Былтыр отандық туризм күтпеген жерден өрге өрледі. Ресми статистика бойынша 2022 жылғы 9 айда Қазақстанда 8,2 миллион турист демалып, саяхаттаған. Шетелдік туристер саны бірден 3,6 есеге артты. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш он миллионнан асуы мүмкін. Бір ғана Алматы қаласына өткен жылы 1,5 миллион турист барыпты. Дегенмен мамандар бұған күмәнданады: Ресейдегі мобилизациядан қашқандар да туристке жазылып кеткен. Шынында, саланың ахуалы қандай? Неге туризмге серпін береді деген жобалар ашық күмән мен ащы күлкі ғана тудырып отыр?Турист терісін жамылған мобилизант
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылдың 9 айында (жылдың толық қорытындысы ақпанға қарай шығады) Қазақстанға 3,4 миллион шетелдік турист келді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,6 есе көп. Оның үлкен бөлігі – 1,5 миллионы Алматыға бет алған. Бұған қоса, былтырғы қаңтар-қыркүйек айларында 4,8 млн Қазақстан азаматы өз елімізді турист ретінде аралап, қонақүйлер, туристік базалар мен санаторийлерге орналасып, туған өлке тамашаларын таныпты. Яғни, ішкі туризм 25,1% артты. Жалпы алғанда, Қазақстанда былтырғы 9 айда 8,2 миллион турист тыныққан. Бұл – рекорд. Салыстырсақ, бүкіл 2021 жылы бұл сан 6,9 миллион ғана болған.
Көрші Ресей де өз азаматтарының Қазақстанға саяхаттауға қызығушылығы былтыр күрт артқанын тіркеді. Кеше РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) шекаралық қызметі 2022 жылғы үш тоқсандағы ресейліктердің шетелге сапарлауына қатысты есебін жария етті. Ресей шекара қызметінің мәліметінше, туризмді және басқа мақсаттағы сапарларды қоса алғанда, 2022 жылдың үш тоқсанында 17 млн 445,7 мыңнан астам РФ азаматы шетелге шыққан: алдыңғы жылғыдан 52,5% артты. Ресейліктер таңдауына ие болған бағыттар арасында үш ел көшбасшы атанды. Бұлар: Абхазия (4,4 млн сапар), Түркия (3,5 млн) және Қазақстан. Біздің елімізге 2 млн 22,7 мың ресейлік кірген (жыл қорытындысында 4 миллионға жуықтайды деп күтілуде). Арасында релоканттар, соғысқа барудан қашқан мобилизанттар, банктік карта ашуға келгендер, шын саяхатшылар да бар.
Ресей туроператорларының қауымдастығы (АТОР) Қазақстанға ағылған миллиондаған ресейлікті турист ретінде танудан бас тартты.
«Тартымды болған «ТОП-10» ел арасында нағыз туризмге тек 5 елдің ғана қатысы бар: бұлар – ішінара ғана Абхазия, ары қарай Түркия, БАӘ, Мысыр және ішінара Армения. Неге бұл тізімде іргедегі Қазақстан жоқ? Себебі 2022 жылы елден уақытша қоныс аударған РФ азаматтарының үлкен 2 толқыны Қазақстанға бағыт алды. Қазақстанға кірген ресейліктің көбі транзиттік жолаушылар болды. Тиісінше, шынайы туристердің үлесін бөліп алу қиын. Тек тұспалдап, бағалау деректерін түзуге болады. Бірақ оның құрамында көші-қон құрауышының үлесі зор болғандықтан, ол бағалаулар өмір шындығынан алыс жатуы мүмкін. Қауымдастықтың талдау қызметінің бағалауынша, Қазақстанға енген ресейліктердің 10-25% ғана классикалық үлгідегі турист», – деп түсіндірді Ресей туроператорлары қауымдастығының сарапшылары.
Яғни, қалғаны транзиттік жолаушылар мен босқындар болды. Соңғылардың үлкен бөлігі елде қалып, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсірді: ресейлік мигранттарды емханаларымызда тіркеп, тегін медициналық көмек көрсету үшін Үкіметке нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуге тура келді. Қоныстанушыларға инфляция, қымбатшылық ере келді, тұрғын үй қолжетімсіз бола түсті. Әрі олар бүгінде жұмыс іздеп, жергілікті кадрларды ығыстырып, жұмыспен қамту саласына салмағын салып жатыр. Мұны, әрине турист деу әбестік.
