Хакім Абай туралы осы жылдың 9 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақала жазғаны жұртшылыққа мәлім және басылым беттерінде қызу талқылануда.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы
Мемлекет басшысы былай деді: «Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екені жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді». Ол қандай көкейкесті мәселелер?!
Бірінші мәселе. «Жаңғыру өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген емес». Бұл – сабақтастық мәселесі. Өткен мен жаңаның арасы ешқашан үзілмеуі керек. Өткенсіз жаңа заманның құндылықтарын анықтай алмаймыз. Жаңа заман өткеннің жалғасы, бірақ біздің қоғамдық, әлеуметтік, саяси және рухани өмірімізде өткен мен жаңаның арасында үзіліс болды. Сондықтан бүгінде жаңғыру мәселесін күн тәртібіне қоюдамыз. Осы істе хакім Абай мұрасын айналып өту мүмкін емес. Кешегі күні ақын, ойшыл не айтты, оның бүгінгі ХХІ ғасырдағы салмағы қандай? Замандар ауысқанымен, өзгермейтін құндылық бар, ол – адам, оның қабілеті мен қасиеті. Мәселе адамның қабілетіне және қасиетіне өріс беріп, оларға жол ашу. Ол үшін өнегелі сөздерді Абайдың өзінен табамыз. Ол «Ғылым таппай мақтанба» дейді. Керемет ой. Ғылымы бар ел мықты. Ол елдің болашаққа деген нық сенімі болады. Ғылымсыз бос мақтану өнер ме?! Тәуелсіздік жылдары қазақ ғылымы өркендей алмады, оның себептерін көбіміз білеміз, бірақ сол білген себептерді ашық айтып, мәселе етіп қоя алмадық. Жасқаншақтық, жағымпаздық қылықтарымыздың арқасында ғылымдағы жетістіктерімізден мүлдем ажырап қалу қаупі орнығуда. Білім мен ғылымы әлсіреген қоғамның қуаты да әлсіз. Сондықтан рухани жаңғыру – аса қажетті іс. Тәуелсіздік – рух еркіндігі. Сол еркіндікке өткен жылдары ерік бере алмағанымыз бүгінде анықталуда. Абай пайда ойлама, ар ойла десе де, біз пайда ойлап кеттік. Мемлекет басшысы ендігі жерде тек пайда емес, арды ойлауға шақыруда. Президент мақаласында бұл тұжырым «Бұрынғыдан қазір зор маңызға ие болып отыр». Келісу керек және бұл Абай сабағы деген тұжырымға келгеніміз жөн.
Екінші мәселе. Президент қазір «Қазақстанда саяси жаңғыру үрдісі жүріп жатыр» деген. Саяси үрдіс ешқашан тоқталмайды. Себебі Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі, халықаралық көптеген ұйымдарға тікелей қатысты. Сондықтан әлемдегі саяси үрдіс бізді айналып өтпейді. Әрине, бұл мәселеде популизмге салыну да қауіпті.
Еліміздегі бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы қандай деген ауыр сауалдар барын жасыра алмаймыз. Бұл әлемде бар құбылыстар, алайда әрбір мемлекет өзінің қауқарына байланысты олардың шешімін іздеуде.
Бай мен кедейдің арасы тым алшақтап кетті. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Жуық арада бұл жағдай реттелмесе қауіпті. Кедейленген елде, тарихтан белгілі, неше түрлі мінез-құлықты топтар саңырауқұлақтай өсіп шыға келеді. Дер кезінде ондай көріністі саяси және қоғамдық тұрғыда реттеп ала алмасақ, олардың зардабы аса ауыр болмақ.
Президент қала мен ауылдың арасы туралы да мәселе көтерген. Бұл сонау социализм заманынан шешімін таппай келе жатқан жағдай. Қазіргі урбанизациялық үрдіс біркелкі емес. Мегаполис деп аталған қалалардың өзінше өмір сүру тәртібі де шешілмеген мәселе. Ауылдық тұрмыс қалалық жағдайға жақындау мәселесін шешуде Үкімет шабан қимылдауда. Соның нәтижесінде ауыл халқының білімдігі және білімсіздігі деген жағдай аңғарылуда.
