Жаңартылатын энергия көздері: аңыз ба, ақиқат па?
Жаңартылатын энергия көздері: аңыз ба, ақиқат па?
831
оқылды
Әлем елдері дамудың тың сатысына қадам басты. Ғаламат қарқынмен алға басқан өндіріс энергетикалық қуаттарды көптеп қажетсініп жатыр. Ғалымдар бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін оларды өндіретін кәсіпорындардың көмірсутегін жаппай қолданып жатқанына алаңдаулы. Мұның соңы қоршаған ортаның ласта­нуына, жаһандық жылынуға, мұнай мен газға, көмірге тәуелділіктің артуына соқ­тырады. Ендеше соған қарсы балама бар ма? Жаңартылатын энергияның артық-кем тұсы қандай? «Жаңартылатын энер­гия көздері» дегеніміз аңыз ба, әлде ақиқат па?   ТЫЛСЫМ ТАБИҒАТТЫҢ ТЫҢ КҮШІ «Қазақстанда 2030 жыл­ға қарай «жасыл энергия» үлесі күл­лі энергетика саласында 15 па­­йызға жеткізіледі».

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

КӨНЕ ДИІРМЕН Әкеміздің айтуынша, оның бала кезінде ескі Гурьев­тің тұрғындары бау-бақшаларын суаруға жел диірменін пайдаланады екен. Кәдімгі қаңылтырдан жасалған қаңғалақ жаймен ғана айналып тұрады. Үлкендер көне құбырдың тесігін тығындап әлек болса, кішкентайлар содан атқылаған суға шомылып мәз болатын көрінеді. Жә, қандай жаңалық болмасын соған қажеттілік салдарынан туады. Егер ескі Гурьевте жел диірмендері сол кездегі жылу-электр орталықтары қуатының шектеулі болуынан пайда болса, қазір көмірсутегін көптеп тұтынуды тежеу қажет болғандықтан туындап отыр. Бұдан жетпіс жылдай бұрын көне қалада электр жарығы тұрғын үйлер мен өндіріс ошақтарын қамтудан аспайтын. Міне, жұрттың жаппай жел диірмендерін орнатуы сондықтан еді. Баламыз ғой, оның құны қаншалықты қымбат-арза­нында шаруамыз жоқ еді, бірақ сол қарапайым қон­дырғылар қалалықтардың қажетіне жарайтын. Қазір де осылай табиғат күшін тиімді жұмсап, пайдалы қазба­ларға зәруліктің орнын жабуға болатын тәрізді. Бұдан біраз жыл бұрын шаһар сыртындағы жеке тұрғынның жел диірменін қатарға қосу шарасына қатыстық. Бір қарағанда, бұл әркімнің өз шаруасы ғой, сыртты куә ететіндей емес-ті. Ә, жоқ, әлгі жабдықты Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша алған екен. Арамызда жүрген көптің бірі соның өкілі көрінеді. Белгілі болғаны, жұртқа жария ету арқылы жоғарыға есеп бермекші екен. Жарайды, онда шаруамыз жоқ. Мәселе – әлгі жеке қожалық иесінің жарықпен қамтылуында. Расында да, пайдасын көріп отыр екен. Шілденің шіліңгір ыстығында тоңазытқыш жұмыс істеп тұр. «Бұрын телевизор жасамағандықтан, немерелерім қаладан шықпайтын еді, енді осында мультфильмдерін қарап отыр» деп күледі алпысты алқымдаған азамат. Қуанып қалдық. Дауыс жетер жерде тағы да біраз үй қоңсы қоныпты. Соларға да осындай игілік жасауға бола ма? Сауалымызды әлгі БҰҰ өкіліне жолдағанбыз. Жоқ, үйлеспейді екен. Бастапқысы тегін болғанымен, бас­қасын сатып алу керек. Жел диірменінің жақсылығын көрген басқаларға қалтасын қағуға тура келеді. «Е-е, – дегенбіз, – бұл не қылған батпанқұйрық, айдалада жатқан құйрық». Мұнда да өзіміз күнде көріп жүрген жарнама жолға қойылған. Ал жаңартылатын энергия көздерін шығарушы жабдықтардың бағасы, шынын айту керек, тіпті да арзан емес. Бұл жөнінде сәл кейінірек.   