Тәуелсіздіктің жылнамасын жасаған шаңырақ – 14 қаңтарда Президент Архивінің іргесі қаланды
Тәуелсіздіктің жылнамасын жасаған шаңырақ – 14 қаңтарда Президент Архивінің іргесі қаланды
2,084
оқылды
Қазақ халқында «Тарихсыз ел болмайды» деген тәмсіл бар, сөздің төркіні де түсінікті. Тасқа қашалып жазылып бастаған тарих кейіннен қағаздарға түсіріліп сақталып келеді. Біздің халықтың тарихы сонау ғасырлардағы сақтардан бастау алып, бүгінгі күні құпиясы мен сыры көп іргелі ілімге айналған. Әр халық өткен тарихында мемлекеттілік болғанын нақты деректермен ғана дәлелдей алады. Қай мемлекет болмасын тарихын таңбалауды, сақтауды алдыңғы орынға қояры анық. Сол себепті тәуелсіз ел болып, отау тіккен шақта осы құжат сақтау саласы мемлекеттік тұрғыдан демеу алып, ретке келтірілді. 1994 жылы 14 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығына сай Жаңа тарих Орталық мемлекеттік архивінің негізінде ҚР Президентінің Архиві құрылған еді. Ал ҚР Президентінің 2022 жылғы 9 ақпандағы Жарлығына сәйкес, Архив «Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Осы Жарлыққа орай Президент Архивінің жаңа ережесі бекітіліп, 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен стратегиялық жоспары дайындалды. Архив жаңа бастамаларға бет алып, алға қарай қадам басты. Былтырғы дерек бойынша, Архивте 856 мыңнан астам іс сақтаулы болса, биыл бұл сандардың көрсеткіші ұлғайған. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша, 1 миллионнан астам іс бар екенін нақты айта аламыз. Архивте сақталған құжаттармен танысу үшін былтыр оқу залында 450-ден астам зерттеуші келген. Олардың қатарында Венгрия, Германия, Қырғыз Республикасы, Малайзия, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция және Жапония азаматтары да бар. Президент Архиві архившілердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар шара  ұйымдастыратынын айта кеткен жөн. Оған Жас архившілердің жазғы мектебі, студенттер арасындағы республикалық олимпиада, «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты архившілердің халықаралық конгресі сөзімізге дәлел бола алады. Былтыр конгреске БҰҰ, ЕО және ЮНЕСКО-ның, Азия мен АҚШ, ТМД-ның 15-ке жуық елінен жетекші ғалымдар, сарапшылар мен мамандар қатысты. Архив ісін дамыту, құжаттық мұраны сақтау мәселелері бірнеше диспуттық аудиторияда талқыланып, әлем архившілері арасында тұрақты халықаралық кәсіби сұхбат алаңы құрылды. Конгресс аясында Алматы метрополитенінде көрмелер ұйымдастырылды. ҚР Президентінің Архиві Байқоңыр стансасында, Алматы қаласының мемлекеттік архиві «Абай» метро стансасында, ҚР Орталық мемлекеттік архиві «Б.Момышұлы» стансасында, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві «Алмалы» стансасында тарихи-деректі көрмені ұсынды. Сондай-ақ 2022 жылы Қазақстанда жарияланған Балалар жылы аясында Архив Алматы қаласының оқушылары арасында «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» байқауын ұйымдастырды. Оған 47 білім беру мекемесінен 85 оқушы қатысып, ата-бабалары жайлы мағлұматтар білді. 2023 жылы Қазақстан  Президентінің Архиві 1998 жылғы 22 желтоқсанда бекітілген «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» ҚР заңының 25 жылдығына орай архивтік марафон ұйымдастыруда. Марафон барысында дөңгелек үстелдер, тақырыптық кездесулер, көрмелер, экскурсиялар, дәрістер және т.б. шаралар өтеді. Президент Архиві барлық ниетті жандарды марафонға қатысуға шақырады, себебі Қазақстан тарихының бірегей әрі баға жетпес мұрасын насихаттау бәрімізге ортақ парыз. Дайана Тоқбергенова, ҚР Президенті Архивінің қоғаммен байланыс маманы