Әкелі-балалы екеу өрттен аман қалды
Әкелі-балалы екеу өрттен аман қалды
Фото: Интернеттен алынды
233
оқылды
Алматыдағы төрт қабатты үйдің бірінен өрт шығып, 2010 жылы туған бала мен оның әкесі құтқарылды. Бұл Әуезов ауданында орналасқан бұрынғы жатақхана. Өрт сөндіру қызметіне оқыс оқиға туралы хабар 0 сағат 35 минутта келіп түкен. «Үшінші және төртінші қабаттың дәлізін қою түтін қаптады. Ыстық ауа температурасы адамдардың сыртқа шығуына кедергі келтірді. Өрттің келесі ғимаратқа өтіп кету қаупі болды. Өрт сөндіру қызметі жетекшілері дереу құтқару қызметіне кірісу туралы шешім қабылдады» дейді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі. Қысқа мерзімде үйден 40 адам шығарылды. Олар төртінші қабаттағы бір пәтерде адам қалып қойғаны жөнінде ақпарат берді. Дереу баспалдақ қою арқылы төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен көтеріліп, алдымен бала, іле-шала оның әкесі құтқарылды. Бас-аяғы жарты сағаттың ішінде өрт ауыздықталды. «Өрт болған үйдің екі тұрғыны жедел медициналық жәрдем дәрігерлері қызметіне жүгінген. Бірі 1955 жылғы ер адам болса, екіншісі 1997 жылы туған бойжеткен. Екіншісі дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне босатылды» деп хабарлайды Алматы ТЖД қызметкерлері. Өрт сөндіру қызметіне барлығы 6 техника мен 18 Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жұмылдырылған. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