2022 жылы өткен әлем чемпионатында біраз футболшының бағы жанды. Катар табалдырығын қосалқы құрам ойыншысы болып аттаған кейбірі жұлдыз болып шыға келді. Сөйтті де өз елінен Еуропа дейтін құрлықта доп тебуге мүмкіндік туды. Ал бұрыннан кәрі құрлықта жүргендері топ клубқа ауысып, марқайып қалды. Бұлардың қатарында Гакпо, Амрабат, Очоа, Фернандес және тағы басқасы бар.
Луи ван Гал ашқан жаңалық
Коди Гакпо мундиальда Нидерланд ниндзясына айналды. Мұны көпшілік күтпеді, білем. Өйткені құраманы алға сүйрейді-ау деп сенген футболшылардың арасында Ван Дейк пен Депай бар еді. Алайда Вейналдум жарақат алған соң негізгі құрамға іліккен Гакпо бәрінен асып түсті. Топтық кезеңнің әр ойынында гол соғып, командасын плей-оффқа алып шықты. Қызығы, қақпаны оң аяқпен, сол аяқпен және баспен дәл көздеді. Бұған дейін әлем чемпионатында Нидерланды тарапынан бұлай өнер көрсету Уэсли Снейдерге бұйырған-ды. Осыдан-ақ Гакпоның айы оңынан туатынын болжағандар көп.
Солай болды да. Доп додасы аяқталмай жатып «ПСВ» жартылай қорғаушысына «Манчестер Юнайтед» көз тіккені жайында ақпарат жарияланды. Біразы Кодиді Манчестерге «аттандырып» жібергенімен, жағдай әлі шешілмеген-ді. Біршама уақыт өткен соң оның «Ливерпульге» ауысқаны жайында хабар жанкүйерлерді таңдандырды.
Қақпашылар «таласы»
Бұл чемпионат сөзсіз қақпашылар «таласы» деуге болады. Қай-қайсынын алып қарасаңыз да ұлттық құрама үшін жан беріп, жан алысқанын байқайсыз. Әсіресе, Доминик Ливакович, Эмилиано Мартинес пен Очоаны атауға болады. Дегендей, аталған үшеуіне басқа клубтардың назары ауып, трансферлік терезе кезінде түрлі қауесет шықты.
Алғашқысы, Мексика құрамасының қақпашысы – Очоа. Жалпы, бұл футболшының әлем чемпионаты кезінде қате жібермей ойнайтынына жанкүйерлер қайран қалады. Клуб деңгейінде айтарлықтай нәтиже көрсетпесе де, құрамаға келгенде қайта «туатындай» көрінеді. Мундиальда да, Копа Америка кезінде де жасындай жарқырайтыны рас. Осылайша, биыл ол Мексиканың «Америка» клубынан италиялық «Салернитанға» ауысты. 37 жастағы қақпашы үшін кәрі құрлыққа қайта оралу үлкен мүмкіндік.
Ал Хорватия қорғаны Доминик Ливакович аты дардай қақпашылар ғана үздік деген ұғымын жоққа шығарғандай. Катарда пенальти қайтарудан, матч кезінде қақпа күзетуден оның алдында түскені санаулы. Ол мансабында бас-аяғы 18 пенальтиді қайтарған. Бір ғана Бразилиямен ойында он бір сейв жасап, құрамасын жартылай финалға алып шықты. Қақпашы нәтижесіне қол соққан скауттар оның топ-клубқа ауысатынына күмән келтірген жоқ. Мундиаль барысында оның мансабын «Баварияда» жалғастыратыны жайлы ақпарат тараған. Оған қоса, «Динамо Загреб» қақпашысын 10 млн еуроға «Вильярреалға» сататыны туралы мәлімет бар. Қысқы трансферлік терезенің жабылуына бір айға жуық уақыт барын ескерсек, ақпарат әлі де жаңарады.
Осы тұста Аргентинаның қаһарманына айналған Эмилиано Мартинес жайлы жазбауға болмас. «Астон Вила» қақпашысы 30 жасында ұлттық құрамаға шақырылып, екі бірдей кубок еншіледі. Бастапқыда «Арсеналда» ойнаған ол кейіннен Англияның төртінші дивизионында доп тебеді. Одан біраз жыл өткесін Мартинесті «Астон Вила» байқап, өзіне шақырады. Яғни, Эми аталған клубта Аргентина сенім артқан қақпашыға айналады.
Амрабат, Гвардиол және Беллингем
Жоғарыда жаңа жұлдыздардың туғанын жазғанбыз. Солардың бірі – Джуд Беллингем. Ойыншыны трансфермаркет 100 млн еуроға бағалап отыр. Ал футболшыға көз тіккендердің арасында «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед» пен «Реал» бар. Ол – әлем чемпионатында Англия тарапынан сәтті ойын өрнегін көрсеткендердің бірі. Жартылай қорғаныстағы тәжірибелі ойыны, таланты боруссиялық өреннің келешегі кемел екенін көрсеткендей. Кезінде АПЛ-де доп тепкен ол өткен шақтың дәмін қайта татқысы келері анық. Дегенмен «Реал» сияқты топ-клуб «кел» деп жатса, бас тартпасы тағы бар.
Мундиальдың сенсациясы Марокко десек, құраманың жігері – Софьян Амрабат. Оның ойын мәнер турнир жаңалығына айналды. Әрі ешкім Софьяннан мұндай нәтиже күткен жоқ. Құраманың Испания, Португалия сияқты команданы қапы қалдыруына Амрабаттың үлесі зор. Соны байқады ма «Фиорентинаның» жартылай қорғаушысына бірнеше клуб көз тігіп отыр. Оның ішінде «Атлетико», «Ливерпуль» мен «Тоттенхэм» бар. Әсіресе, Беллингемді қымбатсынып отырған «Ливерпуль» үшін Софьян жақсы балама екені тағы бар.
Одан кейінгі трансферлік тартыс Йошко Гвардиол үшін жүріп жатыр. Хорватияның қорғаушысына «Манчестер сити», «Наполи», «Манчестер Юнайтед» пен «Бавария» қолқа салған. Әзірге ойыншының қай клуб ұсынысын қабылдағаны белгісіз. Бастысы, «Лейпциг» қорғаушысы мундиальдың қола жүлдегері атанды. Модричпен иық тіресе отырып құрамасын алға сүйреді. Нәтижесінде, Йошконың еңбегін білікті бапкерлер байқап, командасына шақырып жатыр.
Құлау ма, жаңа белес пе?
Иә, Криштиану Роналдудың «Әл-Наср» клубына ауысқанын естіген әрбірі ойланып қалды. Мұны жанкүйерлер неге баларын білмей жүр. Сарапшылар ойыншы мансабының осылайша өрбуіне Пирс Моргонға берген шулы сұхбаты себеп екенін айтады. Ал футболшы Еуропадағы жұмысы аяқталғанын, ендігіде Азияға кезек келгенін жеткізген. Десе де, бұдан Сауд Арабиясының ұтқаны көп. Себебі клубтың Instagram парақшасындағы жазылушылар саны 10 миллионнан асқан. Криштианудың ойыншы ретіндегі таныстырылу салтанатын барлығы үш млрд-қа жуық адам тамашалаған. Бұл – Азия футболы үшін біраз жетістік. Жұлдыз ойыншының чемпионатқа ауысуы лиганың мерейін көтеруімен қатар, басқа да белді футболшылардың келуіне жол ашады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