін жеткізуге дайын екенін хабарлады.
«McDonald' s жаһандық стандарттарға ие, бұл әлемдік компания. Бірақ кез келген өндіріс ірі желілік компанияға бейімделуі керек. Менің ойымша, бұл – коммерциялық мәселе. Бұл өндіріс көлемінің жеткіліксіздігін білдіреді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өндіріс жеткіліксіз болуы мүмкін. McDonald 's кетпейді және көлемді де, стандартты да қамтамасыз ете алатын өндірушіні табады деп үміттенемін», – деген еді палата басшысы Райымбек Баталов.Кейін компания кәсіпкерлер палатасынан мүлде көмек сұрамағаны, жай «Атамекен» қол ұшын созуға ниетті болғаны айшықталды. Bloomberg мәліметінше, Қазақстандағы франчайзингтер жергілікті немесе еуропалық жеткізушілерден ет сатып ала алмаған, өйткені жоғары бағалар мен көлік шығындары бизнесті бәрібір шығынға әкелетін еді. Енді екінші себеп болуы мүмкін жайтқа тоқталайық. Республикадағы желілік мәселелерді McDonald's-тың Қазақстандағы франчайзингі Қайрат Боранбаев шешетін. Ол былтыр 17 наурызда квазимемлекеттік сектордағы қаржыны жымқырды деген айыппен қамауға алынды. Бұл мейрамхана желісіне қатысты проблеманы одан әрі қиындатты. Фастфуд патшасы жайындағы пайым Әрине, McDonald's-тың елімізден кететіні хабарланғалы небір пікірлер айтылуда. Айтарлықтай зияны жоғын, еш дүние өзгермейтінін, тіпті, «аш қалып жатқан жоқпыз» деген көзқарастарды аңғардық. Рас, ешкім де аш қала қоймас, дегенмен мәселенің берісі мәдени, түбін қазбалайтын болсаңыз саяси мәні де бар. Мұндай қызықты фактіні блогер Асхат Қасенғали айтып отыр.
«McDonald’s жай ғана тамақтану желісі деуге келмес, бұл жаһанданудың (глобализация) нышанына айналғалы қашан. Тіпті, әлеуметтік ғылымда макдональдизация аталатын термин де енген. Еліміздегі желілері халыққа жұмыс, билікке салық беріп тұрғанынан бөлек, мемлекеттің әлемдік қауымдастықпен қатынасын да көрсететін бір өлшем іспеттес болған. Еуропалық туристердің барған елін осы бір әйгілі фастфуд патшасының бар-жоғымен өлшейтін әдеті бар. Норвегиялық саяхатшы, зерттеуші Эрика Фатландтың «Советистан» атты кітабы бар. Ол Орталық Азиядағы бес елді аралап шығып, әр елдегі өмір сүру салты, дін, экономика, саясат, әлеуметтік жағдай жазады. Міне, сонда ол Қазақстанға келіп, еуропалық сипаттағы фастфудтарды жей алғанын айтады. Бірақ ол кезде Қазақстанда McDonald’s жоқ еді, ол басқа фастфуд өнімін жеген. Осының өзі еуропалық үшін бір өлшем бірлік десек те болатын шығар. Сондай өлшем бірліктің бірі елімізден кетіп бара жатыр», – дейді ол.Осы тұста ол тағы бір деректі келтіреді. 1979 жылы КСРО Ауғанстанға басып кіріп, артынша Батыс КСРО-ға санкцияны үдетіп, 80-жылғы олимпиадаға бойкот жариялайды. Міне, сол олимпиаданың алдында 4-5 жыл бұрын КСРО McDonald’s-ты еліне кіргізу үшін АҚШ-пен жанталаса бейресми келісім жүргізеді. Өйткені олимпиадаға келетін еуропалықтар McDonald’s арқылы «КСРО дамыған екен» деген баға беруі тиіс екен. Бірақ Мәскеу ақыры Ауғанстанға кірді, McDonald’s келмей қалды. Алғашқы мейрамханасы КСРО-да тек 1990 жылы ашылды. КСРО халқы сол мейрамханадан бургер жеуге күні-түні кезекте тұрды. Бұл жабық қоғамға жаһанданудың есігі ашылғандай сәт еді. Ал биыл Ресей Украинаға басып кірген соң 850 мейрамханасы қайта жабылды. Бұл шынында өркениетті әлем Мәскеу үшін есігін тарс жапқандай әрекет еді. Кейін ол мейрамханалар атын өзгертіп, ресейлік сервиспен қайта ашылды, бірақ оның деңгейі мүлде төмен, әлем білетін McDonald’s-тай емес еді.
«McDonald’s-тың біздегі жабылуында қандай сипат жатқанын білмедім. Өз басым фастфудты қатты ұната қоймасам да, бұл брендтің кетіп жатқанына қуана алмаймын. Ресейдегі сияқты жаңа атпен басқа мейрамханалар ашылар, алайда өзі секілді болмайды», – дейді Асхат Қасенғали.Қорыта келе айтарымыз, McDonald's-тың елден кетуінде жұртты жаппай алаңдататындай түк жоқ. Бірақ соған қарамастан өркениеттің бір бөлшегінен айырылғандай күй кешіп жатқандар баршылық. Ол негізсіз де емес. Ел қызыға қарайтын танымал фильмдердің өзінде осы мейрамхана жылт етсе, көзге жылы ұшырайтыны бар еді. Құдды қарынды емес, көңілді тойдырғандай.