Коронавирус пандемиясынан кейін әлем медицинасында басталған дағдарыстың бітер сыңайы байқалмайды. Себебі бұл дағдарысқа экономикалық ахуалдар да кесірін тигізуде. Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы өткір мәселе күйінде, бірақ мұндай жағдай дамыған елдердің өзін айналып өтпеген екен. Енді бұл мәселе жер жүзіндегі «кадрлардың қозғалысына» әкеліп соқтыруы мүмкін. Яғни, дамыған елдер дамушы мемлекеттердің кадрын «тонауға» жақын. Үш алпауытты алаңдатқан жайт Дүниежүзі дамушы елдердің ахуалына бас қатырып жүргенде, дамыған елдердің өзі әр салада қиындықтарға ұшырай бастады. Британия, Қытай, Германияда дәрігерлер тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шықты. Мәселе болғанда да көп проблемадай емес, тым күрделі. Біріншісі – Қытай. Бұл елде қазір коронавирус өршіп тұрғанынан хабардармыз. Оннан астам ел Бейжіңнен келетін ковид статистикасында ашықтықтың жоқ екенін мәлімдеп, Қытайдан келушілерге міндетті тестілеу енгізді. Олардың қатарында Аустралия, Италия, Франция және Испания, Оңтүстік Корея, Жапония бар. Қытайлықтардан ПТР теріс нәтижелері немесе вакцинация туралы анықтама талап етіледі. Осы жайт Бейжіңнің ашуын тудырды. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин аталған шараларды «кемсітушілік» санады. Желтоқсан айында үш жылға созылған «нөлдік ковид» саясатындағы қатаң шектеулер жойылды. Вирусқа табиғи иммунитет қалыптаспаған соң елдің 1,4 миллиард тұрғыны бірден қайта ауырған. Жергілікті БАҚ Шанхай халқының 70 пайызы вирус жұқтырғанын, ауруханаға түскендердің көпшілігі 65-тен асқан адамдар екенін жарыса жазды. Ал Bloomberg-тің хабарлауынша, Бейжің мен Шанхайда, қайтыс болған туысын кремациялауға қаңтардың ортасынан ғана тапсырыс беруге болады. Себебі кезекте тұрғандардың қарасы тым көп. Екіншісі – Ұлыбритания. Мұнда дәрігер жоқтың қасы. Яғни, дәрігерлер жетіспейді. Осы елдегі Медициналық көмек колледжінің президенті Адриан Бойль жедел жәрдемнің кешігуіне байланысты апта сайын 300-ден 500-ге дейін адам қайтыс болып жатқанын жария еткен. Ал дәрігерлер жалақы аз болған соң тұрақтамайды. Ең шошырлығы, қазір 130 мыңға жуық вакансия бос тұр, жұмысқа орналасуға ешкімнің құлқы жоқ. Желтоқсан айында медбикелер мен дәрігерлер елдің бірнеше қаласында бұрын-соңды болмаған шеру өткізген. 15, 20 желтоқсанда Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландия көшелеріне 100 мыңға жуық ақ халатты шығып, айлықты 19 пайызға өсіруді талап етті. Үкімет бұл мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылдамаған. Англияның ұлттық денсаулық сақтау қызметінің стратегия директоры Крис Хопсонның мәліметі бойынша, COVID пациенттерінің саны бірнеше апта бұрынғы 4 500 науқастан 9 500-ге дейін өсіпті. Оның үстіне, ұлттық денсаулық сақтау қызметінің 9 500 қызметкері COVID жұқтыру себебі бойынша жұмысқа шықпай қалған. Былтыр қарашада Ұлыбританияда инфляция деңгейі 11 пайызға жетті. Кейінгі 41 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Үшіншісі – Германия. Мұнда дәрігермен қоса дәрі де тапшы. Коронавирус пандемиясының үш жылында Германияда денсаулық сақтау саласы әлсіреді. Федералды дәрігерлер палатасының вице-президенті Эллен Лундерсхаузеннің пайымы – осы. Дәрігер пандемия кезінде де науқастардың 90 пайызына тек амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілгенін айтады. Ауруханаларда орын жетіспеген. Қазір елде басталған тұмау толқынының өзінде науқастарды емдейтін дәрігерлер жетпей жатыр. Ал Федерация қауымдастығы кейбір препараттарды жеткізуде соңғы 4 айда айтарлықтай қиындықтар туындағанын айтады. Қазір ел бойынша антибиотиктер, қызуды басатын, ауруды жеңілдететін асқазанға арналған дәрілер жетіспейді. Басты себеп – дәрінің көбі өндіруші компанияларда жоқ, бұған шикізат тапшылығы себеп болуы мүмкін. Енді фармацевтер ұйымы ішкі өнімді арттырып, кейбір компанияларға қойылған шектеулерді алып тастау керегін алға тартуда. Енді бұл мәселе дамушы елдерді, соның ішінде, әсіресе посткеңестік мемлекеттердің мамандарын бейжай қалдырмауы мүмкін. Залалы өзгелерге де тимек. Қалай? Кадрлардан құт қашпай ма? Қазақстан медицинасының жағдайы біраздан бері белгілі. Пандемия кезінде шарасыздығы байқалған сала одан бері біраз оңалғандай еді. Мемлекет дәрігерлерге қолайлы жағдай жасау үшін жобаларды қолға алуда. Дегенмен бізде де ауыл түгілі қаланың өзінде дәрігер жетіспейді. Осы күні елімізге 14 678 медицина кадры жетіспейді. Бұл аздай, ақ халаттылардың 30 пайызы зейнетке шығудың алдында тұр. Біз неден секем алдық? Қараңыз, соңғы 3 жылда елімізден 3,5 мың медицина қызметкері шетелге көшті. Осы үрдіспен жыл сайын мыңдаған дәрігерден айырыламыз. Мамандар эмиграциясы бойынша Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары алда тұр. Бұл тұста «ауылға барғандарға миллиондап ақша беріледі» дейтін біржолғы ынталандыру шарасы арқылы мамандарды елде тұрақтатуды ойлау жөнсіз сияқты. Біліктілігін арттыра алмағаны саласын ауыстырып, білімі жеткендер жоғары жалақы үшін шекара асып кететіні анық. Салаға жауапты министрлік жыл сайын жалақыны 20-30 пайыз межесінде көтеруде. Құптарлық қадам, бірақ бұған дәрігерлердің көңілі тола ма? Олар айлықты әлі мардымсыз есептейтін сыңайлы. Бұған қоса, әлеуметтік көмек жалпы медицина мамандарының бәріне емес, тек оқуын енді аяқтаған жас мамандарға беріледі. Сондықтан тапшылық азаймайтындай. Жаңа жоғарыда айтқан үш елде медицина мамандарының айлығы жақсы деңгейде. Германия орта есеппен дәрігерлерге 3 500 еуро, Ұлыбритания 2 200 еуродан 6 мың еуроға дейін, Қытай 850 доллар шамасында төлейді. Бұл сандарға қызыққан біздегі мамандар шекара аспасына кепіл жоқ. Бірінші санаттағы хирург-дәрігер Қайрат Катреновтың айтуынша, елдегі маман тапшылығы таяу арада шешілмейді. – Салада тапшылықтың жойылмауына әсер етіп отырған бірнеше фактор бар. Мәселен, маманның жұмысына сай жалақы алмауы. Қазіргі қымбатшылық дәрігерлердің де әлеуметтік көңіл күйіне әсер етеді. Екіншіден, қосымша жүктеменің көптігі. Қағазбастылық әлі бар, өзінің жұмысынан бөлек әр тоқсан сайын, 6 айлық, 9 айлық есептерді тапсырып отырады. Оның бәрі қажытпай қоймасы белгілі. Үшіншіден, бақылаушы органдардың көптігі. Сайып келгенде, мұның бәрі жас дәрігерлердің салада жетістікке жетуге деген ынтасын жояды, – дейді ол. Қазақстан жыл сайын 1 500 медицина маманын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөледі. Оқуын аяқтаған түлектерді өңірлерге бөлу жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Әйткенмен, көңілі қаламаған кей мамандарды тұсап ұстап отыра алмасымыз тағы бар. Әрине, біз бұл тұста мемлекетті кінәлаудан аулақпыз. Қолдан келгенше қаржыны молайтып, экономиканың жағдайына қарай мүмкіндік қарастыруда. Алайда дамыған елдер ертеңгі күні өзге елдердің мамандарына көз сала ма деп қауіптенеміз.