Өзі – мас, сөзі – лас, ісі – нас
Өзі – мас, сөзі – лас, ісі – нас
586
оқылды
Солтүстікте маскү­нем­дер көбейіп тұр. Облыстық Психикалық денсаулық орталығының мәліметіне сүйенсек, алты мыңға жуық адам маскүнем ре­тінде наркологиялық ор­та­лыққа тіркелген. Бұл өңірде спирттік ішім­діктерге әуес 5 675 адам тіркеуде тұр екен. Бірақ мамандар мұның 2018 жылмен салыстырғанда төмендегенін айтады. Психикалық денсаулық орта­лығының нарколог дәрігері Елена Шарабар: «2019 жылы орталықта 5 675 адам есепте тұрса, 2018 жы­лы 5 768 адам болатын. Орталық­тың тіркеуінен талаптар орын­далған жағдайда ғана есептен шығарылады. Ол үшін тіркеудегі емделуші ай сайын психиатр-наркологқа қаралуы тиіс. Спирт­тік ішімдіктен бас тартып, емін жалғастыруы керек. Сондай-ақ психологиялық көмек алуы тиіс», – дейді.  

Маскүнем әйел көбейді

Қазір орталықта 5 мыңнан астам адам есепте тұрса, соның мыңнан астамы – әйел. Арала­рында бала да бар. Өкініштісі, 24 жасөспірім наркологтың бақы­лауында емделуде. Бізді елең ет­кізгені де – осы. Бір өңірде мың­нан астам әйел – маскүнем. Ал еліміз бойынша алкоголь ішетін әйелдің саны 30 мыңнан асыпты. Қазір қазақтың қызы да, әйелі де арақ-шарапқа құмар. Бұл жаңалық болудан қалғаны қашан?! Әйелдің маскүнемдігі дерт пе, сор ма? Қарап тұрсаңыз, бұл да қасірет. Отбасының, ошақ қасының ұйыт­қысы ішімдікке құмартса, қасірет болмағанда қайтсін?!.
Нарколог дәрігерлер әйелдер ішімдікке салынса, ол жолдан шыға алмайтынын айтады. Өйт­кені әйел алкогольге құмартса, ең алдымен отбасы бұзылады, бала­лардың психикасына әсер етеді. Зорлық-зомбылық көбейеді. Анасы ішімдікке құмар отба­сы­ның балалары да алкогольге тә­уелді болып шығады. Ер азамат­тарға қарағанда, әйелдердің алко­гольдік тәуелділігі жоғары дең­гейде дамиды. Алкоголь тек пси­хиканы емес, ішкі органдарды да бұзады. Гепатит, бауыр циррозы, неврит және витаминдік тепе-теңдіктің бұзылуы еркектерге қа­рағанда, әйелдерде екі есе жиі кездеседі. Сонымен қатар бүйрек жеткіліксіздігі, сондай-ақ ұйқы безі мен асқазанның зақымдануы да дамиды. Жүрек зардап шегеді, инсульт пен инфаркт қаупі өте жоғары болады. 
«Ішімдікті жиі пайдаланатын әйелдің бала туу мүмкіндігі айтар­лықтай төмендейді. Өлі туылады, шала туылады және туа бітті дене кемістігі бар балалар өмірге келеді. Егер әйел жүктілік кезінде ішімдік ішсе, онда жаңа туатын нәрестеде ұрықтың алкоголь синдромы жиі пайда болады, сал­мақтың өсуі мен кешігуі, беті, аяқ-қолы, буындары кеш дамиды, ақыл-ойы артта қалады. Еркек­терге қарағанда әйелдерде жиі алкоголь галлюцинациясы мен психоз жиі байқалады. Психозды емдеу қиын және ұзақ уақытқа созылады. Емдеу баяу жүреді әрі адамның қайта қалпына келуі мүмкін емес» дейді нарколог дәрігерлер.  

Табысы төмен азаматтар ішімдікке үйір келеді

Әлеуметтанушы Айсұлу Мол­дабекова «Мұның басты себебі – тұрмыстық түйіткілде» дейді. «Ста­тистикалық деректер бо­йынша ер-азаматтарға қарағанда әйелдердің арасында жұмыс­сыздық деңгейі өте жоғары. Ресми статистика 5,7 деңгейін көрсет­кенімен, тіркелмеген жұмыссыз әйелдердің саны одан да көп. Тағы бір себеп – жалақы айырма­шылығы. Әйелдердің жалақысы еркектерге қарағанда, 33 пайызға кем. Асыраушысы жоқ отбасылар деп саналатын, яғни жалғыз басты әйелдердің де саны артып келеді. Мұндай отбасылардың негізгі жауапкершілігі – әйелдің мой­нын­да. Сондықтан осындай тұрмыстық түйткілдер әйелдердің ішімдікке құмартуына алып келеді. Әрі олардың жұмысқа орналасуы да қиын. Осылайша, әйел азаматтар қоғамда өзінің әлеуметтік орнын таппағаннан кейін «жеңіл жолды» таңдап кетеді. Одан бөлек, адамның маскүнемдікке салынуына оның білім деңгейі мен табысының көлемі де әсер ететін көрінеді. Табысы мен білімі төмен азаматтар ішімдікке үйір келеді» дейді ол.
Алкогольге үйір азаматтар са­уығуды да қаламайды. Олар дә­рігерге өздігінен қаралмайды. Ішімдік қабылдайтын адамдар өз мамандығын тез жоғалтады, мамандығына сай емес жұмыспен айналысып кетеді. Сол себепті де емдеуді ерте бастан бастаған жөн. Әйелдер арасындағы алко­го­лизм­нің әлеуметтік салдары ерлерге қарағанда ауыр. Асқынған алкоголизм жағдайында әйелдің интеллектуалдық қабілеті мүлдем төмендеп кетеді. Психикасы өз­геріп, ашушаңдық, адуындық мінез-құлық пайда болады. Мо­ральдық тұрғыдан азғындап, теріс жолға түсу қаупі артады. Мамандар мұны әйелдің алкогольдік дегре­дациясы деп атайды. Мұндай әйелдерді қоғам қабылдай бермейді. Ет жақындары ғана емес, тұтас қоғам оларға жиір­кенішпен қарай бастайды. Сол деградация әйелдің өз-өзіне қол жұмсауына алып келеді. 
Ал психолог Ғалияш Көпті­леуқызы: «Қазір ажырасу көп. Көбіне бір сөмкеден басқа мой­нына артқан жүгі жоқ еркек есік­тен шығып кете береді. Ауырт­палықты әйел көреді. «Ажырасам, болды, жетті» деп күйеуден шар­шаған әйел, қиындықпен бетпе-бет қалғанда қиналады. Қар­жылық қиындық, әйелдік табиғи қажеттілік бәрі қысады. Шар­шайды, жұбанышты сырадан бастайды. Ішсе бәрі ұмытылады, жеңілдейді. Ал есін жиса, азайған қиындық жоқ. Сонымен қиын­дықпен арпалысып жүріп, көңілін сейілтетін емін өзі табады. Кейін сол еміне өзі батады. Махаббаттан зардап шегіп, ішімдікке алданатын әйелдер бар. Қазір сезімнің қадірі жоқ. Еркектер әйел­дерге өте жеңіл қарайды. Әйелдер ба­қытын әр еркектің бетіне, аузына қарап іздейтін заман. Осылай бағын іздеймін деп сорын табатын әйелдер де осы ішімдікпен басады құмарлығын. Ал ең басты себеп, түсінетін, тыңдайтын адамның жоқтығында. Ішсе айта алады, ішкендермен жүрегін ашады, еркін сырласады. Жаны ашылуды, сырласуды іздейтін әйелдер де осы ащы суға құмар болады. Әйел қанша мықты көрінгісі келгенмен, жаны нәзік болады. Олар ұзақ шыдайды, ұзақ күреседі, ұзақ ертегіге сенеді. Бірақ бір күні морт сынады. Иман Солтүстік аймақта көп тарала қоймаған болар. Дін құтқарушы. Сабыр мен тоқтамға шақырушы. Құтқарушы, жаман­дықтан қашырушы. Қиындық қатты қысқанда, арқа сүйер ері болса да, болмаса да, өз қиын­дығымен күресе алмаса, әйел дінді пана тұтқаны дұрыс. Ал еріне құйып беріп отырып, еріп іше­тін­дердің әңгімесі бір бөлек. Бұл – мінез әлсіздігі. Себеп осылай кете береді», – дейді.  

P.S. Ашаршылықта, небір нәу­бет замандарда ұлтты сақтаған ұлы аналар екенін жазып та, айтып та жүрміз. «Қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған» бүгінгі бейбіт заманда әйел маскүнемдікке ұрын­са, бұл да үлкен қасірет. «Сананы тұрмыс би­лейтіннің» кері – осы. Әлеуметтік мәселесі шешімін тап­са, табысы жо­ғары болса, тұрмысы түзелсе, әйел де ащы суға құмартпас еді. Өзі – мас, сөзі – лас, ісі – нас адамдар көбеймесін деп тілейік.

   width=Гүлзина БЕКТАС