Жасөспірімдерге арналған түзету колониясы Қазақстанда біреу ғана. Сондағы тірлікті көріп қайтуға жолымыз түсті. Алматы қаласы Райымбек батыр даңғылында орналасқан мекеме бірден көзге түсе қоймайды. Кішкентай ғана бұрыш та Алматы қаласының Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесі деп жазулы тұр. Артынан аты №11 мекемеге ауыстырылған. Яғни, бұрынғы тәрбиелеу колониясында 15-21 жас аралығындағы 39 жасөспірім жазасын өтеп жатыр. Ондағы сотталушылардың көбісі кісі өлтіру, зорлық-зомбылық және есірткі тарату фактісі сияқты аса ауыр қылмыс жасағандар екен.
Ең жас қылмыскер – 15-те
Бұрынғы тәрбиелеу колониясы, бүгінде кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесі деп аталады. Қазір ең жасы кіші қылмыскер – 15 жаста. Кәмелеттік жасқа толмағандарды жазаға тарту 14 жастан басталады.– Мысалы, 14 жасында қылмыс жасаса, іс қозғалып, тергелгенше бозбала тергеу изоляторында болады. Сот үкімі шығып, айыбы анықталып, бізге түскенде 15 жасқа келеді. Біздегі ең ұзақ мерзім – 12 жыл. Осы мерзімге сотталған бір ғана бала. Ол қылмыстық кодекстің 99-бап, адам өлімі фактісі бойынша айыпталған. 39 сотталушының 11-і ауыр қылмыс, 28-і аса ауыр қылмыс үшін сотталған. Көбісі адам өлімі, зорлау және есірткі бойынша түскендер. Әр баптың түрлі тармағы бар. Мәселен, ішінде анасын қорғаймын деп өгей әкесін өлтіріп қойғандар да бар, – дейді Мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Дәурен Машимбаев.
«Сол уақытта сотталушы бала саны да көп еді. Себебі, ұрлық үшін де балалар сотталатын. Ал қазір ондай жоқ. Ізгілендіру актілеріне сәйкес, бала қылмыс жасаса, әуелі пробациялық бақылауға алынады. Сөйтіп, шектеу жазасы қойылады. Егер қылмыс бірнеше рет қайталанса, яғни қайта-қайта ұрлықпен көзге түссе ғана бас бостандығынан айырылады. Сондықтан мұнда тек аса ауыр және ауыр қылмыс үшін жауапқа тартылғандар жазасын өтейді», – деді Мекеме бастығының орынбасары.
Анасын сағынған бала
Бір ғимараттан екінші ғимаратқа өтсек те, бөлімшеден бөлімшеге барсақ та, барлығын күзетшілер бақылайды. Әрбір есік құлыптаулы. Арнайы тетікше басса ғана есік ашылады. Айнала тым-тырыс. Сөйтсек, сотталушылардың көбісі күндізгі мектепте, сабақ оқып жатыр. Алдымен олардың жатын орындарын араладық. Арғы бөлменің бірінен гитараның үні естілді. Бір бала гитара тартуды үйреніп жатыр екен. Есімі – Нұржан (Есімі өзгертілді – ред.). Түрмеден шыққанда анасына Ғаділбек Жанайдың «Анашым» әнін орындап бермек.Айтуынша, бос уақытында гитара ғана емес, шахмат, нарды ойнайды. Түркістандық бозбала үйінің кенжесі екен. Әкесі – күзетте, анасы вахтада жұмыс істейді. Әке-шешесін еске алысымен жанары жасқа толды. Бірақ онысын көрсеткісі келмеді. Ендігі бар арманы – әке-шешесіне қолғабыс ету, көмектесу. «Шаштараз ашқым келеді. Сол салада ісімді дөңгелентіп, жұмыс орындарын ашсам», – дейді Нұржан.– Соңғы кезде қандай түс көрдіңіз? – Шыны керек, түс жиі көрмеймін. Соңғы рет көргенім ата-анам еді. Ауылға бара жатыр екенмін. Ал аулада әке-шешем, екі әпкем күтіп отыр. – Мұнда достарың бар ма? – Әрине, бар. Бекежан, Арлан, Тарланбек (Есімі өзгертілді – ред.). Осында түскен күні қатты жүрексіндім. Сол кезде олар мені өздеріне жақын тартты. «Уайымдама, бәрі дұрыс болады. Бәріміз бостандыққа шығамыз. Қателіксіз адам болмайды» деген Тарланбектің сөзінен кейін бойымдағы қорқыныш сейілді. Бәрі өзім секілді балалар, қазір бауырымдай болып кетті, – деген Нұржан қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағы, яғни «Адам өлтіруге оқталу» бабымен жауапқа тартылған.
