«Егіз» көлік кезікті
«Егіз» көлік кезікті
© коллаж: Әсел Балтақызы
3,943
оқылды
Автокөліктің де «егізі» бола­тынын бұрын-соңды кім білген? Солтүстік Қазақстан облысында осындай машина табылды. Өкі­ніштісі сол, осы жайттан көліктің иесі зардап шегіп отыр. Оның ақ, адал ақшаға сатып алған көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Мамлют қаласының тұрғыны Арғын Қанғожин 2021 жылдың қаңтарында Астана қаласына барып TOYOTA ESTIMA көлігін сатып алған. Ресей есебіндегі көлікті сатқан Руслан Мұқаш деген аза­матқа екі миллион жеті жүз мың теңгесін шытырлатып санап беріпті. Сол жерде сақтандыру полисін ресімдеп, көлікті басқару құқығына ие болған.
«Машинаны сатып алмас бұрын Ре­сей Федерациясындағы таныстарыма ха­барласып, деректер базасынан тексе­руді өтіндім. Ондағылар дәл осы көлік есепте тұрғанын, құжаттары дұрыс еке­нін айтты. Содан соң ғана ақшамды тө­ледім. Бұрынғы иесінің жазып берген қол­хаты да бар», – дейді Арғын Қыз­даркеұлы.
Алайда «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, сол жылдың қарашасында облыс орталығынан қала маңындағы Бескөл кентіне бара жатқа­нында оны «Южный» қосынында поли­ция қызметкерлері тоқтатып, көлігін тартып алған. Бұл әрекетін полицейлер «кө­лігіңіз басқаның «егізі» деп түсінді­ріпті. Тіпті винкод нөмірінің сәйкес­сіздігін де көрсетіпті. Бірден қылмыстық іс қозғап, машинаны айып тұрағына қойған. Содан бері жаяу қалған Арғын Қанғожиннің әділдік іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Әділет министрлігі Сот сараптамалар орталығының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы жасаған сараптама көліктің Ресейде тіркелгені туралы куәліктің жалғандығын, бірақ көліктің өзі таза, ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екенін, ешқандай деректер базасында тіркелмегенін көрсеткен. Қалалық прокуратура анықтаға­нын­дай, бұл Toyota Сергей Лихобаба деген адамға тиесілі екен. Бірақ тіркеу куәлігі Ресей Федерациясы аумағында көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жасау әдісіне сәйкес келмейді. Сондықтан қа­лалық прокуратура Арғын Қанғожиннің арызын қараудан бас тартқан. Сондай-ақ оған көлігін де қайтармаған. Себебі, машинаның өзі заң бойынша қылмыстық іс аяқталғанша заттай айғақ ретінде іс материалдарына қосылады. Айтқандай, қылмыс жасаған адам табылмаса, іс тоқтатылуы мүмкін. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің»
Солтүстік Қазақстан облыстық поли­ция департаменті процессинг орталы­ғының бастығы Әсет Мәтеннің түсін­діруінше, егер өтініш иесі өзінің әрекеті заңды екенін дәлелдей алса, көлігі қай­тарылуы мүмкін. «Бірақ оны мінуге болмайды. Тек қосалқы бөлшек ретінде пайдалануға не бөлшектеп сатуға ғана болады. Себебі, дәл осындай мемлекеттік нөмірлі машина Ресей Федерациясында да бар. Мұның құжаттары жалған, қолдан жасалған. Оны біздің қызметкерлер винкод арқылы дәлелдеді. Винкод көліктің теміріне, кузовына, шассииіне – кез келген жеріне жазылуы мүмкін. Қос тіркеуі бар көліктер легализациялауға жатпайды», – деп түсіндірді маман.