Біздің шенеуніктер болса, солтүстік көршіден келгеннің бәрінен туристі көруге құштар. Ресми мәліметке сәйкес, елге бөлгенде, Ресей туристерінің саны басым: елдегі барлық туристің 45%-ы – ресейліктер. Екінші орында Өзбекстан, өзбек туристерінің үлесі – 15,39%. Үштікті Түркия тұйықтайды: бұл елден келген саяхатшылардың үлесі – 10,4%. Тағы бір дерек: Қазақстанға келген барлық туристің 85,6%-ы – ерлер.
Туризмге не тосқауыл?
Егер құнттаса, қалауын тапса, туризм қазақ елін, соның ішінде мұнайға тәуелді өңірлерімізді де тығырықтан шығарып, өркендеу өріне бастай алар еді. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, туризмнің жүйелі дамып, оның экономикалық оң әсерін күткелі біраз жылдың жүзі болды. Алайда Қазақстандағы туризмнің тұрақты дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтар таусылар емес. Мысалы, турист болса, туристік маршрут жоқ, маршрут бар жерде – қонақ күтетін инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым табылса, тартымды туристік өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы, бұл салада жүйелі жұмыс жоқ. Әлемде пандемия аяқталып қалды, туризм буырқана дами бастады, туристік ағын тасқындады. Қазақстан осы мезетті қайтадан жіберіп алып, қолын мезгілінен кеш сермейін деп тұрған сияқты.
«Көлік жүйесінің реттелмеуі салдарынан өңірлерде барлық табиғи сұлулығына жету оңай емес. Әсіресе, әуежолдарымен саяхаттауға қатысты ең көп шағым түсуде. Қалаларымыз арасында ұшақтардың ұшу жиілігінің аздығы, реттеуге көнбейтін, қалай қалыптасатыны түсініксіз билет бағасы, қызмет көрсету сапасы, рейстердің негізсіз кешігуі сияқты мәселе көп. Әуекомпанияларымен турпакеттер бойынша келіссөздер жүргізудің мүмкін емесіне турагенттіктер жиі шағымданады. Теміржолдың жыры тағы бар. Ұлттық компанияның туризм бағыттарын дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты. Бұл монополист компания жүк тасымалдауға басымдық береді. Ал халық қолданатын вагондардың сапасы нашар», – деді экс-депутат Елнұр Бейсенбаев.
Туризмді тұралатып тұрған сүбелі бір проблема – автокөлік жолдары жағдайының сын көтермейтіні. Шетелдік туристер әлеуметтік желіде қазақстандық туризмнің көрнекті нысанына жеткенше жолдың әбден теперішін тартып, жолсоққы болып, бүкіл ішкі құрылысы «аузынан шыға» жаздағанына шағымданады. Тіпті, Мемлекет басшысының өзі бұл проблеманы шешетін уақыт жетті деп Үкіметті үнемі сүйрелеп жүр. Бір ғана мысал: елімізде 166 бағыт бойынша ең кемі 4 мың шақырымнан асатын автомобиль жолы жөндеу мен реконструкциялауға зәру.
Келесі түйткіл – қолданыстағы қолдау тетіктеріне қатысты. Үкімет қанша жыл дәріптеп, ішкі туризмді дамытатын ғаламат жоба ретінде Kids go free бағдарламасын іске қосты. Қажетті көлемде қаражат бөлінді. Дегенмен бұл тетікті бюрократиялық шырмаулар шырмап тастапты. 2022 жылдың он айы қорытындысында небәрі 1 200 бала ғана турист ретінде әуесапарларын тегін пайдалана алған. Неге бұл жоба жарға жығылды? Өйткені балалардың ұшу билетінің құнын бюджеттен өтеу күрделендірілген. «Бала тегін ұшады» деген көзбояу сөз ғана. Оның ар жағында бюрократияның ну орманы тұр: алдымен бала үшін билет құны төленуі тиіс, соңынан егер шынымен турист екені дәлелденсе ғана ол қаржы біраз уақыт өткен соң қайтарылуы мүмкін. Дәлелдеу де оңай емес. Күту де ұзақ. Содан турфирмалар Kids go free құрысын деп оған қолын бір сілтейді, туристерден баласы үшін толық құнды өтеуді талап етеді, бағдарламаға жұмыс істемейді.
