Бүгінде қыз-келіншектер көрікті болу үшін отаның көмегіне жүгінуді жөн санайды. Табиғи сұлулыққа көңіліңіз толмаса, қапаланудың қажеті жоқ, қаржыңыз болса пластикалық хирургтар бәріне әзір. Дегенмен «артық қылудың» соңы «тыртық қылдыға» жалғасып жататын жайдайлары да көп. Әлемде айы оңынан туып тұрған сұлулық индустриясының жолында арулар денсаулығын құрбан етуге даяр. Кәсіби косметика мен көпсалалы салондарды да бұл қатарға қосыңыз. Шынында, нарықтағы сұранысқа ие сұлулық салондарының пайдасы мен зияны қандай?
Әдемілікке сұраныс көп
Әлемдік деңгейдегі визажист Гоар Аветисянның дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылатын шеберлік сабақтары ылғи аншлагпен өтеді. Қазақстанда да соңғы жылдары кәсіби визажистердің табысы артқан. Демек, қазір сұлу болуға сұраныс мол. Опа-далап пен жалпы косметика – арулармен егіз ұғым іспетті. Сауда орындарының сөрелерінде бағасына қарай таңдау көп. Нарықтағы табысты кәсіптің бірі той болса, меймандар мен той иелерінің барлығы дерлік кәсіби макияж жасатқанды қалайды. Ал оның тегін емес екені айтпаса да түсінікті. Орташа есеппен халыққа қолжетімді сұлулық салондарының өзінде қалыңдықты бояндыру 10 мың теңгеден басталады. Яғни, маникюр мен шаш әрлеуін қоспағанда аз уақытқа мінсіз сұлу болудың құны – 10 мың теңге.
– Сұлулық салондарында тырнақ пен кірпікті әрлетуге сұраныс көп. Арзан косметиканың зияны көп екенін бәрі біле бермейді. Сондықтан өз басым сапалы әрі кәсіби косметиканы қолданамын. Олар дүкендегі жай косметикадан қымбатырақ болады. Қазір қыз-келіншектердің барлығы дерлік сұлулық салонына асығады. Менің жеке қабылдауыма күніне кем дегенде 5-6 адам келеді. Дегенмен сұраныс әр қалада әртүрлі. Той көп өтетін өңірлерде сұраныс мол, – дейді визажист Сая Мейізбекова.
Бояну мен опа-далапқа кім қанша шығындалатыны – әркімнің өз еркінде. Алайда соңғы кезде әдемілікке құмартқан жандар отаның көмегіне жиі жүгінетіні алаңдатып отыр.
Пластикалық отаның «заманы» жүрді
Қазір пластикалық ота жасату жолында денсаулығын, ақшасын аямайтын арулар көбейді. Бұрын Оңтүстік Корея әртістерінің 95 пайызы пластикалық отаға жүгінетінін айтып шошитын қазақ қоғамы «сұлулық оперециясына» бой үйрете бастағандай. Хирургиялық отаның ең арзаны ерінге жасалады. Olx.kz қосымшасына кіре қалсаңыз, «ерінге 10 мың теңгеге ота жасаймыз» деген сияқты жарнамадан көз сүрінеді. Ал кәсіби хирургтар ерінге жасалатын отаның бағасы 35 мың теңгеден жоғары екенін айтады. Құлақ пен көз айналасына жасалатын ота – 100-150 мың теңге шамасында. Егер дене пішінін өзгертуге бел бусаңыз 500 мың теңгеден артық шығындалуға тура келеді.
Дүниежүзі елдері арасында Корея мен Жапонияның қыз-келіншектері пластикалық отаны көп жасатады екен. Кәмелет жасына толған қыздар өзінің көркіне көңілі толмай жатса, пластикалық отаға жүгіну әдетке айналған. Аталған елде сұлулық индустриясының дамығаны сонша, пластикалық ота жасайтын хирургтар арасында бәсекелестік орта қалыптасқан. Отаның «сиқыры» осылайша әлемді жаулап бара жатыр.
Өкінішке қарай, елімізде пластикалық ота жасатамын деп көз жұмған әйелдер көбейді. Жуырда ғана Алматыда липосакциядан 4 баланың анасы қаза тапты. Тексерістен белгілі болғандай, әйел арықтаймын деп майын сорғызып алуға шешім қабылдаған. Алайда май ерітіндісі әйелдің қанына түсіп кеткен. Қазақстанда дермато-косметологиялық қызмет көрсетуге мамандар лицензия ала бермейді екен. Жоғарыда Olx.kz қосымшасында пластикалық ота жасаушылардың жарнамасынан көз сүрінетінін айттық. Жарнама бойынша хабарласқанымызда мекеме атын айтудан бас тартқан Әсем есімді әйел ота жайлы баяндады:
– Пластикалық отаның түрі көп. Лазермен немесе ине арқылы жасалатындары бар. Бағасы 9 мың теңгеден бастап 83 мың теңгеге дейін өсе береді. Бұрын әйелдер отаның бұл түрінен бейхабар болатын. Бірақ жыл сайын жасатқысы келетін қыз-келіншектер көбейіп барады. Зияны бар деп ойламаймын, ота сәтті жасалса, пайдалы екеніне күмәнім жоқ, – дейді әйел.
Сұлулыққа құмартып «құрбан» болғандар арасында ботокс жасатушылар көп. Әсіресе, сәтсіз егілген инъекцияның салдарынан адамның тегіс беті жиырылып қалады. Бейресми деректерге қарасақ, Қазақстандағы әрбір оныншы әйел ернін үлкейткенді қалайды. Алайда иненің зиянын ескермей жатқандар көп. Зерттеулер А типіндегі ботулиндік нейротоксин адам немесе жануар ағзасына түскен мезетте ми мен жұлын, орталық жүйке жүйесін зақымдайтынын анықтаған.
ТҮЙІН:
Барлық жағдайды көріп-естіп жатса да, пластикалық отаға жүгінетіндер көбеймесе, азаяр емес. Кәсіби косметолог мамандар сұлулықтың сыры күтімде екенін айтады. Сұлулық жақсы, бірақ ерте жастан косметикаға құмар болғаннан гөрі күтімге назар аударып, ботокс пен басқаның көмегінен аруларымыз аулақ жүрсе дейміз. Сұлулық ақыл-естен айырмаса жөн. Әйтпесе, әйелдің бәрі әдемі!