Абзал Әжғалиев шорт-трекке жан-тәнімен берілген. Сала төңірегінде айтары көп. Мұны әңгімесінен анық байқауға болады. Күйінетіні білініп-ақ тұр. Қысқы спорт түрінің еңсесін көтеріп, спортшының күйін күйттегісі келеді-ақ. Оған қоса, елдегі Олимпиада кезінде ғана көрсететін қолдау мен жалған жанкүйерлікке жаны ауырады. Барынша күресіп жүр. Әлеуметтік желідегі ашық жазбалары да соның дәлелі.
– Әңгіменің әлқиссасын Бейжің олимпиадасынан кейін жариялаған жазбаңыздан бастасақ. Әлеуметтік желіде де, БАҚ бетінде де реакция көп болды. Ал құзырлы органдардан қолдау болды ма?
– Иә, біршама өзгеріс болды. Бейжіңнен Астанаға келгесін бар ойымды жинап, жазба жарияладым. Жазғанымның бәрі – шындық. Негізінен, спортшылар сала төңірегіндегі мәселені айтуға қорқады. Оған себеп те жоқ емес. «Саясатты не істейсің, одан да спортпен айналысып жүре бер» дейтіндер көп. Жасырмаймын, маған да хабарласқандар болды. «Жазбаңды өшір, мансабыңа нұқсан келуі мүмкін» дегендер де табылды. Бірақ бар өмірімді шорт-трекке арнағасын бұл саланы бір кісідей білемін. Барынша дамығанын, биліктің көңіл бөлгенін қалаймын. Әлеуметтік желідегі дүмпуден кейін «Алау» мұзайдынында еркін дайындалып жүрміз. Бұрынғыдай бос орын іздеп жүрмейміз. Барынша жағдай жасап жатыр. Арада бір жыл уақыт өтті. Өзім сұратқан инвентарь құралдарды маған ғана емес, команда мүшелеріне де берді. Қолдау арықарай да жалғасады деп ойлаймын. Келесі олимпиадаға дейін төрт жыл бар. Осы уақыт аралығында жігіттер ештеңеден тарықпай, алаңсыз дайындалса екен. Одан бөлек, өңірлерде талантты шорт-трекші жетерлік. Оларға да елордадағыдай жағдай жасалса деймін.
– Шынымен аймақтағы шорт-трекшілердің жағдайы мүшкіл ме?
– Бұқаралық спортты дамытып жатырмыз деп дабыл қаққанымызбен, өңірлерде шорт-трек аса танымал емес. Тіпті, бұл спорт туралы білмейтіндер бар. Сол сияқты аймақтарда, қала берді мегаполистерде лайықты жағдай жасалмай отыр. Мысалы, «Халық Арена», «Алматы арена», «Балуан шолақ» спорт сарайында жаттығуға болады. Әсіресе, алғашқы екеуінде. Бірақ басшылар шорт-трекшілерге мойын бұрмайды. Олар мұзайдыны бос кезде, таңғы сағат 06:00-07:00 аралығында жаттығуға мәжбүр. Миллионнан астам халқы бар Алматыда ертемен жаттығуға үлгеру үшін кейбірі таңғы төрттен қимылдайды. Мұның балалар мен жасөспірімдерге де қатысы бар. Жеткіншектерді ата-аналары апарып, алып келеді. Қарап тұрсаңыз, салмақтың бәрі спортшы мен ата-анаға түседі. Содан ба, бюджет есебінен тұрғызылған ғимараттарды халық еркін пайдаланса дейсің.
– «Шорт-трекке бар өмірімді арнадым» деп қалдыңыз. 20 жыл көлемінде тоқтамай жүруіңіздің құпиясы неде?
