Ащы өмірдің тауқыметін тартқан, арқасына қарыз жүгі батқан, бірақ көмек сұрап барар жері, басар тауы қалмаған, тығырыққа тіреліп, тұйықтан шығар жол таппаған адам не істеуі мүмкін? Бірден жауап беру қиын сауал бұл. Ал мемлекет азаматтардың тығырыққа тірелмегенін қалайды. Осы себепті мемлекет жеке тұлғалардың банкроттығы тетігін іске қосуға әзірленуде. Әйтпесе, «бұл қадам адамдардың барлық борышты кешіреді деп жаппай дәмеленуіне соқтырады» деп сарапшылар да қарсы шыққан. Шынында, банкроттық пен қарызды кешіру – мәні бөлек, бағыты басқа дүниелер. Қарызға батқандардың қарасы қалың
Бүгінде қазақстандықтарға елең еткізерлік SMS-хабарлама келе бастады. Онда: «2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойылды. Банкроттыққа арыздар 2023 жылдың наурыз айынан бастап қабылданады. Жеке тұлғаны банкрот деп тану тәртібі туралы толығырақ ақпарат Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің сайттарында жарияланған. Қосымша ақпарат алу үшін 1414 (қосымша нөмір 3) немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чатына жүгіне аласыз» деп жазылған.Бірден басын ашып алайық, осы тетік халыққа да, мемлекеттік бюджетке де салығын салып, салмағын артпайды. Қарыз берген банктер мен микроқаржы ұйымдарына ғана қатысты. Ал банкирлер ұзақ жыл бойы жеке азаматтардың банкроттығы тетігінің енгізілуіне тосқауыл қойып келді. Ал банктер, микроқаржы ұйымдары қазақстандықтарға кепілсіз кредит таратып, миллиондаған адамды борышкер етуін жалғастырды. Бірінші кредиттік бюроның сараптамалық есебінде айтылғандай, 2022 жылғы қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың қарызының жалпы сомасы 14 триллион теңгеге (13 трлн 918,4 млрд) жетіп қалды. Масқарасы сол, азаматтардың қаржылық ұйымдар алдындағы борышы былтырғы жыл басынан бері бірден 2,4 трлн теңгеге өсіп шыға келді. «Қазақстанда халықтың жартысы банктерге қарыз» деген пікір айтылады. Бұл шындыққа жанасатындай. Елдегі 7,65 млн адам банкке берешек. Бұл ретте елде ересектердің саны 14 миллионнан асады. 2022 жылдың басынан бері несие алуға мәжбүр болғандар саны 520 мың адамға артты. Бір басында бірнеше несиесі барлар да жетерлік. Салдарынан бүгінде қазақстандықтар атына рәсімделген және әзірге толық өтелмеген 17 млн 683 мың кредиттік келісім бар. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері кредиттер саны тағы 2,4 млн бірлікке ұлғайды. Әрбір борышкердің мойнындағы өтелмеген қарызы бір жыл ішінде орта есеппен 1,6 миллионнан 1,82 млн теңгеге дейін көбейген. Осыдан-ақ жаңа тетікке зәру болуы ықтимал адамдар қарасы қалың екенін аңғаруға болады. Үш рәсімнің ұтымды тұстары Дегенмен біраз адам «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңын және ондағы жаңа тетіктің мәнін жете түсіне қоймаған сияқты. «Банк қарызды кешіре салады екен» деп түсінетіндер көп. Sauap.org ағартушы порталына сұхбатында жеке азаматтардың банкроттығы тетігінің мән-жайын, егжей-тегжейін Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ербол Утеев түсіндіріп берді. Оның айтуынша, заң өткен жылдың соңында қабылданғанымен, ресми жарияланған күннен 30 күн өткенде ғана қолданысқа енгізіледі. Осы өтпелі кезең оны іске қосуға қажетті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, жауапты органдардың, қаржылық ұйымдардың мамандарын сақадай сай ету үшін қажет. Мәселен, осыған арналған ақпараттық жүйе Бірінші кредиттік бюроның, 29 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Бұл банкроттыққа өтінішті автоматты түрде қабылдау үшін қажет. Тетік азаматтардың қарызын толық кешіруге емес, борыш жүктемесін азайтуға, оларды өнімді экономикалық қызметке қайтаруға және елдегі әлеуметтік кернеуді жұмсартуға ықпал етеді. Оны тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар пайдалана алады. Себебі кредиторлар алдында қарызын өтей алмаған бизнесмендерге қатысты басқа тетік – оңалту және банкроттық заңнамасы қолданылады.
– Заң 3 рәсім түрін қарастырады, бұлар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Осы үш рәсім түріне қарыз алған адамның өзі ғана бастамашы бола алады, яғни оны банкрот етуге өтініш беруге кредитордың құқығы жоқ. Біріншісіне тоқталсақ, соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады, – деді Е.Утеев.Соттан тыс банкроттықтың бірнеше шарты бар: біріншіден, оның игілігін банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борышы 1 600 АЕК-тен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңгеге тең) аспайтын адамдар көре алады.
– Жалғыз ба, қандай үй болса да, банкпен жасалған шартта кепілде тұрса, ол сатылатын мүлік массасына кіреді. Егер жалғыз үй банкке кепілге берілмесе, біз оны сатуға қоюға қарсымыз. Ол осы заңда нақты көрсетілген. Жалпы, жеке үйін кепілге қоя ма, қоймай ма, ол әр адамның құқығы. Егер ол кепілге қоймаса, оны алып қоюға ешкімнің құқығы жоқ. Ол бойынша Прокуратураның да, Жоғарғы соттың да ұстанымдарын білдік, олар да үзілді-кесілді қарсы. Яғни, азаматтың жеке үйін, әсіресе ол жалғыз баспана болса, оны заң аясында толық қорғау қарастырылған, – деді вице-премьер Е.Жамаубаев.Сонда бұл рәсімнің не пайдасы бар? Барлық құнды мүлкі сатылып, кредиторларға таратылған соң өтелмей қалған барлық қарыз есептен шығарылады. Сот арқылы банкроттықты қаржылық басқарушылар жүзеге асырады. Бұл қызметті заңды тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді банкроттау рәсімін жүргізетін әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар атқара алады. Бірақ банкроттыққа жеткеннің бәрі олардың қызмет ақысын төлей алмауы мүмкін: заңда мүлкі жоқ әлеуметтік аз қамтылған, осал топтар үшін мемлекеттің қаржылық басқарушыларды өз есебінен жалдауы бекітілді. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соның арқасында тұрақты табысы бар қарызшыл адамдар өз борышын 5 жылға дейін кейінге қалдыруға, бөліп төлеуге мүмкіндік алады. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы борышты азаматпен бірге әзірлейді, оған кредитордың келісімін алады және ақыр соңында жоспарды сот бекітеді. Бұл рәсімнің алдыңғыларынан артықшылығы бар: оны қолданғандарға банкроттарға қарастырылған салдарлар таралмайды және одан өткен адам «банкрот» мәртебесін алмайды. Өйткені осындай мәртебесі барларға банктер, басқалар кейін несие беруден қашқақтауы мүмкін. Банкроттықтың қандай салдары бар? Қоғамда, әлеуметтік желіде осы заң айналасында өрбіген қызылкеңірдек айтыс-тартыс негізінен банкроттықтың қандай салдарға соқтыратынына қатысты болды. Борышы бар азаматтар: «еш салдары болмауы шарт» деп табандаса, былайғы жұрт: «қазақстандықтар қаптатып қарыз алып, банкрот бола салумен әуестенбеуі үшін салмақты тыйымдар мен шектеулер бекітілгені жөн» десті. Бұл пікірталастар Мәжілісте де жалғасты. Нәтижесінде, Мәжіліс депутаттары Үкімет ұсынған талаптардың екеуін алып тастады. Нәтижесінде, банкроттық рәсімін бастан өткерген азаматтар қаржылық сауаттылығын арттыру курстарынан өтуге мәжбүрленбейтін болды. Бұған қоса, уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімінен өтіп жатқан кезеңде борышкердің шетелге шығуына тыйым сала алмайды. Сонымен, мамандардың түсіндіруінше, жаңа заңға сәйкес, азамат өзін банкрот деп жариялаған соң оған келесідей шектеулер жүктеледі: біріншіден, 5 жыл бойы заем мен кредит (соның ішінде ипотека, микрокредит, онлайн кредит және басқасын) алуына тыйым салынады. Екіншіден, 7 жыл өтпей, қайтадан банкроттыққа өтініш бере алмайды. Үшіншіден, банкрот болған соң 3 жыл бойы оның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Егер осы кезеңде банкрот кенеттен байып шыға келіп, қымбат сауда жасай бастаса, онда кредиторлар одан қайтадан қарызын қайтаруды талап ете алуы ықтимал. Мысалы, ол жылжымайтын мүлік, көлік сатып алса, онысы мемлекеттік органдарда тіркеледі. Ал басқа мүлкі мен табыстары алдағы жылдары енгізілетін жаппай декларациялау аясында әшкере болуы мүмкін. Бұл ретте алименттер бойынша берешектер, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеу, қылмыстар бойынша келтірілген шығынның орнын толтыру есептен шығаруға жатпайды. Банкрот оны бәрібір төлеуге міндетті. Қазақстандықтар көп жылдан бері зарыға күткен осы заңды Үкімет басшысы түсіндірді. Премьер өтініштер наурыз айынан бастап қана қабылданатынын растады.
«Бұл тетік кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әрі азаматтардың да жауапкершілігі артады: жылдам қарыз алу мүмкіндігінен айырылмау үшін кредит тарихының дұрыс болуына азаматтардың өзі мүдделі болуы тиіс. Банкрот деп танылу қарыздарды төлемей құтылуға көмектесетін тетік емес, тек шарасыз жағдайда қалғандарға көмек болатынын әркім білуі керек», – деді Әлихан Смайылов.Ол осы тетікті іске қосу үшін Қаржы министрлігіне заңға тәуелді актілерді жедел қабылдауды, ал Цифрлық даму министрлігіне азаматтарға өтінішін электронды беруге және өтінішінің мәртебесін онлайн режимде қадағалап отыруға мүмкіндік ұсынуды, сондай-ақ барлық өтінішті өңдеу процесін автоматтандыруды тапсырды.
«Бұл – мемлекеттің халыққа қамқорлығы және бизнестің, соның ішінде банктердің әлеуметтік жауапкершілігі. Бірақ Мәжіліс аз ғана уақыт жұмыс істегендіктен, бұл заң асығыс қабылданғанға ұқсайды: былтырғы 14 желтоқсанда бірінші, ал 21 желтоқсанда екінші оқылымда қабылдады. Сенаттың талқылауына одан да қысқа, бір аптаға жетпейтін мерзім қалды. Содан оның бір қайнауы ішінде кетті ме деген күмән туады. Мысалы, банкроттарға 5 жыл қарыз бен кредит алуға шектеу енгізілді, бұл дұрыс. Алайда ол шектеу тек банктер мен микроқаржы ұйымдарына таралады, ломбардтар кірмейді. Банкроттықтан кейін ол адамда ломбардқа салуға жарамды актив, зат қалмайды деп есептелсе керек. Ал ломбардтар да микрокредит тарататыны мәлім. Әрі олар гаранттардың мүлкін де қабылдай береді. Бұл қарызшыл адамдардың жақын-жуығының мүлкін ломбардқа салуына немесе құнды мүлік табу үшін қылмысқа баруына итермелемес пе?», – деп алаңдады С.Байділдә.Сондай-ақ оның пікірінше, банкрот адамның жағдайы ары қарай нашарлай беруі ықтимал. Себебі заңда қарсы тарап ретінде «кредитор» ұғымы қолданылады, ал оған банк, МҚҰ және солардан борышты алатын коллекторлар жатады. Борышкердің алымдар, салықтар, бюджеттік төлемдер, коммуналдық қызмет, жұмыс берушісінен немесе басқа жеке тұлғалардан алған қарыздары заңмен реттелмейді. Тиісінше, олар банкроттан өз берешектерін өтеуді одан ары тіпті сот арқылы талап ете алады. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев коммуналдық қызмет, салық органдары және басқалар алдындағы қарыздар бойынша соттан тыс банкроттық көзделмегенін растады.
«Коммуналдық төлемдер және салық бойынша берешектер көп емес. Олар банк карталарын, шоттарды бұғаттау арқылы өндіріледі. Елде бірнеше рет салықтық амнистия жүргізілді, ол да бұл қарыздарды азайтуға үлес қосты. Осындай қарыздар үшін азаматтар сот арқылы банкроттығын жариялауға бара қоймас. Оны төлеуге міндетті. Салық және коммуналдық төлемдердің қарызын өндіріп алудың тиімді тетіктері бар, солар қолданылады. Сондықтан біз саналы түрде мұндай қарыздар бойынша банкроттықты қарастырмадық», – деді Е.Жамаубаев.Үкімет өкілдерінің айтуынша, банкроттық рәсімі проблеманы реттеудің басқа тәсілдері мен амалдары қалмаған, нәтиже бермеген жағдайда ғана қолданылатын төтенше шара ретінде қарастырылуы тиіс. Адамдар банкрот болғаннан кейін ұзақ уақыт еш жерден несие ала алмай қалатынын, кредит тарихы бүлінетінін түсінгені абзал. Өз кезегінде банктер де клиенттің өзін банкрот деп жариялауына мүдделі болмайды: онда кепілзат «жаппаған» қарыздың қалған бөлігін шығынға жатқызуға тура келер еді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, банктер қазірден проблемалы несиелерді қайта құрылымдауға тырысуда: бөліп төлеуге, төлемнің оңтайлы кестесін түзуге ынталы. Әйтеуір, борышын толық төлеп шықса болғаны. 2022 жылдың 9 айында ғана банктер 383 мыңдай заемшысының мерзімі өтіп кеткен қарыздарын қайта құрылымдапты. Қалай болғанда, ұзақ жыл банкирлер бұғаттап келген тетік заңмен бекіп, тәжірибеге енгелі тұр. Өркениетті мемлекеттердің азаматтары қызығын көретін бұл игіліктің қазақстандықтарға да қолжетімді болғаны маңызды. Ал оның кем-кетігі көш жүре түзелер деген үміт бар.