Ірі компаниядан бастап, қатардағы кәсіпкер мен еңбеккерге дейін табысын, жалақысын жасыруына мемлекеттің өзі итермелейді. Себебі оның 35%-ына дейінгісін бюджет – салыққа, квазимемлекеттік қорлар – жарналар мен аударымдарға талап алып қояды. Содан жалақысы 100 мың теңге болатын бос жұмыс орнына жұрт қызықпайды: азаматтар одан алым-салықтары шегерілгенде, қолына небәрі 65 мыңы тиетінін, ал ең төменгі жалақы көрсеткішінен де төмен бұл жалақы қымбатшылық заманында түкке жетпейтінін жақсы біледі. Еңбекақы төлеу қорына түсетін ауыртпалықты азайту үшін 2023 жылы Бірыңғай төлем енгізілді. Бизнестің әлден одан көңілі қалып тұр. Неге? БЖТ мен БТ арасында адаспайық Қазақстандықтар 2019 жылдан бастап енгізілген Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) дегеннің не екенінен азды-көпті хабардар. Ол 4 түрлі төлемді біріктіреді: бұлар – жеке табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, зейнетақы төлемдері, медициналық сақтандыру аударымдары. Алдағы 2024 жылы Бірыңғай жиынтық төлем жойылады. Оның орнын биыл күшіне енген Бірыңғай төлем басуы мүмкін деп те айтылған. Бірақ баса алмайтыны енді белгілі болды. Кәсіпкер, есеп ісінің маманы Болат Ақайдар мұның бірнеше себебін атады.
«Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) мен Бірыңғай төлемді (БТ) шатастырмау керек. БЖТ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санатты жою, оларды салық органдарында формалды емес жұмыспен қамтылғандар ретінде оңайлатылған тәртіппен тіркеу үшін енгізілді. Яғни, бұл инфлюенсерлерге, такси жүргізгендерге, алдындағы малынан тапқан азын-аулақ өнімді сататын ауылдықтарға және басқасына арналған. Ал БТ шағын және ұсақ компанияларда, жеке кәсіпкерге ресми жұмыс істейтін жұмыскерлердің жалақысына түсетін ауыртпалықты азайтуға бағытталған. Тағы бір айырмашылығы – төлем көлемі. БЖТ мөлшері 0,5–1 АЕК (биыл 3 450 теңге) қана. Ал БТ мөлшері – осы жылы жалақының 20%-ын құрайды және алда өседі», – деді Б.Ақайдар.Яғни, бұл еңбек қарым-қатынастарының түрлі сегментін реттейтін әрбасқа тетіктер және бірін бірі алмастыра алмайды. Бірыңғай төлемнің «идеологиясы» да басқа. Кәсіпкерлердің айтуынша, Қазақстанда еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме жыл сайын артып келеді. Қазірдің өзінде бизнес әрбір жұмыскері үшін 6 түрлі төлем төлейді (оның басым көпшілігі қызметкер, жұмысшының жалақысынан ұсталады). Біріншісі – жеке табыс салығы. Екіншісі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылатын зейнетақы жарналары. Үшіншісі – әлеуметтік салық: оны жұмыс беруші төлейді. Төртіншісі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдар. Егер жұмыскер жұмысынан айырылса, осыдан оған жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы төленеді. Бесіншісі және алтыншысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) аударылады: бұлар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (есепшілер оны ВОСМС атайды) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар (ООСМС) болып ажыратылады. Осылайша, жұмыс берушілер штатындағы әр жұмыскерге жалақысының 35%-ына дейін қосымша шығын шығарады. Келесі 2024 жылы бұған әр жұмыскері үшін аударатын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) қосылады, сондай-ақ медсақтандыру жарналары мен аударымдарының мөлшері тағы өседі. Салдарынан еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме кем дегенде 41%-ға жетпек. Кәсіпкерді тығырыққа тірегеннен не ұтады? Бизнес орта және «Атамекен» ұлттық палатасы осыған орай бұрыннан мәселе көтеріп келеді.
«Осы жүктеменің айтарлықтай артуы бірінші кезекте көлеңкеге кететіндердің санын арттырады. Кәсіпкерлер дағдарыс шақта бизнесін сақтап қалу үшін амалсыздан, барлық амал-шарғыны қолданып, алым-салыққа шығындарын қысқартуға тырысуы ықтимал. Соның бір тәсілі – қызметкерлерінің ресми жалақысын төмендету. Ал бұл елде әлеуметтік кернеуді ушықтыруы мүмкін», – деді ұлттық палатаның Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева.Жұмыс берушілер жұмыс көлемін аутсорсингке тапсыруда. Сонымен бірге штат санын қысқартып, персоналын аутстаффингке шығарады немесе олармен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бекітеді. Аутстаффинг пен АҚС шарттарына көшірілген қызметкерлер қорғансыз: оларға жыл сайынғы еңбек демалысы берілмейді, сыйақы, бонустар, тіпті еңбекке жарамсыздық парағы төленбейді. Әлгі аталған 6 алым-салықтың бәрі жұмыскердің төл жалақысынан ұсталады. Осының кесірінен, бір жағынан, Үкімет жұмысшылардың ашуын туғызып, елде әлеуметтік кернеуді өршітті. Соңғы бес жыл бойы Қазақстанда ереуілдер жиі бас көтерді, былтыр да белең алды. Екінші жағынан, жұмыс берушілер де Үкіметтің бұл саясатынан түңіліп отыр. Бұл проблемаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударды. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 6,5 миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейтінін, олардың табыс көзі – жалақы ғана екенін еске салған Мемлекет басшысы Үкіметке микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы қорына жиынтық жүктемені төмендетіп, Бірыңғай төлемді енгізуді жүктеді. Қ.Тоқаев бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендетуді ұсынды. Оның байламынша, бұл шара бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкеден шығаруға» ынталандырады. Аталған тетікті 2023 жылғы 1 қаңтарда іске қосуды тапсырды. [caption id="attachment_235387" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Осыған қатысты заң жобасын Парламент 2022 жыл соңында қабылдады. Оған сәйкес, Салық кодексіне «Бірыңғай төлем» (БТ) аталатын жаңа 89-1 тарауы қосылды. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, БТ еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені биыл 35%-дан 20%-ға дейін төмендетеді. Бірақ мөлшері алда өседі. Жақсы жобаға жабысқан кесір Әйтсе де, Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы, бизнесмен Максим Барышев өз мәлімдемесінде бірыңғай төлемді қолдану игілігін ұсақ қана емес, орта бизнеске де ұсынуға табандайтындарын жеткізді.
«Ұсыныстарымызды Үкімет ішінара ғана қолдады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 20 пайыздық бірыңғай төлемді тек шағын және микрокәсіпкерлер қолдана алатынын жариялады. Мұның сыртында олардың бәрі емес, тек арнайы салық режимін қолданатын шағын кәсіпкерлер мен ЖШС-лар ғана пайдалана алатыны белгілі болды. Сондықтан біз, кәсіпкерлер осы бірыңғай төлем барлық бизнес түріне де енгізілуі қажет деп ары қарай табандаймыз. Сонда Қазақстанда салық төлеу оңай әрі қолайлы болады», – деді Максим Барышев.Сонымен, БТ жемісін жеңілдетілген декларация тапсыратын, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және фермер шаруашылықтары тере алады. Бірақ тағы бір гәп бар: бұл кәсіпкерлер бірыңғай төлемге ерікті негізде көшеді. Яғни, басшылығы, бухгалтерлері әкімшілендіруді қиынсынса, көшпеуіне де болады. Онда жұмыскерлердің жалақысынан 35 (болашақта 41) пайыздық алым-салықтар одан ары шегеріле береді. Ал көшкендері қызметкерінің жалақысының 20 пайызы көлемінде БТ-ны «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясына аударады. Корпорация оны үлесі бойынша бюджет пен қорларға бөліп, аударады. Бірыңғай төлем құрамына, яғни 20 пайызға міндетті зейнетақы жарналары (жалпы төлемнің 50%); жеке табыс салығы (9%-ы); МӘСҚ қорына әлеуметтік аударымдар (16%); міндетті медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар (25%) кіреді. БТ ставкасы 2024 жылы – 21,5%, 2025 жылы – 23,8%, 2026 жылы – 24,8%, 2027 жылы – 25,8%, 2028 жылы 26,3%-ға дейін артады. Бухгалтерлік есеп және салық салу саласының маманы Ольга Мурзинцева заңнамада қайшылықтар туындағанын айтады.
«Заңнамада медсақтандыру жарналары мен аударымдары бойынша 10 ең төменгі жалақы көлемінде шек белгіленген. Ал бірыңғай төлемде жалақы көлеміне шек бекітілмеген. Салдарынан есепшілердің басын қатыратын жағдай туындайды: жұмыскердің жалпы табысы 10 ЕТЖ-дан асады, айталық 800 мың теңге делік. Оның 20%-ы – 160 мың теңге. Яғни, осынша БТ ұсталады. Бірақ біз оның тек 155 мың теңгесін ғана аудара аламыз: зейнетақы жарнасы – 80 мың, жеке табыс салығы – 14 400, әлеуметтік аударымдары – 25 600, медсақтандыру жарналары мен аударымдары – 35 мың теңге. Себебі медсақтандыру бойынша алым алу лимиті ең төменгі жалақының 10 есе көрсеткішімен, яғни биыл 700 мың теңгемен шектелген. Заң солай», – деді О.Мурзинцева.Сонда ай сайын ұсталатыннан артылған 5 мың, жылдық 60 мың теңгені есепшілер қайда жібереді? Сұрақ көп. Оған мамандар құзырлы органдардан әзірге жауап ала алмапты. Жалпы, бірыңғай төлем – президенттік жақсы бастама. Сондықтан оның игілігін көруге кәсіпкерлер ынтығып, табандады. Алайда игі бастамаға жолай жабысқан жай-жапсарлар оның құнын түсірмесе болғаны.