Қаза мен жаза

Қаза мен жаза

Қазақстанда алғаш рет ауыр жаза қолданылды. Иә, айта кету керек, қанды оқиға 2019 жылдың 13 қаңта­рында болған еді. Жақында сот үкімімен қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтірген үш адам өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді. Бірнеше жыл бойы брако­ньерлерге қарсы заңды күшейту туралы айтылып келеді. Өйткені түз тағысын атып, өзен-көлдерде балықты заңсыз аулаушылар саны артқан. Арнайы рұқсаты жоқ аң­шылар далада ойқастап, өздерін қожайын санағандары сондай, адамдарға да қару кезенді. Бір жыл­да екі қорықшы қанды қол­ды қа­рақшының кесірінен қаза тапты. Алғашқы қанды оқиға 2019 жыл­дың 13 қаңтарында болды. Қа­рағанды облысының Нұра ау­даны аумағында инспекторлар қымбат мүйізі үшін ақбөкендерді қырып жүрген бір топ браконьерді әшкерелеп, ұстауға күш салады. Жауыздардың соңынан қуу кезінде көліктердің бірінен үш адам атып шығып, инспекторларға тап берген, ауыр соққыға жыққан. Айыптылар қызметтік көліктің кілтін және GPS құралын алып кеткендіктен, қорықшыларды табу қиынға түседі. Ерлан Нұрға­лиев ауруханада көз жұмды. Ал екінші оқиға Ақмола облысында тіркелді. Шілде айында «Охот­зоопром» қызметкері Қаныш Нұртазинов браконьерлердің жолын кесемін деп көз жұмды.  

5 жылда – 10 дерек

Жалпы алғанда, 2015-2019 жыл­дар аралығында браконьерлер 10 мәрте инспекторларды соққыға жығып, өмірлеріне қауіп төндір­ген оқиға тіркелді. Осы оқиға­лар­дың екеуінде ғана ұсталған бра­коньер бас бостандығынан айы­рылса, бір адамға шартты мерзім тағайындалды. 2019 жылғы сә­уірде Шығыс Қазақстан облы­сында 10 браконьер табиғат қор­ғау инспекторларының қайықта­рын аударып, екі инспекторға шабуыл жасап, өздерін сабап тас­тауға ұмтылған. 2019 жылы ау­мақтық инспекцияның мемле­кеттік инспекторлары 9 124 ке­шенді рейд пен табиғат пайдалану саласында 1 045 тексеру жүргізген кезінде табиғатты қорғау заңна­масын бұзудың 8 801 оқиғасын анықтаған болатын. 7 150 адам әкімшілік жауапкершілікке, 57 браконьер қылмыстық жауапкер­шілікке тартылды. 95 миллион теңге көлемінде әкімшілік айып­пұл салынған екен. Биылдан бастап Қа­зақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шы­ғарылып, орта деңгейдегі қыл­мыс санатына жатқызылды. Осындай қылмыстар үшін 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру, қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру, ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, киік­терді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жаза­сымен қатар браконьерлік қыл­мыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралдары – қару-жарақ, көлік пен мүлікті тәркілеу қарастырылған. Соны­мен бірге заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру құқық қор­ғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болып белгіленді.  

Үкім

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деп айып тағылған үш адам өмір бойына бас бостан­дығынан айырылды. Қылмысқа қатысы бар тағы төрт адам алты жылға сотталды. «Сот үкімімен Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдіков адам өлтіруге оқталғаны, ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiр­генi, заңсыз аңшылықпен айна­лысқаны үшін сотталды және үкімдердің жиынтығы бойынша оларға өмір бойы бас бостан­дығынан айырылу жазасы кесілді» деп үкімін жариялады Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов. Ал қалған күдіктілер – Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев, Айдос Әкімов заңсыз аңшылықпен ай­налысқаны үшін айыпты деп танылды және оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Барлық сотталғандар бес жыл бойы аңшылық жасау құ­қығынан айырылды және Жә­бірленушілерге өтемақы қорына 20 және 30 АЕК көлемінде төлем төлеуі тиіс. Қылмыс құралы бол­ған екі автокөлік, қару-жарақ мем­лекет кірісіне жатқызылды. Со­нымен қатар сот 17 киіктің көзін жойып, қоршаған ортаға залал келтіргені үшін барлық сот­талушыдан 89 млн 763 мың 750 теңге шығынды өтеу туралы ше­шім шығарды. Судья зардап шеккендердің материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арызын ішінара қанағат­тандырды. Атап айтқанда, бра­коньер Ахметов, Ақшанов және Шүкілдіковті зардап шеккен «Охот­зоопром» инспекторы Петр Ницыкке – 6,5 млн теңге, мерт болған инспектор Ерлан Нұрға­лиевтің ұлына – 16,89 млн теңге, оның інісіне 9,5 млн теңге кө­ле­мінде өтемақы төлеу міндеттелді. Әрине, біреулер «қатаң жаза қолданды» деді. Бірақ заңнын аты – заң! Бұл үкім басқаларға са­бақ болса, игі.   Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