Биыл 23 қаңтарда шетелдерден әке­лінген көліктерді заңдастыру басталады. Көлік иелері 200 000 теңге төлеп ма­шиналарын заңдастыра алады. Ал «егіздің сыңары» болып табылатын көліктер заңдастырылмайды. Мұндай заңсыздықты анықтау үшін біздің поли­цейлер ресейлік әріптестерімен бірлесіп, олардың деректер базасына кіріктірілген. Құжаттардың заңды-заңсыздығын анық­тауға әрі кетсе жарты-ақ сағат уақыт жет­кілікті көрінеді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, легализация бас­талған кезде егіз қозыдай көліктер қаптап кетеді деген жорамал бар. Процессинг орталығы бастығының айтуынша, ре­сейлік есептегі көлік сатып алушылардың 99,9 пайызы құжаттарының жалған болып шығуы мүмкін екенінен хабардар. «Дегенмен, арзан бағасына қызығып саналы түрде осындай тәуекелге барады», – дейді ол.
«Егіз» көліктер тым көп таралмаса да, ара-тұра кездесіп қалады екен. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде осындай сегіз көлік анықталған. Күйзелістің салдары Өтініш иесі әділдік іздеп «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қо­ғамдық қабылдауына жүгінді. Мұндай қадамға баруына тек көлік мұңы ғана емес, осы келеңсіздіктен жүйкесі әбден жұ­қарған зайыбының белгісіз дертке ұшы­рауы да себеп болған. Арғын Қыз­даркеұлының айтуынша, сап-сау жүрген келіншектің бүгінде құр сүлдері қалған. Бойына ешқандай тамақ батпайды. Бір жыл ішінде 40 килограмға жүдеген Ал­магүл Қанғожинаны апармаған дәрігер қалмапты. Тіпті, Петропавлды былай қойып, Астанаға, Көкшетауға, Омбыға, Шымкентке, Түркістанға дейін барған. Ташкенттің дәрігерлеріне де жүгініпті. Өкініштісі сол, дәрігерлердің ешқайсысы оған диагноз қоя алмаған. Тек Ташкент хирургтары асқазанының 2/3 бөлігін және он екі елі ішегінің жартысын кесіп алып тастапты. Бірақ одан науқас оңалып кете қоймаған. Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасында да жіңішке ішегінің бір бөлігінен айырылған.
«Бұл да дертіне дауа болмаған Алма­гүлдің жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Бұған дейін қазақ тілінің мұғалімі болған ол бүгінде жұмыс істеуге қау­қарсыз. Диагноз қойылмағандықтан, ау­рухана парағын ашу да қиын. Екі ұлы­мыздың бірі – бронхит астмасына шал­дыққан. Оны да емдеу керек. Отбасын асырау мұңға айналды. Бұрын Мамлют­кадан Бескөлге тәркіленген көлікпен қатынап жұмыс істейтінмін, арасында көлікпен жүк тасып қосымша табыс табушы едім. Енді оның бірі де жоқ. Бес­көлге көшіп келуге мәжбүр болдық. 62 мың теңгеге үй жалдап тұрамыз. Банктегі несиелерімізді өтеуге шама жоқ. Барлық есеп-шотым бұғатталған, еңбекақым бірден банкке кетеді. Зайыбымның бел­гісіз ауруға шалдығуына көлігімізден айырылуымызға байланысты терең күйзеліс себеп болды деп ойлаймын», – дейді өтініш иесі.
«AMANAT» партиясының филиа­лындағылар Алмагүлді емдеу мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сымен бірлесіп шешетін болды. Тәркі­лен­ген көлікті қайтару мәселесін де заң аясында оң шешуге ықпал жасалмақ. Тек бір әттеген-айы, сап-сау мініп жүрген көлігін Арғын Қанғожин қайтарған күн­нің өзінде тек қосалқы бөлшек ретінде ғана пайдалана алады. Бұдан шығатын қорытынды – шет ел есебіндегі көлікті сатып алған кезде белгілі бір тәуекелдер бар екенін естен шығармаған жөн.

 Солтүстік Қазақстан облысы