Ынтымақты және базалық зейнетақы индексацияланады – Смайылов
Ынтымақты және базалық зейнетақы индексацияланады – Смайылов
Фото: yandex.kz
396
оқылды
Алдағы уақытта ынтымақты және базалық зейнетақы индексацияланады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлеуметтік-еңбек саласы – Үкіметтің жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Қазір бүкіл әлемде осы саланы реформалау мәселесі маңызды болып тұр. Ол атаулы әлеуметтік қолдауды күшейтуге, оның түрлері мен қызмет көрсету формаларын кеңейтуге бағытталады. Сонымен бірге азаматтарды әлеуметтік көмек алудың мүмкіндігі туралы проактивті түрде хабардар ете отырып, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету механизмдері енгізілуде. Ал еңбек нарығында жұмысты барынша беріліп істейтін әрі шығармашылыққа бейім, «икемді» дағдыларға сұраныс артып келеді», деді Үкімет басшысы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Әлихан Смайылов осыған байланысты 2023 жылы Еңбек министрлігінің алдында бірқатар маңызды міндет тұрғанына назар аудартты.
«Ең алдымен, Мемлекет басшысының Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, сайлауалды бағдарламасында айтылған тапсырмаларды іске асыруға күш жұмылдыру керек. Азаматтардың барлық санаттарын туғаннан бастап қартайған шағына дейінгі әлеуметтік қорғау, сондай-ақ халықты нәтижелі жұмыспен қамту – біздің ортақ міндетіміз. Өткен жылы бұл бағытта Мемлекет басшысы қойған бірқатар міндет  іске асырылды. Зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік көмек уақытылы төленіп келеді», деді ол.
Премьер-Министрдің дерегінше, халықты әлеуметтік қорғауға жұмсалған шығыстар 4,4 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің 24 пайызын құрайды.
«2022 жылы ынтымақты және базалық зейнетақы мөлшері 2 рет индексацияланды. Бұл жұмыс ары қарай да жалғасады, базалық және ынтымақты зейнетақы алдағы уақытта тағы да бірнеше рет индексацияланады деп жоспарлап отырмыз. Аз қамтылған 724 мың азаматқа атаулы әлеуметтік көмек берілді», деді Әлихан Смайылов.