Текті өнерді кие тұтқан талғампаз көрермен Дулыға Ақмолданың өнеріне сүйсінуден жалыққан емес. Себебі ол сомдаған кейіпкерлердің болмысы терең. Бір рөлі екіншісіне ұқсамайтын ерекшелікке ие. Жақында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерімен театр және кино әлеміндегі қызықтар мен қиындықтар жөнінде әңгімелестік. – Сіз ойнаған рөлдер шынайылығымен көрерменге жақын. Сондықтан да қалың көпшілік сомдаған кейіпкерлеріңізді ерекше ықыласпен қабылдайды. Жалпы, актерлік талант бойыңызға қанмен келді ме? Әлде термен келді ме? – Негізі, талант адамға қанмен келетін қасиет. Бірақ талант қандай керемет болса да, оны ұштап тұрмаса талант болудан қалады. Сондықтан әрқашан талантты ұштау керек. Оны құрыштай қайнату қажет. Ыстыққа да, суыққа да салу керек. Талант төзімділікке үйрету керек. Ол үшін актерлер үлкен ізденіске баруы қажет. Жалпы, талант деген тек өнер адамдарына байланысты қасиет емес. Қай мамандық иесі болса да, талант керек. Сондықтан да талант адамның бір қасиеті деп бағалаймын. Ары қарай талантын дамыту актердің өзіне байланысты. Енді біздің тегімізде, арғы аталарымызда да, өз әкемде де, нағашыларымнан да талантты, өнерге жақын жандар бар. Маған талант солардан дарыса керек. Дегенмен жетістікке жету актердің еңбегі мен төзімділігіне байланысты. – Шынын айту керек, қазіргі қазақ киносы көрерменін сендіре алмайды. «Ң»-ға тілі келмейтін актерді де көріп жүрміз. Бұл жас буынның жалқаулығынан ба? Нағыз актер қандай болуы керек? –«Ң мен С»-ға тілі келмейтіндер жетіп артылады. Егер актер шынымен талантты болса, бұл кемшіліктері білінбей кетеді. Өкінішке қарай, қазір телесериалдардағы, кинолардағы актерлерден осындай олқылық байқалады. Көбіне мұндай кемшілік кәсібилігі жоқ, көшеден келген актерлерде кездеседі. Түрі, болмысы мен типажы әдемі. Бірақ тілінің мүкістігі бірден білінеді. Екінші, өзінің айтып тұрған сөздерін түсінбейді. Жаттандылық көп. Жаттап алған сөзін судыратып айтып беретіндер де бар. Оларды мен актер деп есептемеймін. Ал кәсіби актерлер айтқан әр сөзіне көңіл бөледі. Әсіресе, театрда істейтін актерлерде ондай дефект жоқ. Олар өзінің айтып тұрған әрбір сөзіне жауап бере алады. Нағыз актер өз саласының кәсіби маманы болуы керек. Нағыз актер шыңдалуы керек, театрда да, кинода да қамшы салдырмауы қажет. «Мен» деген режиссерлер мен актерлер жұмыссыз жүр – Соңғы кезде актерлер мен блогерлердің кино түсіруі тенденцияға айналып бара жатқандай. Қолында қаржысы бар адам режиссер, танысы бар жан актер атанып жүр. Бұл көрерменнің талғамын, қазақ киносының беделін түсіре ме? – Қазір киноны қаражаты бар, қолынан іс келетін кез келген адам түсіріп жүр. Бұл үрдістің дұрыс жағы да бар. Кинодағы бәсекелестікті арттырып, көрерменнің таңдауына қарай ұсынады. Дегенмен арзан, ортанқол кинолардың көбейіп кеткені рас. Режиссураның деңгейінің төмендеп кеткені де шындық. Өкінішке қарай, нағыз «мен» деген режиссерлер мен актерлер жұмыссыз жүр. Бұл уақыт та өтетін