– 2001 жылы Орал қаласында шорт-тректі бастағанымда бұл көпшілікке беймәлім спорт түрі еді. Қазір деңгейі біршама көтерілді. Бейжің олимпиадасынан кейін баласын шорт-трекке бергісі келетін ата-ана көбейді. Мен үшін мотивация – осы. Өзім барынша сүйетін спорт түрімен күллі Қазақстанның айналысқанын қалаймын. Осы жылдар ішінде кезіккен қиындықты жеңуіме де спортқа деген махаббатым күш берді. Сондықтан кейінгі жастардың мұқалмай, қиналмай, еркін жаттығуы үшін барымды салып жүрмін. Осындайда «сенен шорт-трекке қандай демеу болуы мүмкін?» деуі мүмкін. Еліміздің аталған спорттағы бет-бейнесі болғасын барынша сақ қимылдап, барымды салуға тырысамын. Кездесуге, жиынға бара қалсам, мінбердегілерге мұңымды жеткізіп, идея бөліскім келеді де тұрады. Меніңше, әр спортшы таңдауы үшін күрессе, нәтиже көп күттірмейді.
– Елімізде жазғы және қысқы Олимпиадаға әртүрлі деңгейде көңіл бөледі. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Иә, қолдау жағына келгенде жазғы Олимпиада ойындарының бір бәс жоғары тұратыны рас. Оның үстіне, жазғы спорт түрінен Олимпиададан алған медаль саны көп. Жанкүйерлер арасында танымал. Біздің «менталитетте» белгілі бір спорт түрін жүлде алып келгесін қолдайтыны тағы бар. Сол себепті ақ Олимпиадаға жете көңіл бөлінбейді. Мысалы, Африка елдеріне қарағанда бізде қыс бар, қар бар. Таулы аймақтарда, қалада мұзайдыны бар. Сондықтан қысқы спортпен айналысуға мүмкіндік жетеді. Одан бөлек, әлеуметтік желіде, теледидарда аталған спорт түрлері туралы кеңінен хабар таратса. Бір бағдарлама арнап, бастан аяқ түсіндірсе, жас жеткіншектер қызығар еді. Ал біз тек ақ Олимпиада басталғанда ғана спортшыларды іздеп, хабар таратамыз. Қалған уақытта оларды іздеп жатқан бірі жоқ. Одан кейін қысқы жарыс өткізуге салған нысандар да жетерінше халық игілігіне берілмейді. Содан да болар балалар қысқы спорт десе тек сырғанақты еске түсіреді. Шынтуайтынына келгенде, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы, фристайл могул, биатлон, трамплиннен секіру және тағы басқа түрі көп.
– Сонда мұзайдындарының жағдайы талапқа сай емес пе?!
– Шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанау спортының жаттығу орны бір жерде орналасқан. Мысалы, хоккей мен мәнерлеп сырғанау спорты бір жерде жаттыға берсе болады. Ал шорт-трекшіге мұзайдынына арнайы қорғаныс төсеніші (мата-авт.) керек. Кәсіби спорт тілімен айтқанда, мұз- айдынында борт болмауы тиіс. Ал аймақтарда борттар бар, ол спортшы үшін қауіпті. Жалпы, шорт-трек талабына сай мұзайдыны «Алау» мен «Сарыарқада» бар. Алматыдағы мұзайдыны да стандартқа сай болғанымен, қажетті жағдай жасалмаған. Аталған қорғаныс төсеніштері арзан тұрмайды. Оны қажетіне сай ауыстырып тұруы керек, ол да қаржыны қажет етеді. Мәселен, кей аймақтағы мұзайдындарында тозығы жеткен төсеніш әлі бар. Орал қаласында 2001 жылы ашылған сарайдың қорғаныс төсеніші сол күйі жаңартылмаған. Қызығы, бейнематериалдарды қарап отырғанымда аталған сарайдың ашылу рәсімі таспаланған екен. Оралдағы мұз сарайының тұсауын Президентіміз кескен. Қарап тұрсаңыз, арада 22 жыл уақыт өтті. Жағдайы сол қалпы. Ал батыста қаншама талантты шорт-трекші бар. Әсіресе, жасөспірімдердің сырғанау мәнеріне таңданамын. Шетелге көп шыққан тәжірибемде мұндай жастағы баланың тамаша сырғанауы – үлкен жетістік. Сондықтан спортқа, соның ішінде жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына көңіл бөлген жөн. Айта кетерлігі, қазір үстел теннисіне қолдау жетерлік. Не себепті? Өйткені Президент үстел теннисімен айналысады, бұқараға көрсетеді. Содан жан-жақтан келетін демеу көп. Жағдайды пайдаланып мен де Президентімізді ашық жаттығу жиынына шақырғым келеді. Реті келсе, келіп көрсе. Басшы келді деген сөз, басқалары мен БАҚ өкілдерінің қоса келетінін білдіреді. Солай болған жағдайда кешке эфирден беріліп, әлеуметтік желіде де жарияланады. Осылайша, шорт-тректі, спортшыны демейтін, қолдайтын орта пайда боларынан үміттімін.
– Шорт-трекпен айналысқысы келетін жас өренге берер кеңесіңіз?
– Ең алдымен, елімізде баласын күрес түрлері мен боксқа беретін ата-ана көп екенін айта кетейін. Танымал спорт түрлері екені рас. Соған қоса, бәсекелестік деңгейі жоғары. Топ ішінен суырылып, халықаралық жарысқа барамын дегенше біраз уақыт өтеді. Ал әзірге шорт-трекпен айналысатындар көп емес. Сол сияқты егер талант пен шеберлік ұштасса, әлемдік сайысқа қатысу мүмкіндігі жоғары. Иә, қызығушылық та рөл ойнайтынын ескеру керек. Кез келген ата-ана өз амбициясына жеңілмей, баласын қалаған спорт түріне жетектеп апарғаны дұрыс. Бала өзі сүйген іспен айналысқанда ғана нәтиже шығарады. Мысалы, өзіме конькимен сырғанаған қатты ұнайтын. Ал коньки тебе алсаң, шорт-трекпен қатар хоккей, мәнерлеп сырғанаудың бірін таңдауға болады. Осылайша, менің көңілім, аңсарым шорт-трекке ауды. Бірнеше спорт түрін байқап көрген бала ішінен өзіне керегін оп-оңай таңдап алады. Егер шорт-тректі таңдасаңыз, талмаңыз. Табандылық – жеңістің жолдасы. Жаттықтырушы берген режимді ұстанып, талмай жаттығу жасасаңыз, жетістікке жетеріңіз хақ. Тәртіп бар жерде нәтиже болатынын ұмытпаңыз. Әр жарыс сайын он екі айналымды оңай еңсеру үшін еппен қатар жақсы көру керек.
Мәселен, Оңтүстік Кореяда балаларды бес жастан бастап қабылдайды. Бізде де бес жастан бастап бейімдеуге болады, әйткенмен көп жерде сегіз-тоғыз жастан қабылдайды. Өйткені шорт-трекке келген спортшы үзбе й жаттығу жасауы қажет.
Мысалы, Нидерландыда үш жыл дайындалдым. Сонда байқағаным, бала сегіз жыл қатарынан талмай қысқы спорт түрімен айналысса, әлемдік жарыстарда топ жара алады. Циклды спорт түрінде жүрекке жүктеме түсірмей, дайындалу керек. Егер спортта ұзақ уақыт жүргісі келсе, жүктемені де аз-аздан үстемелеп отырғаны жөн.
– Осы орайда ең алғаш әлемдік сынға қатысқан кезеңге оралсақ?
– Ең алғаш рет 2009 жылы әлем кубогында бақ сынадым. Ересектер арасындағы бірінші бәсекем болғаннан қатты қобалжыдым. Жауапкершілікті айтарлықтай сезіндім. Ел атынан қатысқан соң жақсы нәтиже көрсеткім келетіні тағы бар. Жарыстың өзіме қиын болғаны әлі күнге дейін есімде. Өйткені спортшылардың дені жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сонда ғана барынша еңбектену қажеті, дайындықты күшейтіп, әлемдік деңгейге сай болу керегін түсіндім. Айта кету керек, команда ретінде қатысатын сайыстың жүгі ауыр. Ал жекелей сында міндет өзіңе жүктеледі, барынша еркін көсілесің. Мысалы, он екі айналым ішінде белгілі бір кезеңге дейін жаймен қимылдап, тактика бойынша сытылып шығатын тұс бар. Әрине, тактика бірде жұмыс істейді, бірде істемейді. Бірақ деңгейі қатар спортшылар алаңға шыққанда, шеберлік пен бақ қатар шапса игі.