Мүмкін жастықтың да, еркеліктің де әсері болар. Балалармен жүргенде сөзге келіп қалыпты. «Әлгі жерде айтылған біраз ауыр сөз көңіліме тиді. Соны көтере алмадым. Қазір істегеніме өкінемін. Әке-шешемнің айтқанына құлақ аспадым. «Сол кезде оларды неге тыңдамадым?» деген өкініш бар. Еске алсам, жылағың келеді. Уақыт өте өзіңді жинайды екенсің. Басыма тиді, сабақ болды, енді ондайға жол бермеймін», – дейді ол.
21 жастан кейін ересектер колониясына көшіріледі
Дәурен Машимбаевтың айтуынша, ауыр қылмысқа тартылғандар оқшауланбайды, бәрі бір жерде отырады. Тәрбиелеу колониясына түскендер алғашқы алты айда жалпы жағдайда болады. Сол аралықта оның тәртібіне, өзін-өзі ұстауына байланысты жеңілдетілген немесе жалпы жағдай деген бөлімнің біріне жіберіледі. Егер сотталушы өзін жақсы жағынан көрсетіп, марапатталса, жеңілдетілген жағдайға ауыстырылады. Оның артықшылығы – жақындарымен кездесу де, сөйлесу де көбейеді.– Соңғы алты айда, яғни жарты жылда қатаң жазаға ешкім тартылмады. Сондықтан олардың өзін-өзі ұстауы қанағаттанарлық дүние деуге болады. Сотталушы 18 жасқа толған соң өзінің қайда қалатынын таңдауға құқылы. Не болмаса «өзімнің тұрғылықты мекенжайы бойынша үлкен колонияға жіберуіңізді сұраймын» деп сотқа өтініш білдіре алады. Нәтижесінде, соттың шығарған шешімі орындалады. Тіпті тәрбиелеу колониясында қалса да, онда тек 21 жасқа дейін бола алады. Кейін бәрібір ересектер колониясына жіберіледі, – дейді Мекеме бастығының орынбасары.
Сотталғандар жанашыр бола ма?
Балалар бір сағат тынығып алған соң, күніне 2 сағаттан аспайтын уақыт мекемедегі оңалту жұмысын істейді. Оған ауланы тазалау, жер аудару секілді тазалық жұмыстары кіреді.– Бізде негізінен алыстағы туған-туысы келе алмайды. Келсе немесе сәлемдемесі болса, қабылдап алуға тырысамыз. Ұзақмерзімді кездесу тек жақын туысына рұқсат етілген. Қысқамерзімді кездесу екі сағатқа болса, ұзақмерзімді кездесу 1-2 күнге беріледі. Оған екі ересек, екі жасөспірім кіре алады. Ал егер іштегі ережені бұзса, бұл артықшылықтан айырылады, – дейді Әділет майоры Дәурен Машимбаев.Оның айтуынша, жазасын өтеп шыққан балалардың арасында қайта түскені болмаған. «Тәрбиелеу колониясы болғандықтан әрбір баланы бақылауда ұстаймыз. Олармен жасақ басшылары, психологтар, тәрбиешілер ашық әңгіме жүргізіп, түзелуіне барынша көңіл бөледі. Көптеген қоғамдық қормен бірлесе отырып, түрлі спорттық сайыстар мен мерекелік шаралар өткізіледі. Ұйымдастырылған шараларға қатысып, белсенділігін көрсетсе, мекеме бастығының құқығымен алғыс жарияланып», ішінара елеп-ескерілетінін жеткізді. Керісінше, кейбірінің арасында жанашырлық сезімі оянады. Алматының бір баласы колониядан шыққан соң саудамен айналысып, өз жағдайын түзеп алған. Артынан жазасын өтеп жатқан балаларға көмектесіп, қажеттіліктерін әперсем деп хабарласқан екен.
Баласын іздемейтін де ата-ана болады
Негізі колонияда ата-ананың рөлін жасақ бастығының тәрбиешілері атқарады. Жасақ бастығының сөзінше, балалардың ата-анасымен байланыссыз қалған жағдайы да болған. «Сергей (Есімі өзгертілді – ред.) деген бала болды. Бізге келгенде ата-анасының нөмірін жоғалтып алған. Есіне де түсіре алмады. Хабар-ошарсыз қалды. Содан мекенжайы бойынша интернеттен іздеп-тауып, байланысқа шыққанымыз бар» деген ол осындай жағдай үш-төрт балада болғанын айтты. Ең маңыздысы – балалардың ағайын-туғандарымен байланысы үзілмеуі тиіс.– Бала көп қой, бірақ ешкімді бөліп жармай, бәріне бірдей қараймыз. Бірінші кезекте оларды сотталған қылмыскер деп емес, бала деп санаймыз. «Бала тәрбиесі – баршаның ісі» демекші, қай жерде болсын баланы тәрбиелеу – біздің жұмысымыз. Біз осы балаларға жауаптымыз, олардың адам болып қалыптасуы – біздің мойнымызда. Сондықтан олардың бостандыққа шыққанда, қатарынан қалыспай, қоғамға тез бейімделуіне барымызды салып, түрлі тәрбиелік жұмыс жүргіземіз. Оның үстіне, олардың құбылып тұратын шағы. Балалардың көңіл күйіне қарап, сағы сынып, өзіне-өзі қол салмауын қадағалаймыз. Сотталушының қай-қайсысын алсаңыз, өзін жазықсыз санайды. Бірі өзінің араласқан ортасы дұрыс болмады десе, енді бірі өзге біреулердің ықпалына еріп кеткенін сөз етеді. Салдарынан ішімдік ішіп, есірткі қолданып, білместіктен қылмысқа барып жатады, – дейді Жасақ бастығы Ернар Сабитов.
Толыққанды отбасынан да қылмыскер шығады
Сотталғанның бәрі бірдей тұрмысы төмен немесе толық емес отбасылардан шыққандар емес. Арасында жақсы отбасынан шыққаны да, әке-шешесі жақсы қызметтегі жандардың да балалары бар. Соның бірі – Олегтің (Есімі өзгертілді – ред.) оқиғасы. 17 жастағы алматылық бала зорлық фактісімен колонияға түскен. «Өткен істі есіме алғым келмейді. Бұл – ыңғайсыз жағдай, сол үшін де ұяламын», – дейді Олег. Бір қарағанда, ата-анасының өз кәсібі бар. Үйдің жалғыз баласы. Айтуынша, колонияға 2020 жылдың қыркүйегінде түскен. Бұйырса, жарты жылдан кейін босатылмақ. Қазірдің өзінде сабағын жақсы оқып, үздік бітірмек.– Меніңше, колонияға түсу бәріне ауыр тиеді. Бірақ мұнда жан алысып, жан берісетіндей күңіренетін жағдай емес. Керісінше, өміріңді өзгертуге берілген мүмкіндік деп білу керек. Осындағы уақытыңды тиімді пайдаланып, толыққанды білім алып, жетілу керек. Екіншіден, ашық ауыз, аңқаулықтың қажеті жоқ екенін түсіндім. Өз ісіңмен айналысып, өзіңді жетілдіру керек, – дейді Олег.