Мультфильм – идеологиялық қару. Себебі анимация бала санасын жаулаумен айналысады. Соңғы жылдары Шымкент қаласындағы «Сақ» киностудиясы түсірген мультфильмдер сұранысқа ие болып жүр. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – киностудияның сценарист режиссері, аниматор Батырхан Дәуренбеков.
Көпшілік Батырхан Қалдарбекұлын мықты аниматор ретінде таниды. Ол анимациялық мультфильмдермен қоса кино өндірісіне де бет бұрды. Екеуінің де ауқымы кең. Дегенмен, режиссердің негізгі фишкасы – балалар тақырыбы.
– Иә, негізінен балаларға арналған мультфильмдерді түсіріп жүрген болатынмын. Балапан арнасындағы «Қалқанқұлақ», «Томпақ» телехикаясын түсіріп, сұранысқа ие фильмге тәжірибе жинадық. Менің негізгі фишкам – балалар тақырыбы. Таныстарымның көбі «Тарихи фильмдерді көп режиссер түсіре алады ғой. Бірақ балалар фильмін түсіретіндер аз және оған сіз маманданғансыз, жаныңызды беріп түсіресіз. Осы жолдан айнымай, балалар фильмін түсіріп жүре бермейсіз бе?» деп те айтты. Мен оны өзім де білемін. Балалар тақырыбы мені селт еткізбей қоймайды. Бірақ ол қаржыға байланысты. Мемлекет тарапынан телеканалдардан балаларға арналған фильмдерге, мультфильмдерге қомақты қаржы бөліп, тапсырыс беріп жатса, әрине, осы салада жүре берер едік, – дейді Батырхан Дәуренбеков.
1 секунттық кадрға 24 сурет салынады
Аниматордың айтуынша, әлі де анимацияны, балаларға арналған фильмді түсіре береді. Анимация инемен құдық қазғандай. Себебі 1 секундтық кадрға 24 сурет салынады. Одан кем болса, өнімнің сапасы түседі. Өзіңіз ойлай беріңіз, 5-6 минуттық мультфильмде қаншама еңбек жатыр. Балапан арнасындағы «Тоқты мен серке» телесериалының 25 сериалын бітірдік.
– Біз – кәсіпкерміз. Анимация, кино өндіреміз. Ал өндіріске ең керегі – қаржы. Қазір мемлекет тарапынан тарихи фильмдерге көңіл бөлініп жатыр. Біз де өзімізді тарихи кино түсіріп, сынап көргіміз келді. Осылайша, «Әл-Фараби», «Төле би» фильмін түсірдік. «Домалақ ана», былтырғы туындымыз – «Дина. Күй құдіреті» ұлттық арнадан көрсетілді. Одан ешқандай зиян көрмедік, қайта тәжірибе жинап, біріншісінен соң екіншісін түсіргенде өзімді сенімді сезіндім. Қалай түсіретінімді, қай жерде қандай фантазия қосатынымды біліп тұрдым. Суретшілігімнің де осындайда көп пайдасы тиді. Байқағаным, режиссер суретші, сонымен бірге әдебиет пәнінен мықты болуы керек екен,– дейді кейіпкеріміз.
Жастарға жол беріп, оларды ынталандыру қажет
«Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен түсірген соңғы «Дина. Күй құдіреті» 2 сериялы телехикаясында күйші апамыздың бала кезінен отбасылық өміріне дейінгі кезеңді ғана қамти алған. Себебі 2 серияға ол кісінің бүкіл өмірін сыйғызу мүмкін емес. Әйтпесе, 100 жасқа таяу өмір сүрген апамыздың өмірі тұнып тұрған тарих. Батырхан Қалдарбекұлы биыл балалар фильмдерін түсіруді жоспарлағанын айтты.
– Ұсынысымызды облыс басшыларына, министрлікке жолдадық. «Балапан», «Қазақстан» ұлттық телеарнасына да бірнеше жобаларымызды жібердік. Қажет деген дүниелерді елеп-екшеп таңдап жатса, сапалы дүние шығарып беруге дайынбыз. Сонымен бірге, қазір «Айбынды аула» атты жақсы жобаға дайындалып жатырмыз. Еліміздің көпұлтты мемлекет екенін білесіздер. Біздің «Айбынды аула» да ауладағы оқиғаға құрылған. Аулада қаз, тауық, үйрек сынды түрлі құстар өмір сүреді. Олардың әрқайсысы әртүрлі еңбекпен нан табады. Бидай егіп, өнімін барлығы бір қамбаға жинайды. Ара-арасында кішігірім қақтығыс, ұрыстар, оқиғалар кездесіп тұрады. Бір күні ауладағыларға сыртқы жаулар тиісе бастайды. Шабуылға шыққан атжалмандар қамбадағы астықты жинап болған соң, оның жартысынан көбін беріп тұруы туралы талап қояды. Егер оны орындамаса соғыс ашатынын, барлығын қырып-жоятынын ескертеді. Сол кезде ауладағы әртүрлі құс бірігеді. Жұмылып, атжалмандарға күрес тәсілін ұйымдастырып, қарсы шығады. Яғни, өз елін қорғайды. Бұл патриоттыққа баулитын фильм болмақ. Әрине, оның ішінде түрлі қызықты оқиғалар да бар, – дейді аниматор.
Бұл жоба «Сақ» киностудиясының 30 жыл бұрынғы «Әбжыланның әлегі» атты анимациялық мультфильмінің пісіп жетілген, дамыған түрі болғалы тұр. Сонымен қатар «Сақ» киностудиясында бірге жұмыс істеген жігіттердің барлығы да Батырхан Дәуренбековтың шәкірттері.
– Олар ізімізді жалғап, орнымызды жоғалтпайды деген ойдамын. Жастардың креатив көзімен түсірілетін «Айбынды аула» жобасына Азамат Ерназаров есімді жігітті режиссер етіп қоймақшымыз. Әрине, «Сақтың» өнімі болған соң оны қадағалаймыз, ақылымызды айту – міндетіміз. Бірақ жастарға жол беріп, оларды ынталандыру керек, – дейді ол.
әмен Қайдар туындымызды көріп, көзіне жас алды
Батырхан Қалдарбекұлы – 50-ге жуық мульфильмнің авторы. Олардың көпшілігі бүгінде көрермен ықыласына бөленіп үлгерген. Арасында халықаралық байқауларда жүлде алғандары да, табысқа кенелгендері де бар. Режиссер Қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры марқұм Әмен Қайдардың батасын да алыпты.
– Әмен Қайдар атамыз Алматыдағы Жүргенов академиясында сабақ беріп жүргенінде ол кісіні іздеп бардық. Әрине, бекерден-бекер емес, ең алғашқы «Алдар көсе мен шайтандар» мультфильмін көрсетпек болдық. Ол кісі біздің туындымызды көріп, көзіне жас алып кәдімгідей жылап қалды. «Айналайындар, менің ізбасарларым, Шымкенттен келдіңдер ме?», деп өте жылышырай танытты. Шымкентте жүріп осындай мульфильм шығарып жүргенімізге риза болды. Кейін Шымкентте «Алтын сақа» фестивалін өткізген кезде Әмен Қайдар атамызды шақырып, фестивалдің тұсауын кестіріп, ары қарай жақын араласып кеттік, – дейді аниматор.
Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, ол жылдары тоқырау кезі болатын. «Қазақфильмде» нарық заманында әркім өз басымен әуре болып кетіп, қаржының тапшылығынан 10 жылдай мультфильмді, анимацияны тоқтатты. Қазір алматылықтар: «тоқтап қалған анимацияға жан бітірген «Сақ» киностудиясы», – деп айтып отырады.
– Бүгінге дейін 50-ге жуық мультфильмнің авторымын. 8-і Қазақфильмнің тапсырысы бойынша түсірілгендіктен авторлық құқық соларда. Оның ішінде балалардың сүйіп көретін «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Қажымұқан», «Толағай» және тағы басқасы бар. Айта кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай менің режиссерлігіммен түсірілген «Керей мен Жәнібек» толық метражды фильмі Мысыр астанасы Каир қаласында 90 мемлекет қатысқан халықаралық фестивальдың 3 бірдей жүлдесін жеңіп алды. Бұл да мемлекеттік тапсырыс аясында түсірілген еді, – дейді кейіпкер.
«Балапанға» бәсекелес арна керек
Қазақстандық аниматор тәжірибе жинау мақсатында Голливудтағы Диснейге барған. Оның айтуынша, қазір заман өзгеріп келеді, бетбұрыс байқалады. Жаңа Қазақстанды әлі санасы уланбаған, жемқорлықты, пара беруді білмейтін, қорлық-зорлықтың не екенін білмейтін, енді өсіп келе жатқан кішкентай балалар жасай алады. Ол үшін балаларға өнерімізді, мәдениетімізді анимация арқылы, кино арқылы насихаттап, дұрыс патриоттық рух беріп тәрбиелеуіміз керек. Бұл мәселеге мемлекет те аса жоғары көңіл бөлуі керек. Өйткені мемлекеттің болашағы – балалар.
– Әншейінде балалар біздің болашағымыз, жастар біздің ертеңіміз деп жатамыз. Ендеше, болашағымызға жақсы тәрбие берудің құралы – кино мен анимация. Себебі қазір ертегі айтатын адамдар азайып барады. Бауыржан Момышұлы: «бесік жырын айта алмайтын келіндерден, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмайтын әжелерден қорқамын», – деген еді. Ата-ананың балаға көңіл бөлуге уақыты жоқ. Телефонды қолдарына ұстата салады. Балалар шетелдің дүниелерін көріп, солардың менталитетімен өсіп келеді. Дегенмен, сең қозғалды деп айтуға болады. Қазір Мәдениет және спорт министріне қарасты КИНОФОНД арнайы ұйымы бар. Егер өзіңді дәлелдей алсаң, жоспарыңды жүзеге асыруға мүмкіндік аласың. Мұндай жетістікке де белгілі бір уақытта қол жеткізіп отырмыз. Ұсынған дүниелерімізді, қоғамға, елімізге, жастарға тәрбие береді-ау деген дүниелерді комиссия дұрыс таңдай алса болды, – дейді аниматор.
Оның пікірінше, анимацияға баланың тірлігі деп қарауды қою керек. Кейде үлкен кісілерге анимация туралы айтып отырсаң мырс еткенін байқаймыз. «Мультфильм деген не? Ол баланың тірлігі ғой» дейді. Сонда «өзі бала болмаған ба, немерелері жоқ па?» деген ойға қалып, кейде көңілің қалады.
– Біз есігін қаққан кәсіпкерлерді қолдау ұйымдарының бәрі есігін тарс жапты. Біз өндіріс орындарын ғана қолдаймыз дейді. Кино түсіру мен анимация шығару да өндірістің бір саласы емес пе? Осы өндіріске қолдау көрсету әрбір облыста, әр ауданда да жүріп отыруы керек. Сонымен бірге, Қазақфильмнің құрамында «қазақ анимация» деген ұйым болды. Олар да мелекеттен бөлінген қаржыны біздің студияның жұмыстары сапалы болған соң сонау Шымкенттегі «Сақ» киностудиясына сенім артып, тапсырыс беріп жатқаны бізді қуантады. Сең қозғалды деп жатқаным осы. Менің ойым «Балапан» телеарнасына бәсекелес ретінде балаларға арналған тағы бір телеканал ашылуы керек. Өйткені нарықтың заңы бойынша кез келген нәрсе бәсекелес арқылы дамиды, – дейді Батырхан Дәуренбеков.