– Тоғыз ай бойы жарақатпен күрескеніңізді білеміз. Сонда «жарақаты бар спортшы ешкімге керегі жоқ» деп күйінгеніңіз бар.
– Әрбір спортшы жарақат алады. Бірақ емделуге келгенде өз қалтасынан ақша шығаруға мәжбүр. Жеткілікті қаражаты болмай, мансабын аяқтап жатқаны қаншама?! Мысалы, өз басым Түркия еліне барып, ем-шара қабылдадым. Тоғыз ай бойы карьерам үшін күрестім. Әрине, әркімге мансап өзі үшін керек. Десе де, белгілі бір деңгейде мемлекет не федерация тарапынан көмек болғаны жөн. Осы тұста спортшылар кімнен көмек сұрарын білмей, дел-сал күйге түседі. Өйткені спортшының керегі заңмен бекітілмеген. Сондықтан біз жоқ нәрсені даулай алмаймыз. Меніңше, спортшы жағдайын күйттейтін заң керек. Оның жарақат алған тұста, жәрдемақы не еңбек демалысына шыққандағы жағдайы заң жүзінде қаралса екен. Дәлірек айтқанда, «Мұғалім мәртебесі» сияқты спортшы құқығын қорғайтын заң керек-ақ. Осы тұста Мәдениет және спорт министрлігінің бірігіп жұмыс істейтіні тағы бар. Спортшылар ашылып айтпаса да, көпшілігі спорттың еншісін алып, бөлек шыққанын қалайды. Сонда бұқаралық спорттың бойына қан жүгіріп, біршама өзгеріс болар еді. Қарап тұрсаңыз, жүйесі бір министрліктерді де екіге бөліп жатыр. Оның жанында мәдениетке бөлек, спортты жеке дара қарайтын күн жеткен сияқты. Биліктегілер осыны ескерсе екен. Оған қоса демеушілер жайы айтылып жатады. Маған осы күнге дейін букмекерлік кеңселерден ғана демеуші ретінде ұсыныс түсті. Кейде спортты қолдайтын осылар ма деген ойға қаласың. Бірақ бір рет те ұсынысын қабылдағаным жоқ. Халықтың сан соғып қаларын білемін.
– Алға қойған мақсатыңыз?
– Олимпиадада орын алу – басты мақсатым. Одан бөлек, спорт менеджментін қолға алғым келеді. Қаншама жыл шетелде жүріп тәжірибе жинадым. Мәселен, Қытай, Канада, Корея және Нидерландыда шорт-трек қатты дамыған. Барынша жақсы жағдай жасалған. Аталған елдердің менеджментін, жаттығу жүйесін меңгердім. Сол тәжірибені елге әкеліп, қысқы спортты барынша дамытқым келеді. Мәселен, осы елдерде қысқы спорт базасы бар. Яғни, жас спортшы уақытын шығындамай-ақ сонда жаттығады. Бізде AIBA бокс базасы ғана бар. Ал басқа да спорт базасын тұрғызуға жағдай жетеді. Жоғарыда айтқанымдай, спорт жеке дара министрлік болса, жазғы және қысқы спорт түріне арналған жеке орган құрылып, нағыз өз ісінің мамандары жиналар еді. Мысалы, спорттағы тендер тақырыбын қозғап көрелікші. Бізге қаңтар айында инвентарь құрал-жабдық керек делік. Алайда тендер нәтижесін екі ай күтіп, керек затымыз сәуір айында бірақ қолымызға тиеді. Мүгедектердің де күйі осы. Бір жиында депутаттың айтқаны есіме түсіп отыр. Сонда «мүгедектер мен спортшыларға тендерді араластырмай-ақ керек-жарағын үлестірсек» деген еді. Осы айтқанын толығымен құптаймын. Жан-жақты жағдай жасамай, сала ішіне тереңдемей, спорт дамымайды.
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