«Жасыл» энергетика: сұранысқа сай өндіріс
«Жасыл» энергетика: сұранысқа сай өндіріс
Соңғы жылдары Қазақстанның «жасыл» экономикаға басымдық беріп жатқаны аңғарылады. «Жа­сыл» экономика түптеп келгенде қоршаған ортаға зиян келтірмей, энергия өндірудің жолы саналады. Бұл жолда мемлекеттің жеткен же­тістігі аз емес. Соның арқасында, келешекте Қазақстанда энергия тапшылығы болмауға тиіс.   Станса саны өсуде Қазір электр энергиясын өндіруді ілгерілету жайы ауқымды түрде көтеріліп жүр. Рас, мамандар аталған салада электр энергиясын өндірудің тапшылығы бар екенін айтып келген. Тапшылық неден шықты, себебі былтыр электр қуатын тұтыну соңғы жылдардағы көрсеткіштерден 6 есе асып түскен екен. Яғни, сұраныс өскен. Бірақ жауаптылар қол қусырып отырған жоқ. Сұранысқа сай электр стан­саларының да саны артуда. Осы орайда қайта қалпына келетін энергия көздерін жетілдіру жайы маңызды болмақ. Қазақстанда жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы – 6 пайызға, 2030 жылы – 15 пайызға, 2050 жылы – 50 пайызға, ал 2060 жылы 80 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Былтыр елімізде балама қуат көзін өндіретін 134 нысан тіркелген. Оның ішінде 40 жел стансасы, 49 күн стансасы, 40 гидроэлектр стансасы, 5 биоэлектр стансасы бар. Олардың барлығы 2010 МВт қуат өндірген. 2018-2021 жылдары жасыл энергия өндірісі аукцион арқылы жүзеге асты. Оған 12 мемлекеттен 196 ком­пания қатысты. Бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетіп отыр. Биыл Энергетика ми­нистрлігі 2025 жылға дейін жалпы қуаттылығы 1 100 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 59 жобасы пайдалануға берілетінін мәлім етті. Қуаттылығы 170 мегаватт болатын су-электр стансасы, 960 мегаватт болатын жел-электр стансасы және 277 мегаватт болатын күн-электр стансасы жобаланған. Осылайша, 2025 жылға қарай жаңартылатын энергия нысандарының жеңілдік қуаты шамамен 3 000 мегаватты құрамақ. Соның арқасында жоғарыда айтқанымыздай, жалпы электр энергиясы генерациясының үлесі 6 пайызға жетеді. Бүгінде жаңартылатын энергия көздерін қолдану мақсатында жобаларды іске асыру инвесторлардың меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асады. Яғни, бюджеттен шығын шықпайды. Осы жобаларды енгізу өңірлерде қосымша сағатына 4,5 млрд киловатт болатын жасыл энергияны өндіруге, тұрақты жұмыс орындарын құруға, шамамен 1,1 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. 2022 жылдың алғашқы алты айында елімізде 48 108,4 млн кВт/сағат электр энергиясы өндірілген екен. Былтыр алғашқы айдағы көрсеткішпен салыстырғанда шамалас деңгейде. Электр энергиясын өндіру көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысында едәуір қысқарғанымен, есесіне Жамбыл ГРЭС-і есебінен оңтүстіктегі көрсеткіштер 46,8 пайызға күрт өскен. Аймақтарда жыл сайын электр өндірісінің көлемі артып келе жатқаны байқалады. Демек, энергия тапшылығына қатысты мәселенің алдын алдық деуге негіз бар. Жалпы, Қазақстанда электр энергиясын өндіруге қажет ресурс көздері баршылық. Дегенмен ресурсты үнемдеу мен қоршаған ортаны сақтау мақсатында «жасыл» энергетиканың мүмкіндіктері мен жаңартылатын энергия көздері туралы әңгіме жиі айтылуда. Биыл республика бойынша жалпы қуаты 55 МВт-ты құрайтын 3 күн электр станcасы қолданысқа енгізілген. Жыл соңына дейін жаңартылатын энергия көздеріне негізделген жалпы қуаты 290,6 МВт болатын тағы он шақты өндіріс ошағы іске қосылады деп жоспарланған.   Атомнан күнге дейін Электр энергетикасы нарығындағы соңғы он жылдықтардағы танымал «жасыл» трендтердің бірі – күн панельдері мен жел турбиналары. «Жасыл» энергетика технологияларының осынау негізгі түрлерінің танымалдылығы климаттың жаһандық деңгейдегі өзгеруі мен ауаға тасталатын көмірқышқыл газы үлесінің артуымен түсіндірілуде. Яғни, энергетика жайы сөз болғанда экология мәселесі де алға шығады. Сол сияқты, бұл саладағы жаңа бағыттардың бірі – электрохимияны дамыту мен жаңа энергия көздерін іздеп-табу жолындағы ізденіс­тер. Мысалы, қазір литийион батареяларымен қатар, қағаз не бетон аккумуляторлары, экологиялық жаңа генераторлар пайда болуда. Бұлар әсіресе электр көлігі индустриясын дамытуға ерекше леп бермек. Десек те, жаңартылатын энергия көздері электр энергиясымен қамту нарығының түйткіл мәселелерін түгелдей шешіп бере алмайды. Бүгінде әлем бойынша энергетикалық қуат тапшылығы көрініс беруде. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, биыл Қазақстанда бастапқы жоспарланған 347 МВт қуат көрсеткішінің 31 пайызы қолданысқа енгізілмек. Мұндай жағдайда  көміртексіз экономика мен көміртегі бейтараптылығына қол жеткіземіз деуге сәл ертерек болады. Энергетика министрлігінің деректерінше, Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 69 пайызы көмір жағу есебінен қамтамасыз етіледі. Ал оның экологияға, әсіресе ауаға тигізер зардабы орасан. Сол себепті де бүгін отандық сарапшылардың бірқатары бізге атом электр станциясы қажет деп есептейді. Бұл тұста Қазақстанның өз отыны бар, яғни уран. Қазір оның бағасы да тиімді. Әрі көмір жағудан қарағанда экологияға тигізетін зияны аз. Еліміз үшін энергетиканың қай түрі қолайлы деген пікірталас қоғам ішінде әлі де жүріп жатыр, ал электр энергиясының бағасы соңғы үш жылда екпінді түрде жоғарылауда. 2021 жылы бағаның өсуі 7 пайызды құраса, биылғы өсім – 8,7 пайыз. Бірақ өзге елдермен салыстыр­ғанда біздегі баға өте арзан. Саладағы жауаптылар бағаның халыққа қолайлы болуын ойлап отыр. Мұндай жағдайда қарапайым тұтынушы да электр желісіне балама бағыттарды іздестіре бастағаны жөн. Бұл тұста күн энергиясынан қуат алатын панельдер тиімді болмақ. Мәселен, Еуропа елдерінің біразында тұрғын үйлер шатырында күн панельдері орнатылып, электр энергиясын үнемдеу әдетке айналған. Қазақстанда күннің белсенділігі баршаға мәлім, шуақты күндер көп, олай болса, бұл тәжірибені біз де қолдана аламыз. Қазір күн энергиясынан қуат алатын экологиялық жаңа генераторлар бар, олардың күші үйдегі көптеген электр құралдарын нәрлендіруге жетеді. Азаматтар күн энергиясын күнделікті тұрмыста қолдана отырып, қаражат үнемдеумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға да үлес қоса алады. Қорыта айтқанда, энергия жайы мемлекетпен қатар қоршаған ортаға жанашыр әрбір азаматтың көзқарасын қалыптастыруды қажет етеді. Жыл сайын елімізде күннен, желден, су ағынынан электр өндіретін стансалар еселеп артуда. Соның арқасында, мемлекет энергия тапшылығының алдын алып қана қоймай, экологиялық мәселелерді шешуге атсалысып жатыр.