Kids go free арғы тағдыры анықталады
Мәдениет және спорт министрлігі туризмді дамыту үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатқанын алға тартты. Біртіндеп әуеқатынасы қалпына келтіріліп жатыр. Бүгінде елімізден 30 шақты елге жүзден аса бағытта рейстер орындалады. Бұл жұмыс жалғасуда. Қазақстан біржақты түрде Оpen air қағидатын қабылдады, бірақ шетелдік авиакомпаниялар республикаға ұшуға қызықпады. Оларды тарту үшін келіссөз жүргізу, отандық әуежайлардың қымбат қызмет көрсету құнын, авиакеросин бағасын түсіру керек. 78 елмен арада визасыз режим қалпына келтірілді. Алда ондай елдердің санын 100-ге жеткізу мәселесі пысықталуда.
Қазақстан «оқиғалық туризмді» дамытуға оралмақ. Кезінде осы мақсатта EXPO көрмесі, студенттік универсиада, қысқы Азиада, түрлі саммит өткені белгілі. Ал пандемия басталғалы имидждік жобаларға тоқтау салынды. Әйтсе де, ведомство оқиғалық туризмнің пайдасы зор деген байламға келіп отыр. Мысалы, 2022 жылы Астанада Ironman триатлон жарысы өткізілді. Ресми мәліметке жүгінсек, іс-шараға 40 елден 2 мыңдай қатысушы жиылыпты. Министрлік сарапшыларының есептеуінше, бұл Астананың экономикасына шамамен 1 миллиард теңге құйған: бұл жерде қонақтар қонақүйде тұрады, тамақ ішеді, көңіл көтереді, кәдесый сатып алады деп бағаланған. Алматыдағы Димаш Құдайбергеннің концертіне әлемдегі 68 мемлекеттен қонақ келіп, тамашалапты. Бәлкім, онда Димаштың концертін қоюға көбірек мән берген жөн шығар?
Ал Kids go free бағдарламасына өзгерістер енгізілетінге ұқсайды. Министрлік былтырғы жоспар 12 мың болғанын ескертті. Бірақ жыл қорытындысында өтініш саны небәрі 2 мыңнан ғана асқан.
Ведомство аталған бағдарлама аясында қазақстандықтар турфирмалар арқылы еліміз бойынша саяхаттаса ғана олардың балаларының ұшу билеті субсидияланатынын еске салды. Ата-аналардың көбі өңірлерімізде өз бетінше қыдырғанды қалайды екен. Салдарынан олар бағдарлама игілігін көре алмайды. Турфирмаға, яғни делдалға тәуелді етіп қою қоғамда қатты сыналуда. Тағы бір кілтипаны: бағдарлама аясында билет құнының 15 мың теңгесі субсидияланады. Ал бүгінде ұшақ билеттерінің орташа құны 50 мың теңгеден асады. Егер құн көтерілсе, бағдарламаға серпін берілер еді. Өйткені қызығушылық зор. Жоба өмірге жолдама алған 2022 жылғы наурызда небәрі 6 өтініш өңделсе, жыл соңында өтініш саны
2 мыңға жетті. Бастапқыда қаражат бөлу үшін өтініш құжаттары 2 апта қаралса, қазір бұл мерзім 4 күнге дейін кеміпті.
Министрлік Kids go free аясында жаңа шаралар топтамасын пысықтап жатыр. Оның бірі – кешбэк: ел ішіндегі саяхаттау үшін тур сатып алса, белгілі бір уақыттан соң ақшаның бір бөлігі картасына қайтарылады. Сонымен бірге жазғы демалыс науқаны шырқау шегіне жеткен кезде танымал бағыттар үшін ақша қайтару доғарылуы мүмкін. Жұрт онсыз да барады. Сарапшылар министрлікке бұл тетікпен Ұлытау, Абай облысындағы Жидебай-Бөрілі сияқты жаңа туристік бағыттарды ынталандыруға кеңес беріпті. Қалай болғанда, Kids go free және басқа да туризмді дамыту тетіктеріне реформа жүргізілмек. Оның қайсысы жойылып, қайсысы қалып, жетілдірілетінін жаңа Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың командасы айқындайтын болады. Бір анығы сол, қазақ елі бағын ашса, елді байлыққа батыра алатын туристік игілікке толы. Тек оны ұқыпты, ұтымды пайдаланып, ұқсата білетін Үкімет керек.