ҚЫМБАТ ҚОНДЫРҒЫҒА КІМНІҢ ҚОЛЫ ЖЕТЕДІ? Атырау облысының Исатай ауданында «Ветро­Энер­гияТехнология» ЖШС 2018 жылғы төртінші тоқсанда жел күшімен энергия алуды жүзеге асырды. Бүгінде На­­рын құмының арасында 36 диірмен айналып тұр. Та­лай жақсы мен жайсаңды өмірге әкелген Манас елді ме­ке­нінің іргесінде. Жалпы қуаты – 52,8 МВт. Нысан кәсіп­кер­дің жеке қаражатына салынды. Биыл 220 млн ки­ло­ватт-сағат электр энергиясын өндіру жоспарланған. Ал­дыңғы жылы 135 938 384, былтыр 198 083 315,1 кВт/са­ғат болған-ды. Көрдіңіз бе, жыл санап қуаты артып келеді. Кәсіпкердің қалтасын тексеруден аулақпыз, бірақ мемлекеттік қолдау көрсетілгені кәміл. Мәселен, Есептеу-қаржылық орталығымен жасалған шартқа орай шығарылған электр энергиясының тұрақты тұтыну­шысы табылды. Бизнес иесі өнімін өткізу үшін нарық жағалап жүрмейді. Жаңартылатын энергия көздеріне 2015 жылғы 17 тамызда нақты тариф те тағайындалған. Яғни, 12 пайыздық қосымша құн салығын қоспағанда әр киловатт-сағатқа 25,55 теңге. Тіпті де аз емес. Әйтпесе, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының тарифі табиғи монополияның қызметін реттеу құрылымы арқылы үнемі қадағаланса, мұнда бекітілген баға бұзылмайды. Үкімет тарапынан да қаражат ұсынылады. Яғни, мұндай бастамалар жерде қалмайды. Өйткені мамандардың айтуынша, жаңартылатын энергия көзіне қол жеткізу үшін о баста қыруар қаражат қажет. Жабдықтар құны жоғары болған­дықтан, бұл бағыттағы жобалар өте қым­­бат, үлкен инвестицияны керек етеді. Мем­лекет жаңартылатын энер­гия көз­де­рінің көптеп қатарға қосы­луына қарсы емес. Әйтсе де, соны инвес­торлар жүзеге асыр­ғанын қалайды. Ал олардың жұмсаған қаражатын қайтаруына кепілдік ретінде тұ­рақты тұтынушы тауып береді. Бір қарағанда, тиімді тәсіл. Қазір мемлекеттік-жекеменшік нысандар пайда болып жатыр. Міне, соған ұқсайды. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Мемлекеттің бизнеске араласуы біртіндеп жойылады десек, келешекте осындай жоба иелеріне өздеріне тұтынушы іздеуге тура келеді. Өніміне сұраныс табылса, тариф саясатын да жеке қалыптастырады. Рас, шамадан шығып кетпес, біраз әрбір сапалы қызметтің құны жоғары болатыны да белгілі. Ал бір елді мекенде мұндай бірнеше нысан тұрғызылса, кәдімгі бәсекелестік басталады. Баға да өздігінен реттеледі. Нарықтық қатынастар талабы да осы емес пе?   БАҒАЛЫ БАСТАМА – ОЗЫҚ ӨНДІРІСТІҢ ӨЗІ Күн немесе жел күші, әрине өздігінен энергия шы­ғармайды. Оны өндіру үшін соларды пайдалана отырып қажетті қондырғылар қондырылуы қажет. Міне, осы жаб­дықтар қымбат саналады. Әйтпесе, ен далада ұйыт­қыған жел мен тас төбеден күйдірген күн адамдардан ақ­ша сұрамайды. Егер осындай құралдарды көптеп шы­ғаратын озық өндіріс ошақтары өмірге келсе, онда кәсіпкерлердің қызығушылығы да артуы ықтимал. Ал бұл өз кезегінде тың кәсіпорындардың қатарға қосы­луы­на септігін тигізеді. Сөйтіп, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Артылған жабдықтарды экспортқа шығаруға мүмкіндік туады. Көрдіңіз бе, бір бағалы бастама қаншама игі іске жол ашқалы тұр. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру қажет екенін ұдайы айтып отырса, соған қайтарылған жүйелі жауап осы емес пе? Жалпы, нарықтың талабы не? Жаңа бизнес қай бағытта дамуы тиіс? Қазақстанда түбі жаңартылатын электр энергиясына оң көзқарас қалыптасады. Республикада 2020 жылы оның үлесі үш-ақ пайыз еді. Ал биыл алты пайызға көтеру жоспарланды. Көрдіңіз бе, біртіндеп өсіп келеді. Егер елімізде жел диірменін немесе күн панельдерін шығаратын қуатты зауыттар жұмыс істесе, онда көрсеткіш бұдан да жақсы болар еді. Әйтсе де, «ештен де кеш» жақсы дегендей, осы олқы­лықтың орнын алда толтыруға толық мүмкіндік бар. Үкімет тарапынан қолдау барын айттық. Тың бастамаға жан-жақты жәрдем жасалмақ. Тек бел шешіп кірісу керек. Оның үстіне, Мемлекет басшысы айт­қандай, 2030 жылға қарай «жасыл энергия» үлесі елі­міз­дің күллі энергетика саласында 15 пайызға жеткізіл­мек. Бұл – қысқа мерзімде өте жоғары жетістік. Оған негіз де бар. Мәселен, қалпына келтірілетін энергия 2014 жылы 180 МВт болса, 2020 жылы 1 650 мегаватқа жетті. Он есе көп өсім бар. Былтыр 2000 МВт-ты құраған. Байқайсыз ба, жыл санап артып келеді. Бизнес бұл бағытқа саналы түрде бет бұрды. Атырау аймағында әзірге мұндай жоба Нарын құмында жұмыс істеп тұр. Оның құм жоталарының басында жыл бойы дерлік жел соғып тұрады. Жергілікті жағдайды жете зерттеген инвестор табиғаттың осы ерекшелігін ескерсе керек. Енді мұндай бағалы бастама Мақат ауданында да жүзеге асырылмақ. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшыларының айтуынша, мұнайлы мекенде де бұған жеткілікті жағдай бар. Шығыстан шыққан жел апталап тұрады. Күннің ыстығы да керемет. Шілде-тамыз айларында 40-45 градустан да асып жы­ғылады. Мұнда жел диірменін ғана емес, күн панельдерін де қолдануға болады. Мүмкін сонда іргетасы қалан­ға­нына ғасырдан асқан елді мекендердің электр энергия­сына деген сұранысының бір бөлегі өтелер. Ал қазір олар жарықпен Атыраудан қамтамасыз етіліп отыр. Немесе Азғыр аймағы. Сан жылдар бойы кеңестік әскерилер атом жарылысын жасаған жер. Қазір дүмпу басылғанымен, полигон жете зерттелген жоқ. Бірақ бір-біріне іргелес шағын мекендерде мыңдаған адам тұрады. Мектебі мен ауруханасы, әлеуметтік нысандары бар. Жарықты ар жағындағы Ресейден алады. О баста жағрапиялық орналасуы жөнінен солармен шекаралас болғандықтан, солай қалыптасқан. Әрине, ортақ одақ кезінде ешқандай мәселе туындаған жоқ. Бүгінде солтүстік көршіміз – бөлек мемлекет. Энергетикалық саясатын да дербес жүргізеді. Өнімін өз қалауынша сатады. Азғырлықтардың облыстың өзге өңірімен салыстырғанда электр энергиясына көбірек ақша төлеп отырғаны да сондықтан. Енді Азғырдағы ауылдарды атыраулық энергиямен қамту қажеттілігі туындады. Энергетикалық дербестік қалыптастыру қажет. Жоба да жасақталып жатыр. Әрине, арзанға түспейді. Сондағы елді мекендер аудан орталығы Құрманғазыдан 300 шақырым шамасында орналасқан. Неше тонна сым тартылып, қанша түйір баған орнатылуы тиіс? Жә, жоба ақыры жүзеге асар. Әйтсе де, осы проблеманы азды-көпті жеңілдетіп, аймаққа жел диірменін немесе күн панельдерін орнатса ше? Соншама қашыққа желі жүргізгеннен арзанға түспей ме? Әрі бұл өңірде энергияны аса көп керек ететін ірі өндіріс ошақтары да жоқ. Жаңартылатын энергия қуаты жарықпен қамтуға жетер еді-ау. Қалпына келтірілетін энергия көзіне қызығушылық­тың бір себебі де сол емес пе? Шағын ауылдардың сұранысын шұғыл шешуге септігін тигізеді. Тағы айтсақ, 300 шақырым қашықтыққа электр желісін жүргізгенде жолда жоғалатын қуатты ескерген жөн. Бірнеше подстанса орнатуға, оларда жұмыс істейтін мамандар даярлауға тура келеді. Жергілікті жігіттер болмаса, қиыр шетке бел шешіп ешкім де бармайды. Оның үстіне, аз ғана тұрғындардан түсер коммуналдық төлем жоба құнының жартысын да өтемейді. Тарифті көтеруге мал баққан жұрттың жағдайы жетпейді. Міне, жаңартылатын энергия осы түйткілді тарқатар еді.   