Анимацияға баланың тірлігі деп қарауды қою керек
Анимацияға баланың тірлігі деп қарауды қою керек
1,174
оқылды
Мультфильм – идеологиялық қару. Себебі анимация бала санасын жаулаумен айналысады. Соңғы жылдары Шымкент қаласындағы «Сақ» киностудиясы түсірген мультфильмдер сұранысқа ие болып жүр. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – киностудияның сценарист режиссері, аниматор Батырхан Дәуренбеков. Көпшілік Батырхан Қал­дар­бекұлын мықты аниматор ретінде таниды. Ол анимациялық мульт­фильмдермен қоса кино өнді­рі­сіне де бет бұрды. Екеуінің де ауқымы кең. Дегенмен, режис­сердің негізгі фишкасы – балалар тақырыбы. Батырхан Дәуренбеков – Иә, негізінен балаларға ар­налған мультфильмдерді түсіріп жүрген болатынмын. Балапан арнасындағы «Қалқанқұлақ», «Томпақ» телехикаясын түсіріп, сұранысқа ие фильмге тәжірибе жинадық. Менің негізгі фишкам – балалар тақырыбы. Таныс­та­рымның көбі «Тарихи фильмдерді көп режиссер түсіре алады ғой. Бірақ балалар фильмін түсіре­тіндер аз және оған сіз маман­дан­ғансыз, жаныңызды беріп түсі­ресіз. Осы жолдан айнымай, ба­лалар фильмін түсіріп жүре бер­мейсіз бе?» деп те айтты. Мен оны өзім де білемін. Балалар тақы­ры­бы мені селт еткізбей қоймайды. Бірақ ол қаржыға байланысты. Мемлекет тарапынан телека­налдардан балаларға арналған фильмдерге, мультфильмдерге қомақты қаржы бөліп, тапсырыс беріп жатса, әрине, осы салада жүре берер едік, – дейді Батырхан Дәуренбеков. 1 секунттық кадрға  24 сурет салынады Аниматордың айтуынша, әлі де анимацияны, балаларға арнал­ған фильмді түсіре береді. Ани­мация инемен құдық қазғандай. Себебі 1 секундтық кадрға 24 су­рет салынады. Одан кем болса, өнімнің сапасы түседі. Өзіңіз ойлай беріңіз, 5-6 минуттық мульт­фильмде қаншама еңбек жа­тыр. Балапан арнасындағы «Тоқты мен серке» телесериа­лы­ның 25 сериалын бітірдік. анимация – Біз – кәсіпкерміз. Ани­ма­ция, кино өндіреміз. Ал өндіріске ең керегі – қаржы. Қазір мемлекет тарапынан тарихи фильмдерге көңіл бөлініп жатыр. Біз де өзі­мізді тарихи кино түсіріп, сынап көргіміз келді. Осылайша, «Әл-Фараби», «Төле би» фильмін тү­сірдік. «Домалақ ана», былтырғы туындымыз – «Дина. Күй құ­ді­реті» ұлттық арнадан көр­се­тілді. Одан еш­қан­дай зиян көрмедік, қайта тәжі­рибе жи­нап, бірін­ші­сінен соң екіншісін түсіргенде өзімді се­німді сезіндім. Қалай түсіреті­нім­ді, қай жерде қандай фантазия қосатынымды біліп тұрдым. Су­ретшілігімнің де осындайда көп пайдасы тиді. Байқағаным, ре­жиссер суретші, сонымен бірге әдебиет пәнінен мықты болуы керек екен,– дейді кейіпкеріміз. Жастарға жол беріп, оларды ынталандыру қажет «Қазақстан» ұлттық арна­сының тапсырысымен түсірген соңғы «Дина. Күй құдіреті» 2 се­риялы телехикаясында күйші апамыздың бала кезінен отба­сылық өміріне дейінгі кезеңді ғана қамти алған. Себебі 2 серияға ол кісінің бүкіл өмірін сыйғызу мүмкін емес. Әйтпесе, 100 жасқа таяу өмір сүрген апамыздың өмірі тұнып тұрған тарих. Батырхан Қалдарбекұлы биыл балалар фильмдерін түсіруді жоспар­ла­ғанын айтты. – Ұсынысымызды облыс басшыларына, министрлікке жол­дадық. «Балапан», «Қазақ­стан» ұлттық