Үшінші мәселе. Президент хакім Абайдың «ақыл қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген ой-тұжырымын талқылауға ұсынған. Мұны «қазақ халқының өмірлік философиясы» деп атаған. Рас. Қайрат, ақыл кімде жоқ?! Ақыл – Жаратушының нұры. Ақылсыз өркениет, ғылым, дін жоқ. «Бірақ ақыл мен қайратты қатар ұстағанмен, олар жүрекке бағынуы керек» дейді Президент. Жүрек деген мейірімділік. Мейірімсіз қайрат, мейірімсіз ақыл қайда бастамақ?! Әсіресе, нарық кезінде, ар ойламай пайда ойлап кеткенде, қайрат пен ақылды жүрек арқылы өлшесек, құба-құп.
Жүрек деген субстанция, оның көріну түрі – өнер, әдебиет. Қазіргі тілге салсақ, инновациялық өнер, инновациялық әдебиет. Ол деген не?! Заманына сай өнердің болуы, өнердің өмірдегі шешуші күшке айналуы. Бұл Президентіміз айтқан «қазақ халқының өмірлік пәлсапасы». Абай өнер адамы болған. Ол ең алдымен ақын, оның ақындығында ойшылдық дәстүр бар. Ол дәстүр сонау Фирдоуси заманынан басталған өнердің жалғасы.
Төртінші мәселе. Президент «Абай әлемдік деңгейдегі кемеңгер» дейді. Тамаша тұжырым. Шынында, Абай сондай тұлға. Бірақ біз Абайды әлемге әлі таныта алмай келеміз. Оның табиғи себептері де бар. Алдымен айтарымыз, Абай сияқты ұлт ақынын өзге тілге аудару қиынның қиыны. Орыс халқы Александр Пушкинді Еуропа тілдеріне аударумен әлі де шұғылданып, нәтижелі істерге жете алмауда. Бұл түсінікті жағдай. Алайда қиыншылықтарға қарамастан Абайды әлем халықтарының тілдеріне аудару үрдісін жалғастыра беруіміз қажет. Себебі Президентіміз айтқандай, ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлаған ғұлама. Абайдың қара сөздерін өзге тілдерге аударуға, оның поэзиясына қарағанда мүмкін болатын шаруа.
Бесінші мәселе. «Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді» дейді Президент. Әрине, қазақ барда халқымыздың рухани құндылықтары елімізбен бірге жасай беруі табиғи жағдай. Абай – қазақ халқының рухани әлемінің темірқазығы. Абайды туған халқына кеңестік заманда қауыштырған жазушы Мұхтар Әуезовтің кемеңгерлігі. Абай арманы – қазақ халқының болашағы.
Алтыншы мәселе. Хакім Абайдың мерейтойы ауқымында Семей қаласына ерекше көңіл бөлінуде. Семей Президенттің Жарлығымен тарихи орталыққа айналды. Семей өңірінде өтіп жататын мерейтойлар үрдісі ешқашан тоқталмақ емес. Биыл – Абайдың 175 жылдығы. 2020 жылы – Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы. 2023 жылы – данышпан Шәкәрімнің 165 жылдығы. Сөйтіп, мерейтойлар бұл аймақта 5 жыл сайын қайталана береді. Олай болса, Семей өңірі – киелі өлке. Соған сай Үкімет тиісті шаралар жүргізуі керек. Соның бірі Семей қаласынан Жидебайға дейін төрт жолақты жол салып, оны «Абай даңғылы» деп атап, оны абаттандырса, туризмге де жасалған қажетті шара болар еді. Бұлай деуге негіз бар. Осы 180 шақырым жол бойында үш ғұлама дүниеге келген. Олар: Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов. Той тойланып кетеді, тойдан не қалады дегенде, осындай заманауи жол болса, ол халықтың игілігіне қызмет етері анық.
