Қазақстанда топырақты тыңайту ісінде мәселе өзекті. Өткен жұма күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысына жиналғандар осы жайтты ортаға салды.
Вице-министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, елімізде тыңайтқыш қолдану көлемі төмен. Негізгі себептің бірі – агрохимиялық картограммалар жасалмаған. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ол жоқтың қасы. «Сондықтан 2021 жылдан бастап субсидия алу үшін агрохимиялық картограмма (топырақтың өсімдіктер үшін сіңімді қоректік элементтермен қамтамасыз етілу дәрежесін түрлі-түсті көріністе көрсететін карта) болуы қажетін ұмытпаған жөн. Оған тек бір жыл қалды. Топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу жұмыстарын жандандыру қажет», – деді ол.Жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімінің зиянкестеріне қарсы күреске Үкіметтен қаржы бөлініп тұрғанымен дәрі-дәрмек, тыңайтқыштарды өз уақытында себу ісі дұрыс жүргізілмеуде. Мемлекеттік сатып алу ісінде де заңбұзушылықтар жиі тіркеліп жатады. 2017 жылы қарашада вице-министр Гүлмира Исаева шегірткеге қарсы қажетті препарат көлемі сатып алынбағанын мәлімдеп, жауапты комитет төрағасы қызметінен шеттетілгені есте. Айта кетейік, 2001 жылы Стокгольм қаласында қабылданған конвенцияға сәйкес, гексахлоран, гептахлор, ДДТ секілді қуатты инсектицидтерді пайдалануға 200-ден астам елде тыйым салынған. Бірақ оған Қытай, Таиланд, Үндістан секілді қол қоймаған мемлекеттер де бар. Ал біздің елге ҚХР-дан ауылшаруашылық өнімдері көптеп келетіні белгілі. Осыдан екі жыл бұрын ШҚО-ның Бесқарағай ауданында Қытайдан пестицидтердің заңсыз әкелініп, 14 754 гектар жерге себілгені үлкен шу тудырған еді. Жалпы, шегіртке және өзге де зиянкестермен күресудің екі жолы бар. Біріншісі – химиялық жолмен, пестицидтер арқылы, бірақ оның жәндіктен бөлек, адамға да зияны көп. Бұған қоса, зиянкестер белгілі бір препаратқа бейімделіп алуға да қабілетті. Екінші жол – микробиологиялық: зиянкестерге ауру жұқтыратын бактериялар мен саңырауқұлақ спорасын қолдану. Бұл тәсілдің адам ағзасына қаупі жоқ. Рас, бір жағынан пестицидсіз егістік алқаптардан үлкен өнім алу да күрделі мәселе. Өйткені түрлі зиянкес жәндіктер басып кету қаупі бар. Онсыз ауыл шаруашылығынан мол өнім ала алмайсыз. Екіншіден, қазіргі күні химиялық дәрі-дәрмек, тыңайтқыш – бизнестің көзі. Осыдан да болар, 2010-2014 жылдары ауыл шаруашылығында егістік алқаптарының көлемі өзгермегенімен, оған себілетін улы химикаттар – пестицидтер көлемі 4 есе өскен. Оны сатумен айналысатын жекеменшік компаниялар жарнамасын қатырып, арзан өнімді көбірек өткізуге тырысады. Ал оларды анықтап, ажыратуға фермерлердің арнайы білімі жоқ. Яғни, егістік шаруашылығында агроном маманның тапшылығы да осыдан көрініп тұрғандай. Өкінішке қарай, топыраққа себіліп жатқан түрлі тыңайтқыш пен пестицидтің зиянын, кері әсерін толық анықтайтын Ресей мен Украинадағыдай токсикологиялық орталық біздің елде жоқ. Жекелеген лабораториялар болғанымен пестицидтер жиынтығын түгел зерттеп, зерделейтін арнайы маманданған қызметкерлер аз. Алқа отырысында осы проблема да айтылды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Сапаров жаңа агрохимиялық зертханалардың құрылысы жоспарланып жатқанын, Қостанай мен Петропавл қалаларында заманға сай автоматтандырылған әрі жабдықталған зертханалар іске қосылғанын жеткізді.
Вице-министр келтірген мәліметке сәйкес бүгінгі күні дәнді дақылдар егісінде тат және септориоз кең таралған. Олардың өршуі егіннің 40 пайыз бөлігінің жоғалып, өсімдіктердің толық жойылуына әкелуі мүмкін. Сол себепті облыс әкімдіктері осы бағытта белсенді ақпараттық жұмыс жүргізуі керек. «Зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес – өзекті мәселелердің бірі. Дер кезінде таралу ошақтарын анықтау және химиялық өңдеулер жүргізу – өнім мен оның сапасының едәуір төмендеуінің алдын алады. Жыл сайын оларға қарсы күреске орасан зор бюджет қаражаты бөлінгенімен, тиімділігі шамалы. Мәселен, укекіренің (горчак) таралу алқабы азаймай келеді», – деді ол.Алқа отырысында айтылған жаңалықтың бірі – биылдан бастап пестицидтердің барлық түріне субсидия беріледі. Бұл ретте субсидиялау зияндылықтың экономикалық шегін ескере отырып жүзеге асырылады.