телеарнасына да бір­неше жобаларымызды жібер­дік. Қажет деген дүниелерді елеп-екшеп таңдап жатса, сапалы дүние шығарып беруге дайынбыз. Сонымен бірге, қазір «Айбынды аула» атты жақсы жобаға дайын­далып жатырмыз. Еліміздің көп­ұлтты мемлекет екенін білесіздер. Біздің «Айбынды аула» да ау­ла­дағы оқиғаға құрылған. Аулада қаз, тауық, үйрек сынды түрлі құстар өмір сү­реді. Олардың әр­қай­сысы әртүрлі ең­бекпен нан та­ба­ды. Бидай егіп, өнімін барлығы бір қамбаға жи­найды. Ара-арасында кішігірім қақтығыс, ұрыстар, оқиғалар кез­десіп тұрады. Бір күні ауладағы­ларға сыртқы жаулар тиісе бас­тайды. Шабуылға шыққан ат­жалмандар қамбадағы астықты жинап болған соң, оның жарты­сынан көбін беріп тұруы туралы талап қояды. Егер оны орын­дамаса соғыс ашатынын, бар­лы­ғын қырып-жоятынын ескертеді. Сол кезде ауладағы әртүрлі құс бірігеді. Жұмылып, атжалман­дарға күрес тәсілін ұйымдасты­рып, қарсы шығады. Яғни, өз елін қорғайды. Бұл патриоттыққа баулитын фильм болмақ. Әрине, оның ішінде түрлі қызықты оқиғалар да бар, – дейді аниматор. Томпақ Бұл жоба «Сақ» киностудия­сының 30 жыл бұрынғы «Әбжы­ланның әлегі» атты анимациялық мультфильмінің пісіп жетілген, дамыған түрі болғалы тұр. Со­нымен қатар «Сақ» киносту­дия­сында бірге жұмыс істеген жігіт­тердің барлығы да Батырхан Дәуренбековтың шәкірттері. – Олар ізімізді жалғап, орны­мызды жоғалтпайды деген ой­да­мын. Жастардың креатив көзімен түсірілетін «Айбынды аула» жо­басына Азамат Ерназаров есімді жігітті режиссер етіп қоймақ­шымыз. Әрине, «Сақтың» өнімі болған соң оны қадағалай­мыз, ақылымызды айту – мін­детіміз. Бірақ жастарға жол беріп, оларды ынталандыру керек, – дейді ол. әмен Қайдар туындымызды көріп, көзіне жас алды Батырхан Қалдарбекұлы – 50-ге жуық мульфильмнің авторы. Олардың көпшілігі бүгінде кө­рер­мен ықыласына бөленіп үлгерген. Арасында халықаралық байқау­ларда жүлде алғандары да, табыс­қа кенелгендері де бар. Режиссер Қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры марқұм Әмен Қай­дардың батасын да алыпты. – Әмен Қайдар атамыз Алма­тыдағы Жүргенов академиясында сабақ беріп жүргенінде ол кісіні іздеп бардық. Әрине, бекерден-бекер емес, ең алғашқы «Алдар көсе мен шайтандар» мульт­фильмін көрсетпек болдық. Ол кісі біздің туындымызды көріп, көзіне жас алып кәдімгідей жылап қалды. «Айналайындар, менің ізбасарларым, Шым­кент­тен келдіңдер ме?», деп өте жы­лышырай танытты. Шымкентте жүріп осындай мульфильм шы­ғарып жүргенімізге риза болды. Кейін Шымкентте «Алтын сақа» фестивалін өткізген кезде Әмен Қайдар атамызды шақырып, фестивалдің тұсауын кестіріп, ары қарай жақын араласып кет­тік, – дейді аниматор. тоқты мен серке Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, ол жылдары тоқырау кезі болатын. «Қазақфильмде» на­рық заманында әркім өз басы­мен әуре болып кетіп, қаржының тапшылығынан 10 жылдай мульт­фильмді, анимацияны тоқтатты. Қазір алматылықтар: «тоқтап қалған анимацияға жан бітірген «Сақ» киностудиясы», – деп айтып отырады. – Бүгінге дейін 50-ге жуық мультфильмнің авторымын. 