Қазақстан коронавирустың таралуына байланысты оңтүстік-шығыс Азия елдерімен әуе қатынасын шектеуі мүмкін, – деп жазады «Спутник Қазақстан».
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев: «Қазір бірінші санатқа (науқастар саны бойынша) жататын мемлекеттерге рейстерді шектеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл – Оңтүстік Корея, оңтүстік-шығыс Азия елдері. Толық тізімді денсаулық сақтау министрлігі бекітеді», – деді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның бас санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Қаулыда көрсетілгендей, бірінші санатқа науқастар саны он адамнан асатын мемлекеттер жатады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайдан тыс жерде ең көп науқас: Оңтүстік Корея – 893, Жапония – 851 (олардың 691-і – Diamond Princess круиздік лайнерінің жолаушылары мен экипаж мүшелері), Италия – 229, Сингапур – 90, Иран – 61, АҚШ – 53, Таиланд – 35, Австралия және Малайзия – 22 адам тіркелген.