шығар деп үміттенемін. – Танымал актер Нұржұман Ықтымбаев бір сұхбатында сізді «Голливудты бағындыруға лайық актер» деп бағалап еді. Осындай мақсат бар ма? Әлде Голливудты бағындыру жолында кедергі көп пе? – Иә, Нұржұман аға жолыққан сайын пікірін айтып тұрады. Көп актерге Голливудқа жету, әлемдік рөл ойнау арман шығар. Бірақ «актерлігіңді дәлелдеу үшін немесе жетістікке жету үшін Голливудқа бару қаншалықты қажет?» деп ойлаймын. Голливуд өзі іздеп келмесе, олардың тарапынан сұраныс болмаса, ол жаққа қарай өз бетіммен ұмтылу менің ойымда жоқ. Өйткені кедергі көп. Ол үшін ағылшын тілін жақсы меңгеру керек. Сол үшін Голливудқа қатты құлшынысым жоқ. Отандық кинода жүріп те, көрермен жадында сақталатын жақсы рөлдер сомдауға болады. «Сержан братан» жеңіл рөл емес – YouTube-тегі арналардың біріндегі «Сержан братан» рөлінен кейін ел арасындағы танымалдығыңыз арта түсті. Сахнадағы салмақты рөлдерден кейін 90-жылдардың рэкеттерін ойнау оңайға соқты ма? Бұл рөлге келісуіңіздің себебі қандай? – YouTube арна ұсынған барлық жоба жеңіл-желпі деп айтуға келе қоймас. Мен ойнаған рөлдер керісінше, өте ауыр, салмақты. «Сержан братан» қақаған қыста, аязды күні далада түсірілді. Уақыттың тығыздығына байланысты кейбір сахналарды жылдамырақ түсіруге тура келді. Мұның барлығы қаншама жүйке мен қаншама энергияны қажет етеді. Сондықтан да бұл образ оп-оңай келе салды деп айта алмаймын. Кейбір көрермен Сержан братан рөлін қабылдай алмай жүр. Сахнадағы рөлдер мен кинодағы образдарды екіге бөліп тастауға болмайды. Сахнаның өз құдіреті, өз қиындығы бар. Дәл сол сияқты кноның да өзіне тән қиындығы кездеседі. Сондықтан YouTube арнасына түсіп жүрген рөлдерімді оңай деп айта алмаймын. Олар да киноның принциптерімен түсіріледі. Жалпы, рөлді жеңіл шығара салу деген ұғымды түсінбеймін. Қандай рөл алса да актер үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Танымалдық мәселесіне келетін болсақ, бұл фильмсіз-ақ мені көрермен танитын. Бірақ «Сержан братаннан» кейін жастар арасындағы танымалдылығым арта түсті. Мені іздеп жас көрермендер театрға келе бастады. Осылайша, олар театрдағы рөлдеріммен де танысты. Одан кейін жас көрермен менің бұрын түскен фильмдерімді іздеп, тауып, қарай бастады. Жалпы мен туралы деректер қызықтыра бастады. Соған қуанамын. YouTube сериал осы жағынан ұтымды болды. Бұзақының рөлін ойнау үшін бұзақы болу міндетті емес. Бірақ 90-жылдар мен үшін айға барғандай жат кез емес, өзіміздің көзімізбен көріп, басымыздан өткізген жылдар. «Сержан братанның» рөлі табиғатыма жақын болды. Сол кездердің жаргондары, сөйлеу мәнері, қалай жүру керек, куртканы, бас киімді қалай кию керек екенінің барлығы есімде. Сценарийді жазған режиссер Әлішер Утев басында материалды дайындап, мені тауып, маған арнап, лайықтап, рөлді жазып шықты. Жазып шыққан соң сценарийді толық оқып шықтым. Маған бірден ұнады. Бұл шығармашылық тандем, байланыс деп аталады. Әлішер нақты не түсіру керек екенін, актерлермен қалай жұмыс істеу керек екенін жақсы білетіндіктен, халықтың көңілінен шығатын киноны түсіре білді. – Сіз талғамы жоғары актерсіз. Жеңіл-желпі сценарийлерге неге бет бұрдыңыз? YouTube арнадағы сериалға түсу қажеттілік пе? – Мен бірінші киноның сценарийіне мән беремін. YouTube арна ұсынған сценарий жеңіл-желпі емес. Сценарий ұнағандықтан, рөл ұнағандықтан келісім бердім. Ол жердегі рөлде актердің жасайтын, ізденетін тұсы көп. Актер ретінде бірқалыптылықты ұнатпаймын. Актер театрда да, кинода да өзінің барлық қалпын көрсетуі керек. Сәтсіз де, сәтті де рөлдер болады. Дегенмен актер осы кезеңнің барлығынан өтуі қажет. Сондықтан да сценарий жақсы болса, YouTube арнаға түспеймін деп қарап отыруға болмайды. Жетісіп тұрған қаламақы жоқ – YouTube арнада қаламақы көп төлене ме? – Қазір қай киноға барсаңыз да, жетісіп тұрған қаламақы жоқ. Біздің актерлердің деңгейімен қаламақы өте төмен деп айтуға болады. Менің негізгі мақсатым қаламақыға тіреліп қалмайды. Әрине, өз деңгейіме қарай қаламақы сұраймын. – Білуімізше, тұрақты түрде күнделік жазасыз. Театр мен әдебиетті егіз ұғым десек, алдағы уақытта драматургияда қалам тербеуіңіз мүмкін бе? – Күнделік жазу әдетімде бар. Бала күннен, студент шақтан бері күнделік жазамын, бірақ барлығы көшіп жүріп сақталмай қалды. Біразын жоғалтып алдым. Арасында күнделіктен бөлек өз ойымды жазғаным да бар еді. Ол да жоғалып кетті. Әлі күнге дейін жазып жүрмін. Оның да жазылу түрлері бар ғой. Мен барынша қарапайым жазғанды жақсы көремін. Өсек термеуді жөн көремін. Бірақ күнделікті, тұрақты жазып жүрмін деп айта алмаймын. Өйткені уақыт тапшы. Қол босаған кездерде керекті ойларымды түртіп тұруға тырысамын. Ол өзім үшін. Болашақта драматургияға, жазушылыққа бару ойымда жоқ. Өйткені драматургия үлкен жанр. Сөздің шыны керек, қазір жазушылардың өзі драматургияға қалам тербей бермейді. Жазған күннің өзінде қорқа-қорқа кіріседі. Жазушының бәрінен драматург шығуы мүмкін емес. Киносценарий жазу, пьеса жазу оңай жұмыс емес. Сондықтан менде жазушы болып кетейін деген мақсат жоқ. Өзімнің актерлік кәсібімді жақсылап меңгеріп, халыққа рөлдерімді дұрыс жеткізе білсем сол да жетеді. Биыл ұстаздықты бастап жатырмын. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 30 баланы «Актерлік шеберлікке» 1-курсқа қабылдадым. Енді оларды 4 жыл оқытамын. Бар білгеніммен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеймін. Бұл қадамға да көп ойланып қадам бастым. Неше жылдан бері академияға шақырып жүрді. Бірақ мен бұл ұсыныстан бас тартып келдім. Себебі ұстаздықты өте жауапты жұмыс деп есептеймін. Биыл біраз дайындықтан өтіп, шәкірт тәрбиелеуге бет бұрдым. Бастамасы жаман емес. Балалар бірінші семестрді аяқтады. Енді солардың ішінен бағана өзім айтқандай, таланттарын шыңдап, бойындағы бар қасиетін шыңдап, еліміздің беткеұстар актерлерін, адал азаматтарын шығарсам ба деген ізгі мақсатым бар. Еліне қызмет ететін, толыққанды актер даярлау – мақсатым. – Әңгімеңізге рақмет !