ЖАУМАЙТЫН ЖАҢБЫР Сайып келгенде, қалпына келтірілетін энергияға көшу – экономикалық тұрғыдан ғана тиімділік емес, экологиялық проблемаларды шешу жолы. Бүгінде әлем ғалымдары қоршаған ортадағы күрт өзгерістерге қатты алаңдаушылық білдіруде. Ғаламдық жылыну қаупі төнді. Жасыратыны жоқ, елде қуаңшылық бар. Ара-тұра көктемде еріген қар суынан бірен-саран өзен арнасынан шыққаны болмаса, тұтастай алғанда, жаңбырға жарып жатқанымыз жоқ. Соңғы екі-үш жылда Маңғыстау маңына тамшы тамбады. Атырау аумағы да тал-теректі қолдан суарып әлек. Орал өңірі мен Ақтөбе айналасы да күйген шөпке толды. Астық өсіретін Арқадағы алқап та аспанға көз сүзеді. Не болды? Табиғаттың соншалықты сараңдық танытқаны несі? Ал мұның жаңартылатын энергияға қандай қатысы бар? Тура байланысты. Бүгінде электр энергиясын алу үшін негізінен мұнай мен газ және көмір қолданылады. Энергетикалық қуаттарға сұраныс барынша өсуіне байланысты жер қыртысын бұрғылау да артып отыр. Тұңғиық тереңнен көмірсутегі шикізатын шығару оңай емес. Демек, мұнда да қуатты қондырғылар пайдала­ны­лады. Міне, солардың бәрі ауаға инертті газ таратады. Бұл өз кезегінде бұлттардың табиғи жолмен құралуына кедергі. Мәселен, физиканың қарапа­­йым заңдылықтарына орай, күн ысығанда су буланып көкке көтеріледі де, бұлтқа айна­­ла­ды. Содан қайтадан жаң­быр­ға ұласып, жерге түседі. Ендеше республиканың батыс бетіндегі Каспий теңізі, Жайық, Ойыл, Жем, Шідерті және тағы басқа өзендер үсті бұлттан арылмауы тиіс еді ғой. Үш-төрт жыл бойы Жа­йық та, Ойыл да, Жем де тасыған жоқ. Биыл былтырғыдан көбірек су келсе, ол көктемде еріген қардың нәтижесі. Ал мол жаңбырдан құралатын ылғал қайда? Ойыл мен Жем бастауын Ақтөбеден алады. Мамандардың зерттеуінше, сол жақта үйірілген қалың бұлтты Темір елді мекені тұсындағы кеніштерден тараған улы газ таратып жібереді екен. Жаз бойы тамшы тамбайтыны сондықтан. Атырауда да сол. Теңіз кеніші бар, ембілік мұнайшылардың байырғы кен орындары бар, әйтеуір аспанға атылып жатқан инертті газ жеткілікті. Бұған шаһардағы кәсіпорындардың қалдығын қосыңыз. Сонда көк жүзі тұманданып тұрмай ма? Көмірсутегі шикізатын пайдалануды барынша азайту арқылы әбден ластанған қоршаған ортаға одан әрі салынар салмақ азаяр еді. Толық қалпына келтіру енді қиын шығар, бірақ барын сақтап қалуға жағдай жасалмақ. Міне, жаңартылған энергияға қызығушы­лықтың бір себебі осында жатыр.   ШӨККЕН ҚАЛА Сонау кеңестік кезде Мәскеуден шығатын орталық басылымдардың бірі Қарағанды қаласының біртіндеп шөгіп бара жатқанын жазыпты. Қаншалықты екені жадымда жоқ, бірақ астынан сан жылдан бері көмір алынып жатқан соң сондай күйге ұшырауы әбден ықтимал. Өйткені босаған жер қыртысын толтыру қажет. Оның үстіне, Арқадағы ауа көмірмен әбден ластанғаны да ақиқат. Анау жылы қыста аспаннан қара қар жауып, жұрттың зәресін ұшырғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Батыстағы ахуал да осындай. Мұнда ауаны мұнай-газ кеніштері бүлдіруде. Жетіқат жер астынан ғасырдан аса уақыт көмірсутегін суырған соң жер де сіңіп барады, оның үсті де әбден ластанған. Жаңар­тылатын энергия осы мәселеге нүкте қояр еді. Бүгінде Қазақстанда электр энергиясын өндіру үшін 70 пайыз шамасында көмір қол­­данылады. Ендігі меже – 2035 жылға қарай оны 40 пайызға дейін төмендету. Ал Эко­логия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігінің мәліметінше, респуб­­лика­дағы кеніштер қоры сарқылып келеді. Ірі саналатын Теңіз кен орнында да қабат қысымын көтеру үшін ілеспе газды кері айдау жобасын жүзеге асыруға тура келді. Әйтпесе, бұрынғыдай 5000 метр тереңдіктен өздігінен шығып жатқан шикізат жоқ. Оның үстіне, жерасты байлығын соруға тың технология тарту үшін үнемі қымбат қон­дырғыларды қолдану инвесторға тиімді емес. Ендеше жаңартылатын энергия көздері осы мәселенің де оң шешімін табуына әсер етпек. Жалпы, Атырауда мұнай өндіру ғасырдан аса уақыт бойы жалғасып келеді. Соңғы жылдары ол тым терең­нен алынуда. Яғни, бұрғы ұшы тұз қабатынан әрі өтіп кеткен. Әрине, ел экономикасын сауықтыруда көмір­сутегі шикізаты керек-ақ. Мәселен, Теңіз бен Қашаған «қара алтынын» сыртқа саудаға шығару арқылы Ұлттық қорға қыруар қаражат түсуде. Бірақ содан бері жер қыр­тысында қаншалықты өзгеріс болды? Алынған өнімнің орны сенімді толтырылды ма? Кезінде академик Муф­тах Диаров жерасты қабатының әлсіздігі соншалық, тұтас елді мекен төмен түсіп кетуі ықтималын айтқан. Ендеше сол қатердің беті қатты ма? Оны ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені содан бері мұнай-газды өндіру еселеп өспесе, еш өшкен жоқ. Міне, жаңар­ты­латын энергия көздерін көбірек қолдану осы мәселенің түйінін тарқатуға да септігін тигізбек.   ҰСЫНЫС СҰРАНЫСҚА САЙ МА? Әйтсе де, бір мәселе туындайды. Қазір әлемдік өндірісте өркендеу бар. Пандемияға, Ресей–Украина жанжалына, тағы кейбір қақтығыстарға қатысты азды-көпті тежелу байқалғанымен, тұтастай алғанда, тығырыққа тірелген жоқ. Тіпті, кей елдер бұдан да пайда тауып, жағдайын жақсартып алуда. Міне, осылай дүниежүзілік экономикалық дүмпуде жаңартылатын энергия көздері энергетикалық қуаттар­ға өсіп отырған қажеттілікті қанағаттандыра ала ма? Бұлар ұсынатын балама сұранысқа сай ма? Міне, мәселе қайда? Рас, кейбір шағын зауыттарға кәдеге асар. Кішкене елді мекендерге керек болар. Алыс ауылдарды жарықтандыруға жарап қалар. Ал, ірі кәсіпорындарға шамасы жете ме?! Республикаға еңбегі сіңген энергетик Мұхамбетқали Қалиевтің айтуынша, қазіргі жағдайда дәстүрлі энергия көздерінен қол үзу әлі ертерек. Өйткені кідіріссіз жұмыс істеуі шарт стратегиялық нысандар бар. Олардың сәл ғана тоқтап қалуы орны толмас олқылықтарға соқтыруы ықтимал. Немесе қайта қатарға қосылуы қыруар күш пен қаражатты қажет етпек. Сондықтан бұларда міндетті түрде кез келген тосын жағдайға даяр тұратын қосымша энергетикалық қуат болуы тиіс. Негізгі желідегі энергия көзінде апат болса, бұл дереу іске қосылады. Сонымен қатар кейбіреулер айтып жүргеніндей, республикада көмірсутегі шикізаты таусылып келе ме? Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балтабек Қуанды­қовтың айтқанындай, елімізде игерілмей жатқан кеніштер әлі де баршылық. Олардың қайтарымы да мол. Дені Каспий ойпатында орналасқан. Қарт Ембінің мүмкіндігі әлі сарқылған жоқ. Шығыс пен Арқа бетте де бар. Рас, тым тереңде. Инвестор күші керек, өз қара­жатымызбен игеру өте қымбатқа түседі. Президенттің соған үндеп отырғаны да осы себепті. Демек, ерте ме, кеш пе – түбі тың кеніштерге бұрғы бойлайды. Сонда еліміздің «қара алтын» қоры қайтадан толығады. Яғни, төніп тұрған тура қауіп жоқ. Мәселе – жетіқат жерастында жатқан сол ен байлықты жер үстіне қоршаған ортаға салмақ салмай шығаруда болып отыр.   СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІККЕ СЕРПІН Ақыры баламалы энергия көздерінің қуаты жөнінде әңгіме қозғаған екенбіз, соны тарқатып көрелікші. Бұған дейін айтылғанындай, ертеректе ата-әкелеріміз жел диірмендерін қолданып, сол арқылы арыққа су жеткізген. Рас, бұл қондырғылар қарапайым ғана еді. Қалақтары қисайып қалса, кез келген кісі балғамен ұрып, тез түзеп алатын. Бір тетігі кетсе, жедел ауыстыра салатын. Қазіргі қондырғылар күрделі. Маманы бол­маса, екінің бірі қалпына келтіре алмайды. Бұлар сонысымен тиімді. Көп қуат береді, сенімді жұмыс істейді. Ал күн панельдері бұрын тіпті де қолданылған жоқ. Бұл – бізге Еуропадан жеткен жаңалық. Көмірсутегіне кенде елдер ойлап тапқан тәсіл. Енді оны біз де пайдаланып көрмекпіз. Тіпті, осы салаға қызығушылық артып келе жатқан секілді. Егер баламалы энергия көздерін тарату кеңінен өріс алып, оның қуаты артса, жылу-электр стансаларына лайықты бәсекелес болуы әбден ықтимал. Ал бағасы қолжетімді қалыптасса, тұтынушы соған ұмтылады. Демек, мұнай-газ күшімен энергия шығарып отырған қазіргі кәсіпкерлердің монополиялық басымдығына қатер төнеді. Нарықта бәсекелестік пайда болады. Жұрт таңдау құқын иеленеді. Ендеше керегі де осы емес пе? Бұл – біріншіден. Екіншіден, қоршаған орта айтарлықтай тазарады. Ауаға парникті газ шығару көлемі күрт кеміген соң табиғаттың да тынысы ашылады. Экологиялық мәселе­нің түйіні тарқатылады. Оның үстіне, Қазақстан 2050 жылға дейін ауаға парникті газ тарату көлемін 30 па­йызға кемітуге міндеттеме алды. Сол үдеден шығу үшін де баламалы энергия көздерін көбірек тұтыну қажет-ақ. Үшіншіден, жасыл технология қолданысқа қолайлы. Тұтынушының түрлі қажеттілігін өтеуге қолжетімді. Демек, күнделікті сұранысты жедел қанағаттандыруға мүмкіндік зор. Төртіншіден, «жасыл эко­но­мика» нәтижесінде тың кәсіпорындар пай­­­да бола­ды. Өнімнің жаңа түр­лері жасалады. Оны өмірге әкелу үшін өндіріс ошақтары ашы­лып, жұмыс орын­­­­­­дары құ­рылады. Ен­­деше жаңар­тылатын энер­гия кө­зінің ке­ңінен өрістеуі, са­йып кел­ген­де, жұмыс­сыздық мәселесі азды-көпті шешілуіне оң әсер етпек. Ақырында, бесін­ші­ден, әлем­дік қауымдастық мү­шесі ретінде Қазақстан да дүниежүзілік үрдістен тыс қал­майды. Қоршаған ортаны бірлесіп қорғауға бағытталған міндеттемесі бар. Ғаламдық жылынуға қарсы күрес­ке үлес қосуы қажет. Ал бұл белгілі бір дәрежеде баламалы энергия көздерін барынша көп тұтынуға да байланысты екені шындық.
P.S. Сонымен, жаңартылатын энергия дегеніміз не? Ол – жел мен күннің, судың күші. Яғни, табиғаттың адамзатқа тартқан сыйы. Демек, оны қоршаған ортаға залал келтірмей, онымен үндестік жағдайында жүзеге асырған абзал. Көмірсутегі қоры таусылар немесе таусылмас – мәселе мұнда емес. Адамдар таза энергия көздерін пайдаланып, өздері де таза өңірде өмір сүруі тиіс. Ендеше тың бастамаға тосырқап қарамай, оны күнделікті тұрмысымызға енгізген жөн. Әр адам күн немесе жел энергиясының күшімен отбасы қажетін өтесе, бұл да ортақ мақсатқа қосылған азды-көпті үлес.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты