Қазақстанға бір қауіп төніп тұрғанын құзырлы органдардың мәліметтерінен байқауға болады. Бір мезгілде бірден бірнеше қалада тонналап, қаптаған қапшыққа толтырылған есірткі қоры тәркіленді. Оның бәрі ел ішінде сатылғанда, қаншама қазақстандықтың түбіне жетуі ықтимал еді. Осы орайда Қазақстанда Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған жаңа, кешенді жоспарының жобасы әзірленіп отыр. Енді не өзгереді? Ушығып бара жатқан қауіпті құбылысты құрықтау үшін қандай іс-шаралар жүзеге асырылмақ? Есірткі саудасы есіріп барады Шынында, кейінгі кезде осы салада жария болған жаңалықтар қорқынышты жағынан бірінен-бірі өтеді. Мысалы, елімізде 5 жыл ішінде синтетикалық есірткі тұтынатындар саны 14 есе артқан! Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тұжырымдауынша, жастардың денсаулығына, психикасы мен физикалық жағдайына теріс әсер ететін және мінез-құлқының бұзылуына әкеліп соқтыратын проблемалардың бірі есірткіні қолдану болып отыр. 2022 жылғы 1 шілдедегі деректер бойынша, психоактивті заттарды пайдалану салдарынан 18-29 жас аралығындағы 6 мыңнан астам қазақстандық «психикалық мінез-құлық бұзылыстары» (ПМБ) диагнозымен динамикалық бақылауға алынған. Олардың 46%-ы есірткі және психотроптық заттарды қолданған.
«Психоактивті заттар арасында жаңа түр ретінде «синтетикалық есірткілерді» тұтыну санының күрт өсу үрдісі белең алды. Бес жыл ішінде балалар мен ересектер арасындағы соны тұтынатындар контингенті 14 есе өсті. Оны ерте жастан тұтыну тәуелділіктің даму қаупінің жоғарылауына әкеледі. Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін психоактивті заттарды қолдану салдарынан олардың психикалық, мінез-құлық бұзылыстарының, сондай-ақ жастар арасындағы суицид әрекеттердің алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүйелі түрде жүргізу қажет», – деген байлам жасады министрлік.Жаңа 2023 жылдың басында, 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің әртүрлі өңірінде есірткі саудасымен айналысатын топтың жолын кесуге бағытталған арнайы операцияны іске асырды. Нәтижесінде, Петропавл қаласында есірткі қылмысына қатысты топтың көмекшілері ұсталып, олардан 5,5 тоннаға жуық апиын түрі алынды. Ал Өскеменде 1 тонна көкнәр шикізатын алып жатқан есірткі курьері ұсталды. Қарағандыда жалға алған қоймаларда 10 тоннадан аса есірткі шикізатын сақтап келген топ ұйымдастырушылары ұсталған. Алдын ала тергеу анықтағандай, аталған есірткі шетелден Қазақстан аумағына тамақ өнімдері түрінде кіргізіліп, елдегі есірткіге тәуелді адамдар ортасында саудаланған. Қолға түскен есірткінің жалпы көлемі 16 тоннадан асты. Жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны, ал есірткі бизнесіне қарсы күрес жалғасқаны хабарланды. Мұның алдында, 2022 жылғы шілде мен қазан аралығында қазақстандық ҰҚК өзбекстандық, қырғызстандық, ресейлік әріптестерімен 36 есірткіге қарсы бірлескен операция өткізген болатын. 11 халықаралық және 14 аумақтық есірткі трафигінің арналары жойылды. Синтетикалық есірткі өндірумен айналысатын 4 жасырын лабораторияның жұмысы тоқтатылған. Жаһанда да жағдай ушықты Бұл салада бүкіл әлемде күрделі ахуал қалыптасыпты. Шетелдік ақпарат құралдары, сарапшылар әлем арзан есірткіге «қарық болғанын» жариялап, дабыл қақты. ВВС мәліметінше, халықаралық деңгейде құзырлы органдар мен арнайы қызметтерден бастап, экстремистік күштер және лаңкестік ұйымдардың ұяшықтары жұмылған жаңа соғыс өрті қаулай бастады. Бұл соғыс есірткі саудасымен байланысты: кейбір аймақтарда оның таралуы апат ауқымына дейін ушыққан. Мысалы, БҰҰ Таяу Шығыста тыйым салынған заттарды тұтыну проблемасы эпидемия дәрежесіне жеткенін мәлім етті. Ал Сауд Арабиясы есірткі сатушыларға өлім жазасын енгізуге мәжбүр болды. 2019 жылы жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, есірткі контрабандасына айыпталған 3 адамға қатысты өлім жазасы жүзеге асырылған. Оның екеуі – Мысырдың, біреуі – Палестинаның азаматы. Мемлекет кең қанат жайып бара жатқан халықаралық есірткі саудасымен күресті күрт күшейтті. Есірткі заттары алапат көлемде жеміс жеткізілімдеріне жасырылып тасылғандықтан, Сауд Арабиясы 2021 жылы Ливаннан жеміс импортына тыйым салып тастады. Азия елдеріне есірткі заттары негізінен, Ауғанстаннан, Сириядан таралады. Иордания Қарулы күштерінің полковнигі Зайд ад-Даббас BBC News сұхбатында Сирияның оңтүстігінде заңсыз тауарларын дрондармен тасымалдайтын ең кемі 160 ірі контрабандистер тобы қимылдайтынын жеткізді. Үрейлендіретіні сол, соңғы уақытта контрабандистерге қарулы әскери топтар ере жүретін болған. Мемлекеттердің көбінде есірткі тасымалдаушылармен бірінші кезекте шекарашылар күреседі, демек қарулы топтармен бетпе-бет келу қаупі күшейгендіктен, шекарашыларды мықтап қаруландыру мәселесі күн тәртібіне шықпақ. Жедел талдау және зерттеу орталығының (COAR) аналитигі Ян Ларсонның пікірінше, бұл күресте тек қатал жазалармен ғана шектелуге болмайды.
«Тыйымдар, өлім жазасы адамдарды нашақорлық жолына, есірткіні тұтына бастауға итермелейтін себептерді, факторларды, проблемаларды жоймайды. Сауд Арабиясында адамдар наша тұтыну үстінде ұсталып қалса, әдетте оны екі жыл мерзімге түрмеге қамаумен жазалайды. Шетелдік болса, еліне депортациялайды. Бұл ел нашақорларға қатысты БҰҰ ұсынымдарын ұстануға тырысады. БҰҰ есірткі тұтынушыларды ерекше емдеуге және көмекке мұқтаж сырқаттар ретінде қабылдауға кеңес береді. Алайда мемлекет емдеу немесе көмек бағдарламаларын әзірлемейді», – деп назар аудартты сарапшы.Arab Centre мамандары корольдіктің билігі, сондай-ақ өзге елдер синтетикалық және басқа да есірткі заттары түрлерін тұтынудан қандай зиян, залал келетінін халыққа кеңінен түсіндіргені, осы бағыттағы күш-жігерді жандандырған жөн деген кеңес берді.
– Осылай иммундік жүйесін күйреткен нашақорларда түрлі инфекция өршиді, денесіне түскен жарақат ұзақ жазылмайды. Бас миының жұмысы бұзылып, ерте алжасу дамиды, назарын белгілі бір нысанға ұзақ шоғырландыра алмайды. Кейбірі тіпті мәтінді оқи алмайтын жағдайға жетеді. Қазіргі нашақорлар ізіне үнемі біреу түсіп, қуғындап жүргендей қорқып, қуыстанады, немесе ұдайы әлденені жоғалтқандай мазасыз сезімнен арыла алмайды. Практикада кездесті, мысалы нашақорлар белгісіз бір затты іздеп, бүкіл үйдің ішін астан-кестен етіп төңкеріп тастайды. Олар қасына жолаған, тіпті жанынан өтіп бара жатқан әрбір адамды өзінің жендеті санап, тап беруі мүмкін. Бұған қоса, олар адамдарды басқа кейіпте көріп, галлюцинациялардан арыла алмауы ықтимал, – деді нарколог Полина Уманская.Маманның айтуынша, синтетикалық есірткілер адамды ұйқысынан айырады. Есірткіге тәуелділіктен емделіп шыққанның өзінде адам бірнеше ай бойы дұрыстап ұйықтай алмай жүреді екен. Қазіргі есірткі түрлерін тұтынатын адамдар, жастар айналасы түгіл, өз өмірін, өзі душар болған проблеманы дұрыс, саналы бағалай алмай қалады. Ақылға салып, ойлау қабілетін жоғалтады. Бар ойы – қаржы тауып, есірткі сатып алу ғана болады, бұл жолда ол ештеңеден тайынбайды. Жаңа жобаның жаңалығы неде? Ішкі істер министрлігі әзірлеп шыққан «Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» жобасы 76 шараны қамтиды. Бірақ ондағы мұраттарды өршіл, асқақ деуге келмейді. Құжат заңсыз айналымнан алынған есірткі, психотроптық заттардың жалпы санындағы синтетикалық есірткілердің үлесін 2023 жылғы 1,5%-дан 2025 жылы 1,7%-ға, героиннің үлесін 0,5%-дан 0,7%-ға арттыруды қарастырады. Денсаулық сақтау министрлігі динамикалық бақылаудағы «нашақорлық» диагнозы бар адамдардың жалпы санында ұзақ ремиссияға қол жеткізген, динамикалық бақылаудан алып тасталғандарының үлесін 2023 жылғы 15,8%-дан 2025 жылы 16%-ға дейін ұлғайтуы тиіс. Кешенді жоспар аясында 2023-2025 жылдары 40 миллиард 336 миллион теңгеге әртүрлі типтегі ұшқышсыз ұшу аппараттары, яғни дрондар сатып алынбақ. Бұл сома бір қарағанда, көп көрінуі мүмкін. Алайда тұрмыстық техника дүкенінде сатылатыны емес, мамандандырылған, әскери дрондардың құны 5 миллион доллардан басталатынын ескерсек, бұл сома соның 16 бірлігін алуға ғана жетуі мүмкін. Мемлекет қауіпсіздік үшін сала шығындарын арттырғаны маңызды. «Бүркіт» арнайы мақсаттағы әскери бөлімдерін техникалық барлау құралдарымен жарақтандыруға осы кезеңде 10 млрд 805 млн теңге жұмсау жоспарланған. Үш жыл ішінде күреске тартылған меморгандарда интернеттегі құқыққа қайшы контентті анықтауға арналған TRITON, Argus сияқты заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендерді енгізуге жалпы сомасы 2 млрд 240,5 млн теңге жұмсалады. Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліністерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2023-2025 жылдары 3 млрд 126,8 млн теңге бағытталады. Сот сараптамасы органдарын заманауи аспаптық базамен, химиялық реактивтермен, шығын материалдарымен, синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін зерттеу жөніндегі стандартты үлгілермен жарақтандыру үшін үш жылда 13 млрд 898,7 млн теңге шығындалады. Жаңа психикалық белсенді заттарды, синтетикалық есірткілерді зерттеу бойынша сот сарапшыларының біліктілігі арттырылады, осы мақсатта семинарлар, тренингтер, оқыту курстарын өткізуге 150 млн теңге көзделмек. Ал шекара қызметі бөлімшелерін тексеру жабдықтарымен, шекаралық бақылаудың техникалық құралдарымен, байланыс арналарында радиоқабылдау жабдықтарымен жарақтандыруға, қызметтік иттермен қамтуға, жабдықтар мен қызметтік иттерді сатып алуға 2023-2025 жылдары небәрі 4,9 млрд теңге бөлінбек. Құжатта бұқаралық ақпарат құралдарын тартып, халықтың барлық тобы арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кеңауқымды акциялар, конкурстар мен дөңгелек үстелдер өткізу (15,7 млн теңге), БАҚ және әлеуметтік желілерде саламатты өмір салтын насихаттау бойынша медиа тұлғаларды, блогерлерді, шоу-бизнес өкілдерін және басқасын тартып, нашақорлықтың алдын алу бойынша аудио-бейне роликтерді әзірлеу және ротациялау (54,4 млн теңге) жоспарланды. Мамандардың бір бөлігінің сынына ұшыраған метадонға қатысты бағдарлама жалғасатынға ұқсайды. Республикалық бюджеттен опиоидты агонистермен қолдаушы терапия бағдарламасына қатысушыларды дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауға 213,3 млн теңге бағыттау ұсынылды. Қалай болғанда, мемлекеттің осы проблемаға баса назар аударғаны ел үшін өмірлік маңызды. Себебі қазіргі заманда әлдебір елді күйрету, болашағына балта шабу үшін шапқыншылық жасаудың қажеті болмай қалды. Жас ұрпағын шетінен арзан есірткіге отырғызса, ұлт өзі-ақ азғындалып бітпек. Сыртқы зәлім күштердің қаскөй пиғылы жүзеге аспауы, Ұлы даламыз бос қалмауы үшін мемлекет пен қоғам болып, әрбір жасты «жалғызым» деп танып, оның әрқайсысын нашақорлықтан аман сақтап қалу – елдің ендігі стратегиялық басты бір міндеті болмақ.