Жетінші мәселе. Президент «Абай сыны – ауыр сын» деді мақаласында. Ойшылдың көзі тірісінде айтылған сыны бүгінде түзелді ме?! Ел бірлігі, ынтымағы қалай? Кедейлер мен байлардың арақатынасы қандай? Хакім айтқан бес дұшпанымыз, бес асыл іс қалай іске асуда? Жоқ, әлде өтірік пен өсекті жүндей сабалаудамыз ба? Өзімізді-өзіміз алдауды әдетке айналдырып алдық па? Орынсыз жерде көрінуге тырысып, бос мақтан қуып кеттік пе? Кісілік, адамшылық деген қандай өрісте? Ұрпақтардың арасындағы сабақтастық қандай? Тіліміз бен дініміздің жағдайы қандай? Тағысын тағылар. Өкінішке қарай, сұрақ көп, жауап аз.
Сегізінші мәселе. Президент «Біз Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей алдық па?» дейді. Ауыр сауал. Еліміз ілгері кеткен отыз елдің қатарына енуіміз қажет деген ұран көтерілгені қашан. Бізге нақтылық керек. Отыз елдің қатары дегенде нені мақсат етіп отырмыз? Білім, ғылым, технология саласы ма, жоқ, әлде рухани сана ма?
Менің ойымша, ілгері кеткен отыз елден біз негізінен технологиялық жағынан артта қалдық. Ол – бір.
Екіншіден, тәртіп, құқық жағынан жетілдірмедік.
Үшіншіден, елді саяси басқару жағынан кенжелеудеміз.
Төртіншіден, мемлекеттік немесе қоғамдық институттардың болмауы... Рухани жағынан бізден ілгері кеткен отыз елден кенже қалдық деп айта алмаймын. Біз алтын сандықтың үстінде отырған халықпыз. Оған дәлел, биыл тойланғалы отырған ғұлама әл-Фарабидің 1150 жылдығы. Ол оныншы ғасырда өмір сүрген ғұлама. Сол заманда біз өмір сүрген өңірде әлемдік деңгейде ойлау мәдениеті болған. Оны биік шыңға көтерген Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, одан кейін Қожа Ахмет Ясауи және Жүсіп Баласағұн, тағысын тағылар.
Сөз болып отырған хакім Абай мерейтойы – рухани қазынамыздың асылдығының куәсі, демек, жоғымызды жоқ, барымызды бар деп саралап сөйлегеніміз абзал.
Тоғызыншы мәселе. «Абай мұрасы біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» дейді Мемлекет басшысы. Тамаша тұжырым. Лайым солай болғай. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Абай мұрасы – елдігіміздің кепілі. Осы істің басында Президенттің тұрғаны бізге үміт шамын жақтырды. Ұзағынан болсын!
Оныншы мәселе. 2020 жылы жаңа кезең басталды. Әрбір азаматқа жүк түсетін жыл. Ендігі жерде сапасыз қызмет, сапасыз білім, сапасыз ғылым дегендер қар суындай еріп, жойылуы қажет. Жапондықтарда кәсіпкерлерге лайықталған Кайдзен деген философия бар. Бұл философия мағынасы адамдардың қызмет ететін орындары тап-таза және ұқыпты жабдықталған, жинақталған болуы қажет. Алайда одан да маңыздысы қызметкердің санасы таза болуы керек. Бізде санамызды ауық-ауық «тарап» отырғанымыз аса қажет.
Ұлттық код жиі айтылатын сөз. Ол не? Меніңше, ұлттық код – ұлттық тіл. Бар болмысымыз тілде. Тіл – код арқылы алтын сандық дәстүрімізді ашамыз. Ішіндегі қазыналарымызды пайдаланамыз.
Бір халықты екінші халықтан ажыратып тұратын қасиет – дәстүр. Дәстүр – ұлт субстанциясы. Сондықтан дәстүріміздің ұлттық коды мемлекеттік тіліміз баршама қазақстандықтарға ортақ қарым-қатынас құралы болу табиғи жағдай. Бұл – ел бірлігінің кепілі. Тек осындай жағдайда ұлт болып бірлесу баға жетпес құндылық болмақ.