Құрылыс қарқыны жақсы, сапасы жоғары
Құрылыс қарқыны жақсы, сапасы жоғары
© tengrinews.kz

Жетісулық құрылысшылар биылғы кәсіби мерекені де толайым табыспен қарсы алды. Соңғы жылдары Алматы облысындағы құрылыс саласы өңір экономикасындағы жетекші әрі дамыған салалардың біріне айналды. Облыста жыл сайын жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандар, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Соған сай өңірдің келбеті өз­ге­руде, барлық жерде халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, жыл сайын мыңдаған отбасы қоныс тойын атап өтуде. Облыс орталығы Талдықорған қаласы соңғы он жылда адам танымастай болып өзгерді. Қаланың әр тарапындағы бос жерлерде сәулетті де дәулетті қалашықтар бой көтерді.

Өңір басшысы Амандық Ба­талов өзі де білікті құрылысшы болғандықтан, құрылыс саласына көп көңіл бөледі. Соңғы бірнеше жылда облыста қалалар мен аудандар бөлінісінде жаңа ша­ғынаудандар, тұрғын үй алаптары, аса маңызды әлеуметтік және экономикалық нысандар тұр­ғы­зылуда. Облыс орталығының өзін­де ғана осы бағытта аса ау­қымды жұмыстар атқарылды. Соң­ғы бес жылда облыс орталы­ғында бұрын-соңды болмаған құрылыс қарқыны байқалды. Олардың арасында студенттерге арналған жатақханалар, заманауи драма театр, көрме орталығы, жүзу бассейні, жаңа шағынау­дандар, көпсалалы аурухана, жас­тарға қызмет көрсету орталығы, музыка мектебі, жалпы орта білім беру мекемелері, сұлу субұрқақтар мен тағы да басқалары бар. Әр нысан өзінің ерекше сәу­летімен айшықталады. Олардың бірі – жүзіп келе жатқан алып балықты көзге елестетін олимпиа­далық типтегі жабық жүзу бассей­ні. Әлемдік стандартқа сай олим­пиадалық бассейн қаланың оң­түстік-батыс тұрғын алабында орна­ласқан. Жоба мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясын­да жүзеге асырылыпты. Жабық бассейннің жалпы ауданы – 13 мың шаршы метр. Әлемдік талап­қа жауап беретін 3 бассейні бар. Ең үлкенінің ұзындығы – 52 метр, ені – 25 метр. Амфитеатр түріндегі мінбелерден 500-ден астам адам спорттық сайыстарды тамашалай алады. Талдықорғанға Алматыдан келетін күрежолдың бойында салынған коттедж қалашығында 2019 жылдан бастап 35 мың шар­шы метрден астам тұрғын үй тұр­ғызылды. Осы жобаны іске асы­рудың арқасында 400-ден астам отбасы көптен күткен баспанаға ие болды. Бірінші кезекте тұрғын үй кілттерін халықтың әлеуметтік осал топтары алды. Болашақта қа­лашықта мектеп, балабақша, аллея­лар, сауда орталықтары салынады. Көпқабатты үйлердің құры­лысы да қарқынды. Облыс орта­лығының оңтүстік-батыс ала­бында 30 үй тұрғызылуда. Олар­дың қатарында көп бөлікті, әртүрлі биіктіктегі кешендер мен әкімшілік ғимараттары бар. – Мемлекеттік бағдарлама­ларды сәтті жүзеге асырудың ар­қасында біздің өңірде экономика нығайып, инфрақұрылым жақ­сарып, қалалар мен ауылдардың өмір сүру деңгейі мен келбетін ба­рынша арттыратын жаңа әлеу­меттік және мәдени нысандар пайда болады, – дейді Талды­қор­ған тұрғыны Бану Ибрагимова. Биыл елорда күніне орай Ал­маты облысында 200 отбасы пәтер кілтін алды. Тек облыс орталы­ғында емес, Қапшағай қаласында, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында да қоныс тойы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Жамбыл ауданында амбу­латория, Іле ауданында мектеп ашылып, Текелі қаласында қона­қүй кешені іске қосылды. Жалпы, Алматы облысы рес­публика бойынша тұрғын үй құ­рылысы көрсеткіштері бойынша көш бастап тұр. Тек өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша облыста 957,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Тұрғын үйге қатысты мем­лекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында 2 396 отбасы баспаналы болды. Егер осы қар­қын сақталса, 2025 жылға дейінгі жоспар бойынша облыста 5,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде «Нұрлы жер» аясын­да 1,1 млн шаршы метр баспана тұрғызылса, коммерциялық ба­ғытта 58 мың пәтерлік көпқабатты үй салу жоспарланған. Бұлардың 5 мыңы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асы­рылады. Ойға алғандар орын­дал­са, төрт жылдан кейін облыс бо­йынша әлеуметтік осал топтар­дағы 3 мың азамат пен 5,5 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспа­намен қамтамасыз етіледі. Өңірде спорт нысандарын іске қосу да ұмыт қалмайды. Барлық аудан-қалаларда үлкен немесе шағын денешынықтыру-сауық­тыру кешендері пайдалануға бе­рілуде. Облыстағы елді мекен­дерде жаңа көшелер бой түзеп, аулалар абаттандырылуда, сая­бақтар мен саяжолдар жабдық­та­лып, көгалдандырылуда, инфра­құрылым барынша нығайтылып, жаңа балабақшалар, мектептер мен ауруханалар салынуда.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы