Алматыда дәрігерді көлік тұрағында атып өлтірген ер адам сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Сот оны 18 жылға бас бостандығынан айырды. КТК телеарнасының мәліметінше, күдікті 5 бап бойынша кінәлі деп танылды. Осыған дейінгі сот отырысында прокурор 20 жыл сұраған еді. Одан бөлек, марқұм Шумковтың жақындары моральдық және материалдық шығын ретінде 105 млн теңге төлеуін талап еткен. Сотталушы Нұржан Тұрсынбаев соңғы отырысқа онлайн қатысты. Тергеу изоляторынан алдырмады. Судья үкімді оқи бастағанда сөзін бөлді. Дыбысын дұрыстаған соң қайта килікпеді. Үкімді үнсіз жатып тыңдады. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «қорқыту», «қаруды заңсыз ұстау» , «заң өкіліне қарсылық көрсету» секілді бес бап бойынша айып тағылды. Судья 18 жыл жаза тағайындады.
Судья Еркін Майшынов: «Жазаларды ішінара қосу арқылы Нұржан Тұрсынбаевқа бас-аяғы 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Нұржан Тұрсынбаев жазасын өтеу Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді. Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енгеннен бастап есептелсін», – деді.36 жастағы азамат осыған дейін сотталмаған. Былтыр сәуірде өмірін күрт өзгерткен жағдайдан соң қылмысқа барды. Юрий Шумковты көлік тұрағында өлтірді. Сот, тергеу барысында оның түні бойы кездейсоқ жалдаған көлікте аңдып жатқаны анықталды. Ә дегенде дәрігерге атқан бірінші оғы дарымады. Жәбірленуші алған жарақатымен қаша бергенде, басынан дәлдеп тигізіп сұлатты. Қылмыс сәті камераға түскен. Онан соң көшедегі кездейсоқ көлікке мылтығымен отырып алып, жүруін талап еткен. Полиция бір сағатқа жетпей оны ұстады. Ұлының мұндай аяусыз әрекетке баруын анасы шарасыздықпен байланыстырды. Айтуынша, іш құрылысын тексеру үшін зонд жұтқызғанда шеміршегін сындырып жіберген. Сол жарақаттан нәр тата алмай қалған жігіттің жағдайы күрт нашарлап, екі айда 95 келіден 64 келі салмаққа бір-ақ түскен. Шумков кінәсін мойындамай, маңайлатпағасын, ашынған баласы ақыры осындай қылмыс жасауға бекінген. Прокурор Тұрсынбаевқа 20 жыл жаза сұраған. Алайда сотталушының үш жастағы баласы барын ескеріп, 18 жыл кесуді жөн көрген. Марқұм Шумковтың анасы мен жесірі материалдық және моральдық шығын ретінде 106 млн теңге төлеуін талап еткен еді. Судья Тұрсынбаевтың жағдайын ескере отырып, әрқайсына 15 млн теңгеден төлеу жеткілікті деген ұйғарымға келді. Үкіммен екі тараптың бірі келіспесе, 15 күннің ішінде апелляциялық сотқа шағымдана алады.