8-і Қазақфильмнің тапсырысы бо­йынша түсірілгендіктен авторлық құқық соларда. Оның ішінде ба­лалардың сүйіп көретін «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақ­шылар», «Қажымұқан», «Тола­ғай» және тағы басқасы бар. Айта кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай менің режиссер­лігіммен түсірілген «Керей мен Жәнібек» толық метражды филь­мі Мысыр астанасы Каир қала­сын­да 90 мемлекет қатысқан ха­лықаралық фестивальдың 3 бір­дей жүлдесін жеңіп алды. Бұл да мемлекеттік тапсырыс аясында түсірілген еді, – дейді кейіпкер. «Балапанға» бәсекелес арна керек Қазақстандық аниматор тәжі­рибе жинау мақсатында Голливуд­тағы Диснейге барған. Оның ай­туынша, қазір заман өзгеріп ке­леді, бетбұрыс байқалады. Жаңа Қазақстанды әлі санасы улан­баған, жемқорлықты, пара беруді білмейтін, қорлық-зорлықтың не екенін білмейтін, енді өсіп келе жатқан кішкентай балалар жасай алады. Ол үшін балаларға өне­рі­мізді, мәдениетімізді анимация арқылы, кино арқылы насихаттап, дұрыс патриоттық рух беріп тәр­биелеуіміз керек. Бұл мәселеге мемлекет те аса жоғары көңіл бөлуі керек. Өйткені мемлекеттің болашағы – балалар. – Әншейінде балалар біздің болашағымыз, жастар біздің ертеңіміз деп жатамыз. Ендеше, болашағымызға жақсы тәрбие берудің құралы – кино мен ани­мация. Себебі қазір ертегі айта­тын адамдар азайып барады. Ба­уыржан Момышұлы: «бесік жы­рын айта алмайтын келіндерден, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмайтын әжелерден қор­қамын», – деген еді. Ата-ананың балаға көңіл бөлуге уақыты жоқ. Телефонды қолдарына ұстата са­лады. Балалар шетелдің дүние­лерін көріп, солардың ментали­тетімен өсіп келеді. Дегенмен, сең қозғалды деп айтуға болады. Қазір Мәдениет және спорт ми­нистріне қарасты КИНОФОНД арнайы ұйымы бар. Егер өзіңді дәлелдей алсаң, жоспарыңды жүзеге асы­руға мүмкіндік аласың. Мұндай жетістікке де белгілі бір уақытта қол жеткізіп отырмыз. Ұсынған дүниелерімізді, қоғамға, елімізге, жастарға тәрбие береді-ау деген дүниелерді комиссия дұрыс таң­дай алса болды, – дейді аниматор. мультфильм Оның пікірінше, анимацияға баланың тірлігі деп қарауды қою керек. Кейде үлкен кісілерге ­ани­мация туралы айтып отыр­саң мырс еткенін байқаймыз. «Мульт­фильм деген не? Ол бала­ның тір­­­лігі ғой» дейді. Сонда «өзі бала болмаған ба, немерелері жоқ па?» деген ойға қалып, кейде көңілің қалады. – Біз есігін қаққан кәсіп­кер­лерді қолдау ұйымдарының бәрі есігін тарс жапты. Біз өндіріс орындарын ғана қолдаймыз дейді. Кино түсіру мен анимация шығару да өндірістің бір саласы емес пе? Осы өндіріске қолдау көрсету әрбір облыста, әр ауданда да жүріп отыруы керек. Сонымен бірге, Қазақфильмнің құрамында «қазақ анимация» деген ұйым болды. Олар да мелекеттен бөлін­ген қаржыны біздің студияның жұмыстары сапалы болған соң сонау Шымкенттегі «Сақ» кино­сту­диясына сенім артып, тапсы­рыс беріп жатқаны бізді қуантады. Сең қозғалды деп жатқаным осы. Менің ойым «Балапан» телеар­на­сына бәсекелес ретінде балаларға арналған тағы бір телеканал ашы­луы керек. Өйткені нарықтың за­ңы бойынша кез келген нәрсе бәсекелес арқылы дамиды, – дейді Батырхан Дәуренбеков.

Шымкент қаласы