Елбасы туралы заң: Сенат бірлескен комиссия мүшелері мен баяндамашыны сайлайды
Елбасы туралы заң: Сенат бірлескен комиссия мүшелері мен баяндамашыны сайлайды
712
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен бюро отырысында 12 қаңтарда өтетін палатаның кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді. Сенаторлар алдағы отырыста Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарды Жоғарғы сот судьялары қызметінен босату мәселесін қарайды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылды деп тану туралы» конституциялық заңның жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының мүшелерін және Сенаттан қосымша баяндамашы сайлауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Оның ережелері елдер арасындағы ынтымақтастықты оңайлату үшін бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тануды көздейді. Бұл ретте бұйымдар осы келісімнің талаптары мен импорттаушы тараптағы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес келуге тиіс. Палатаның алдағы отырысының күн тәртібіндегі тағы бір мәселе «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы»заң болып отыр. Құжат апатқа ұшыраған ұшақтардың жолаушылары мен экипаждарын іздеу мен құтқаруда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ бюро мүшелері Мәжілістен келіп түскен заңдарды Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп берді.