Сапарбаев Меркі қант зауытының мәселесін шеше ме?
Сапарбаев Меркі қант зауытының мәселесін шеше ме?
277
оқылды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтқан сөзінен айнымады. Есепті жиында еңбек адамдарына «Меркі қант зауытына қатысты қарыздарын шешіп беремін» деген әкім өз сөзінде тұрды. Оның нүктесі кеше облыс әкімдігінде өткен жиында қойылды. Жалпы, өткен сенбіде диханшыларды қабылдаймын деп уәде еткен Бердібек Машбекұлы «сөзінен тайқып кетті» деп  шаруалар өкпе арта бастаған болатын. Алайда әкім дүйсенбі күні еңбек адамдарының басын қосып, бір қуантып қойды. –  Меркі қант зауытының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер алдындағы берешегін өтеу мәселесі шешімін тапты. Біз кәсіпорын басшылығымен кездесіп,  қызылша өсірушілер алдындағы берешекті кесте бойынша өтеуге  келісім жүргіздік. Егер зауыт басшылығы өз уәдесін орындамаса, қатаң шаралар қолданамыз. Агрономдар қайта қызылша егу жұмыстарын жүргізу үшін, берешек қаражатының бір бөлігі наурыз  айында қайтарылады, – деп  облыс әкімі  Меркі қант зауытының бақылау кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбековті орнынан тұрғызып, көпшіліктің көзінше уәдесін алды. – Елімізде қант бағасының күрт төмендеуіне байланысты бізде де күрделі қаржылық жағдай қалыптасып, облыс дихандары алдында қарыз болып қалдық. Облыс әкімімен кездесуде берешекті кезең-кезеңімен өтеу жөнінде шешім қабылданды. Қарыздың бірінші жартысы келесі айда өтелетін болса, қалғаны сәуір айының алғашқы екі аптасында төленеді, – деді ол.    width= Осылайша,  «бауын  тапса, байлауын  таппай»  жүрген мәселеге нүкте қойылғандай болды. Алайда  қант зауытының шаруалар  алдындағы жалпы қарызы  918 миллион теңгені құрайтынын ескерсек, бұл берешек қашан толықтай өтеліп бітетінін тап басып айту қиын. Әйтеуір уәде уәде күйі қалмаса болғаны. Ал еңбек адамдары «қант зауыты басшылығынан көңіліміз қалған, ең бастысы  Сапарбаевтың сөзіне сенеміз» деп отыр. Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы