Мектеп асханаларында тамақ қымбаттай ма?
Мектеп асханаларында тамақ қымбаттай ма?
401
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында мектеп асханаларында қызмет көрсететін кәсіпкерлер күтпеген жерден ыстық тамақ бағасын көтереміз деп өре түрегелді. Бұл ата-аналар мен қоғам белсенділерінің наразылығын туғызып отыр. Өйткені жуырда ғана тамақ бағасы бірден 33 пайызға қымбаттаған болатын. Кәсіпкерлер соңғы кезде азық-түлік бағасы шарықтап кеткенін, инфляция деңгейі 20,6 пайызды құрағанын алға тартады. Олардың айтуынша, кейбір азық-түлік 40-55 пайызға қымбаттаған.
– «Былтырғы бағалар биыл экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі шығынды. Бұлайша біз сапалы қызмет көрсете алмаймыз. Біз ас мәзірінің калькуляциясын жасадық. Ол бойынша кешенді түскі астың орташа бағасы 614 теңге болып шықты. Бірақ жұртты дүрліктірмеу үшін бағаны екі кезеңде көтереміз: 9 қаңтардан бастап – 550 теңге, 1 қыркүйектен – 600 теңге», – дейді олар.
Өз әрекетін олар «Кәсіпкерлік кодексінің» 26-бабымен түсіндіреді. Оған сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері өз тауарлары мен қызметтеріне бағаны өз еркінше белгілей алады.  width= Алайда жұртшылық олармен келіспек емес. Депутаттар да, білім саласының басшылары да кәсіпкерлерді қолдап отырған жоқ. Бұл туралы олар бүгін Петропавл қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында мәлімдеді. Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышеваның айтуынша, тұрақтандыру қоры өкілдерімен қала мектептерін азық-түлікпен қамту туралы келіссөз жүргізілген.
– «Кәсіпкерлерге тұрақтандыру қорымен бірлесіп жұмыс істеу ұсынылды. Бірақ олар мамырдың соңына дейін бағаны 500 теңгеден асырмайды», – деді Динара Болатовна.
Белгілі болғанындай, кәсіпкерлер бұған дейін қалалық білім бөлімімен сындарлы диалог жүргізбеген. 9 қаңтар күні білім бөліміне де, мектептердің әкімшілігіне де хат жазып, бағаны қымбаттататынын ескерткен. Заң бойынша олар бір ай бұрын хабарлама беруі тиіс. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова да басқарма тарапынан кәсіпкерлердің бастамасы қолдау тауып отырмағанын жеткізді. Мәселенің мәнісі – мектеп асханаларының бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтіндігінде. Депутаттар прокуратураға кәсіпкерлердің арасында бағаға қатысты ымыраласу болған-болмағанын тексеру туралы ұсыныс жасады. Бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық аспен қамтамасыз етуге қатысты «бұл мақсатқа біздің облысқа 2 млрд теңге қаржы қажет» дегеннен басқа ештеңе айтылмады.

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы