Қазақстанда топырақты тыңайту ісінде мәселе өзекті. Өткен жұма күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысына жиналғандар осы жайтты ортаға салды.
Вице-министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, елімізде тыңайтқыш қолдану көлемі төмен. Негізгі себептің бірі – агрохимиялық картограммалар жасалмаған. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ол жоқтың қасы. «Сондықтан 2021 жылдан бастап субсидия алу үшін агрохимиялық картограмма (топырақтың өсімдіктер үшін сіңімді қоректік элементтермен қамтамасыз етілу дәрежесін түрлі-түсті көріністе көрсететін карта) болуы қажетін ұмытпаған жөн. Оған тек бір жыл қалды. Топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу жұмыстарын жандандыру қажет», – деді ол.
Жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімінің зиянкестеріне қарсы күреске Үкіметтен қаржы бөлініп тұрғанымен дәрі-дәрмек, тыңайтқыштарды өз уақытында себу ісі дұрыс жүргізілмеуде. Мемлекеттік сатып алу ісінде де заңбұзушылықтар жиі тіркеліп жатады. 2017 жылы қарашада вице-министр Гүлмира Исаева шегірткеге қарсы қажетті препарат көлемі сатып алынбағанын мәлімдеп, жауапты комитет төрағасы қызметінен шеттетілгені есте.
Айта кетейік, 2001 жылы Стокгольм қаласында қабылданған конвенцияға сәйкес, гексахлоран, гептахлор, ДДТ секілді қуатты инсектицидтерді пайдалануға 200-ден астам елде тыйым салынған. Бірақ оған Қытай, Таиланд, Үндістан секілді қол қоймаған мемлекеттер де бар. Ал біздің елге ҚХР-дан ауылшаруашылық өнімдері көптеп келетіні белгілі. Осыдан екі жыл бұрын ШҚО-ның Бесқарағай ауданында Қытайдан пестицидтердің заңсыз әкелініп, 14 754 гектар жерге себілгені үлкен шу тудырған еді.
Жалпы, шегіртке және өзге де зиянкестермен күресудің екі жолы бар. Біріншісі – химиялық жолмен, пестицидтер арқылы, бірақ оның жәндіктен бөлек, адамға да зияны көп. Бұған қоса, зиянкестер белгілі бір препаратқа бейімделіп алуға да қабілетті. Екінші жол – микробиологиялық: зиянкестерге ауру жұқтыратын бактериялар мен саңырауқұлақ спорасын қолдану. Бұл тәсілдің адам ағзасына қаупі жоқ.
Рас, бір жағынан пестицидсіз егістік алқаптардан үлкен өнім алу да күрделі мәселе. Өйткені түрлі зиянкес жәндіктер басып кету қаупі бар. Онсыз ауыл шаруашылығынан мол өнім ала алмайсыз. Екіншіден, қазіргі күні химиялық дәрі-дәрмек, тыңайтқыш – бизнестің көзі. Осыдан да болар, 2010-2014 жылдары ауыл шаруашылығында егістік алқаптарының көлемі өзгермегенімен, оған себілетін улы химикаттар – пестицидтер көлемі 4 есе өскен. Оны сатумен айналысатын жекеменшік компаниялар жарнамасын қатырып, арзан өнімді көбірек өткізуге тырысады. Ал оларды анықтап, ажыратуға фермерлердің арнайы білімі жоқ. Яғни, егістік шаруашылығында агроном маманның тапшылығы да осыдан көрініп тұрғандай.
Өкінішке қарай, топыраққа себіліп жатқан түрлі тыңайтқыш пен пестицидтің зиянын, кері әсерін толық анықтайтын Ресей мен Украинадағыдай токсикологиялық орталық біздің елде жоқ. Жекелеген лабораториялар болғанымен пестицидтер жиынтығын түгел зерттеп, зерделейтін арнайы маманданған қызметкерлер аз. Алқа отырысында осы проблема да айтылды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Сапаров жаңа агрохимиялық зертханалардың құрылысы жоспарланып жатқанын, Қостанай мен Петропавл қалаларында заманға сай автоматтандырылған әрі жабдықталған зертханалар іске қосылғанын жеткізді.
Вице-министр келтірген мәліметке сәйкес бүгінгі күні дәнді дақылдар егісінде тат және септориоз кең таралған. Олардың өршуі егіннің 40 пайыз бөлігінің жоғалып, өсімдіктердің толық жойылуына әкелуі мүмкін. Сол себепті облыс әкімдіктері осы бағытта белсенді ақпараттық жұмыс жүргізуі керек. «Зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес – өзекті мәселелердің бірі. Дер кезінде таралу ошақтарын анықтау және химиялық өңдеулер жүргізу – өнім мен оның сапасының едәуір төмендеуінің алдын алады. Жыл сайын оларға қарсы күреске орасан зор бюджет қаражаты бөлінгенімен, тиімділігі шамалы. Мәселен, укекіренің (горчак) таралу алқабы азаймай келеді», – деді ол.
Алқа отырысында айтылған жаңалықтың бірі – биылдан бастап пестицидтердің барлық түріне субсидия беріледі. Бұл ретте субсидиялау зияндылықтың экономикалық шегін ескере отырып жүзеге асырылады.
Абдолла САПАРОВ, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик:
– Біздің жеріміздің топырағы өзге елдердің топырағына қарағанда нәзіктеу, шөлейтті, деградацияға бейім топырақ. Қазіргі таңда топырақтың деградацияға ұшырауы 76%-ды құрайды. Оның ішінде 180 млн гектар жердің 26%-ы қатты деңгейде, яғни шөп шықпайтын қу тақырға айналған. Жалпы, алғанда жеріміздің топырағының құрамында қарашірінді азайып кетті. Бұл –70% деңгейінде. Енді не істеу керек?
Біріншіден, топырақтың құрамын, құнарлылығын зерттеп барып, нақты бағасын беруіміз қажет. 2003 жылы Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, Ресейде 1 га жерге 15,2 келі, Австралияда – 50,9 келі, Бразилияда – 175 келі, Германияда – 253 келі, Беларусьте 256 келі бөлінген. Ал біздегі орташа өлшем гектарына 5,5 келі айналасында ғана. 1986 жылы Қазақстанда 1 га жерге 29 келі тыңайтқыш себіліпті. Міне, осы көрсеткішке жетпей өнім ала алмаймыз және топырақты да сақтай алмаймыз.
Валерий ӘЖБЕНОВ, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик:
– Вице-министрдің айтып отырғаны рас. Соңғы кезде Қазақстанда жатаған кекіренің (горчак) таралуы қауіпті сипат алды. Жатаған кекіренің масштабты экспансиясы неге байланысты? Себебі күрделі мәселені шешу үшін жүйелі шаралар жоқ. Талдау көрсеткендей, карантинді обьектті бақылау мен өңдеу фитосанитарлық тәуекелге тепе-тең емес. Мысалы, жатаған кекіре ошақтарын басу үшін қазіргі өңдеулер көлемі өте аз, ал гербицидтердің 100% биологиялық тиімділігімен 22-25 жыл керек болады. Салыстыру үшін Ресейде ауылшаруашылық жерлер бізден 7-8 есе көп, бірақ кекіренің таралуына өте көп мән беріледі. Мемлекеттік бюджет есебінен жасалатын карантинді арамшөптерге қарсы гербицидтерді тендерде сатып алу, нәтижеге емес, төмен бағаға бағытталған. Арзан бағалы препараттардың жеткіліксіз тиімділігі арамшөптің өңдеуден кейін сол учаскелерде қайта шығуына және қатты өсуіне әкеледі, нәтижесінде жойылған ошақтар жоқ жерден пайда болады.
Бауыржан БАЗАР