Алматыда кәсіпкерге күш көрсетіп, көлік пен ақша талап еткен жас жігіттер ұсталды
Алматы облысында полицейлер кәсіпкерді бопсалаған жас жігіттерді ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 9 қыркүйекте Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ-ға күдіктілерге қатысты жедел ақпарат келіп түсті. Олар зорлық-зомбылық қолдану арқылы Талғар қаласында кәсіпкерден ақша мен қымбат көлікті талап еткен.
Қылмыстық іс кәсіпкердің арызы негізінде Талғар ауданының ПБ-да ҚР ҚК-ның 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған бопсалау) бойынша тіркелді.
Жедел іздестіру нәтижесінде, арнайы жасақтың қатысуымен Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері 20-23 жастағы алматылықтарды ақша алып жатқан жерінен ұстады.
Бес адам Талғар ауданы ПБ УҰО-ға қамауға алынды.
Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын облыстық департамент басшысы жіті қадағалайды.