2001 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысқанда, шаһарда 140 мыңның төңірегінде адам тұратын. Қала тозып кеткен еді. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан соң қала бірер жылда адам танымастай болып өзгерді. Халықтың саны арта бастады. Кейінгі жылдары тіптен қанатын кеңге жайып, жаңа шағын аудандар, тұтас қалашықтар, керемет ғимараттар бой көтерді. Тұрғындардың саны 200 мыңның үстіне шықты. Алайда саңырауқұлақтай қаптап, қалқиған тұрғын үйлердің сапасына қатысты түйткілді жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе, құрылысы жайлы әңгіме Үмбетовтың тұсында қозғалып, басында қытайлар, одан соң кәрістер салады деген, ақырында Баталовтың кезінде өзіміздің қазақстандықтар тұрғызған, «Береке» деген атауға ие болған коттеджді қалашықтың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Негізін халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғауды қажет ететін әлжуаз топтағылар құрайтын және «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болғандар тұратын коттеджді қалашықтағылардың жанайқайы тиісті орындардың құлағын шулатқалы бірнеше жыл болғанымен, нақты нәтиже жоқ. Пайдалануға беріліп жатқан кезде қатты дауылдан соң қабырғасы құлаған, төбесі опырылып кеткенін де көзбен көрген едік. Сыртынан жұрт «тауық күрке» деп атап кеткен коттедждердің дені қыста жылымайды, жаңбыр жауса төбеден су саулайды, қабырғаларынан күн көрінеді. Пайдаланылған құрылыс материалдары тым сапасыз. Осы күзде халықтың наразылығы ақыры антикорға да жеткендей болған. Қазан айында Талдықорғанға арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов берекесі қашқан «Береке» қалашығына барып, жағдайды өз көзімен көрген. «2014 жылы коттеджді қалашықтың құрылысына 8 миллиард теңгедей ақша бөлінген. Биыл барлық 620 жеке үйдің құрылысы аяқталуға тиіс еді. Әзірге осылардың жарым-жартысы ғана тұрғызылған және олардың өздерінің сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың алаңдауы орынды. Аса өзекті әлеуметтік мәселе болғандықтан, біз де назар аударып, бақылауға алдық. Мониторинг жүргізіп, мәселенің жай-жапсарын анықтаймыз.
Жалпы өңірде халықты ауызсу, көгілдір отынмен қамтамасыз ету және тұрғын үйлердің сапасы мен пәтерлерді бөлуде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол берілген», – деген еді превенция қызметінің басшысы.Одан бері де бірнеше ай өтті. «Берекедегі» берекесіздік асқынбаса, түзелген жоқ. Биылғы қыстың мың құбылып, бір күн суып, екінші күні жылымықтануы, қар мен жаңбырдың күн аралатып, кезектесіп тұруы да тұрғындардың мазасын май ішкендей етіп отыр. Ылғалдан өзі биттің қабығындай жұқа қабырға дымданып, көгеріп, ілдебайлап тұрған төбелерден су сорғалауда. Балалар мен үлкендер екі күннің бірінде ауырады. Осылайша, сырты жылтырағанмен іші қалтыраған, атауы дардай «коттедждер» ай сайын ауыздарынан жырып, 100 мың теңгелеп ипотека төлейтін қарапайым жұрттың қалтасын қағып қана қоймай, қандарын қарайтып, осындай сапасыз баспаналарды қабылдап алған билікке деген сенімін мүлде селдіретіпті.
Қалалық әкімдік мемлекеттің 3 миллиард 700 миллион теңгесіне салынған 204 коттедждің сапасыздығын ашық мойындайды. Сапасыз тұрғызылған тұрғын үйлердің қалай қабылданғаны жайлы сұраққа жауап қайтаруға келгенде кібіртіктеп қалады. Бүгінгілер бұрынғыларға сілтейді. Олар өздерінің алдындағыларға жабады. Қоныстанғанына бірнеше жыл болған тұрғындар күз түсісімен алты ай бойы жел улейтін қабырғалармен, тамшы сорғалаған төбелермен алысып, жыл сайын жазда қаржы мен күш жұмсап, баспаналарын жөндейтіндерін айтып, зар илейді. Әбден шаршағандықтарын айтып шағымданады. «Құрылыста кеткен ақауларды, кемшіліктерді анықтап жатырмыз. Мердігерлер оларды қалпына келтіруге тиісті. Қазіргі кезде құқық қорғау органдары осы іспен айналысуда. Облыстық, қалалық прокуратура бақылауға алған. Қылмыстық іс қозғалған. Коттедж қалашығының тұрғындары сапасыз үйдің зардабын көріп отырғаны рас. Тұрғындар үйдегі тез арада жөнделуін талап етуде. Олар үйлерді тұрғындар 10 жылға «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы алған», – дейді Талдықорған қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі.Бұл мәселеден облыс басшысы да құлағдар. Жақында жергілікті БАҚ-қа сұхбат бергенде, жұрттың жанайқайына жауап беруге тырысты. Бірақ бұл жолы да нақты ештеңе айтылған жоқ. «Халықтың игілігі үшін салына бастаған «Береке» коттеджді қалашығының тұрғындарынан көптеген шағым түсуде. 2018 жылы жоспарланған 620 коттедждің 373-і ғана пайдалануға берілген. Олардың өзінде көптеген кемшілік бар. 204 коттедждің құрылысы аяқталмаған. Инвесторларға берілген 43 жер телімі сол күйінде бос жатыр. Қазір прокуратура коттедждердің сапасы мен бюджет қаржысын жымқыру бойынша тексеру жүргізуде. Заңсыздық анықталған жағдайда жауапты тұлғалар заң алдында жауап беруі тиіс» деп бұған дейін қайтарған қала әкімдігінің желеуі мен антикордың жауабын қайталады. Бүгінде облыс орталығында үйдің кезегіне 14 мыңнан астам адам тіркелген. Қала тұрғындарының наразылығы мен ренішін республикалық бірыңғай «Кезекте» базасын іске қосу тудырды. Былтыр жыл басында Талдықорғанда республикалық бірыңғай «Кезекте» базасы іске қосылды. Мамандардың айтуынша, еліміздің барлық өңірі бұл базаға 2016-2017 жылдары өткен. Тек біздің аймақ қана кезекке тұрудың ескі жүйесін пайдаланған. Яғни, 2022 жылға дейін халық үй кезегінің 19 санатына жатқызылса, жаңа база бойынша адамдар 6 санатқа бөлінген. Соның салдарынан кезек саны бірнеше есеге өсіп шыға келді. Әрине, содан келіп, түсінбеушілік туындады. Ең сорақысы, үйдің кезегінде тұрған 1700 адам одан шығып қалған. Оның себебі анықтауды қажетсінеді. Қасақана істелуі де мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Осыған орай қоғам белсенділері, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталған арнайы комиссия құрылып, үй қорын түгендеп жатыр. Әзірге 2013–2021 жылдар аралығында 1026 пәтер ешқандай құжатсыз берілгені және оларды алғандардың дені мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының мамандары екені белгілі болыпты. Іс жүзінде бұл үйлер мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы аналар, онкологиялық ауруы бар науқастар сияқты халықтың аз қамтылған тобына берілуі керек еді. Осыған орай, қала әкімі мен прокуратура әрбір деректі мұқият тексеруде. Қазірдің өзінде 48 пәтер қайтарылса, 147 пәтерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары тексеруде.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы