Ал биатлоншы Бекентай Тұрлыбеков 10 шақырымға спринт жарысында топ жарды. Ол мүмкіндігін мүлт жібермей, атыс сызығында бірде-бір оқты бос жібермеді. Уақыт көрсеткіші – 27:51,5. Осылайша, Тұрлыбеков ел қоржынына үшінші алтынды салды. Бұл сайыстағы екінші орын Бьорн Уэстервелтке бұйырса, үздік үштікті отандасымыз Александр Мухин қорытындылады. Сөйтіп, бірден екі медальға қол жеткен күн болды.
Жүлдесіз қалған жұлдыз
Десе де, шорт-трекшілер аралас эстафетадан финалға шыға алмады. Олар ширек финалда екінші, жартылай финалда үшінші нәтиже көрсетіп, В тобындағы финалға жолдама алды. Яғни, бұл кезеңде спортшыларымыз бесінші орынға таласады. Аралас эстафета бойынша финал 21 қаңтар күні өтеді.
Ерлер арасында 1 500 метрге жарысудан Қазақстан командасының үздігі Әділ Ғалиахметов пен Еркебұлан Шамұханов В финалында сынға түсті. Олар жалпы есепте 11 және 12-орынды иеленген. Ал бәсекедегі бар жүлде Оңтүстік Кореяның еншісінде кетті. Ким Тэ Сун чемпион атанса, Ли Чжон Мин күміс, Джан Сун Ву қола медаль иеленді.
Әйелдер арасында Алина Әжіғалиева В финалында төртінші орын алды.
Алғашқы жеңіліс
Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын хоккей құрамасы топтық кезенің соңғы матчында АҚШ-тан жеңіліп қалды. Ойын барысында 4:1 есебі тіркеліп, Батырлан Мұратов нәтижелі соққымен көзге түсті.
Хоккейшілеріміз топтық кезеңде 12 ұпаймен көш бастағаны белгілі. Олар жартылай финалда әйгілі Канада құрамасымен кездеседі. Қай жеңгені финалда өнер көрсетеді. Кездесу 21 қаңтар күні өтеді. Айта кетерлігі, үйеңкі жапырақтары елінің өкілдері А тобындағы барлық қарсыласын ойсырата жеңген. Сол үшін жігіттер сақтықпен ойнап, бар шеберлігін ортаға салады деп сенеміз.
Айбике ЖАНАСЫЛ