Кеңестік билік пен оның іргесін қалағандар балама дегенді білмеді. Бір ғана формацияны, меншікті, идеологияны, көзқарасты таныды, басшылыққа алды, насихаттады, ілгерілеу мен іркілістің өлшемі ретінде бағалады. Ол – ХІХ ғасырда дүниеге келген, ХХ ғасырдың алпауыт мемлекеті КСРО қасиетті Құрандай төбесіне көтерген марксизм-ленинизм ілімі мен социалистік қоғам еді. Тарихқа материалистік көзқарастың өзегін құраған бұл ілім түбінде коммунистік қоғамдық-экономикалық формацияға барлық халықтар өтетінін, капитализм іріп-шірігендіктен болашағы сарқылғанын өзінше дәйектегеніне қоса, мүлде өзгеше қоғамдық құрылыста өмір сүріп жатқан халықтар да коммунистік формацияның бірінші сатысы социалистік қоғамды құра алатынын алғашқыда теориялық тұрғыдан болжады, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін миллиондардың тағдырын анықтаған практикаға айналдырды.
Ғылыми коммунизм негізін қалаушылар Маркс пен Энгельс әлемнің әміршісі санаған пролетариаттың революциялық күрес жолындағы одақтасы әрі резерві деп капиталистік қатынастардан ауылы алыс Шығыс елдеріндегі қаналғандарды, шаруаларды, қолөнершілерді таныды. Өздері жақсы білетін бес формациядан өзгешелігін мойындап, бұларға қарата «азиялық өндіріс тәсілі» терминін қолданды. Мұның аясына капитализмге дейінгі формацияларда өмір сүріп жатқандар, артта қалғандар саналатын халықтар мен мемлекеттер кірді. «Азиялық өндіріс тәсілі» тұжырымы осынау құрлыққа аяқ аттап баспаған екі ойшылдың алғашқы еңбектерінде емес, кәсіби кемел шақтарында дүниеге келді. Демек, ғылыми танымдарында кездейсоқтық, жаңсақтық жоқ. Ең толымды анықтаманы Маркс былайша тиянақтапты: «В общих чертах, азиатский, античный, феодальный и современный буржуазный, способы производства можно обозначить как прогрессивные эпохи экономической общественной формации» (Маркс К., Энгельс Ф. Соч., 2-е изд. т.13, с.7). Дәйексөзден байқайтынымыз, біріншіден, азиялық өндіріс тәсілі алғашқы қауымдық құрылыстан кейінгі саты екені, екіншіден, капиталистік формациядан артта әрі тым алыс тұрғаны.
Маркстік ілімді қоғамдық-саяси ақыл-ойдың биік шыңы санаған орыс большевиктері «азиялық өндіріс тәсілі» тұжырымын егжей-тегжейлі зерделемесе де, «Артта қалған Азия» сияқты идеологияны оңды-солды қолданумен барлық Шығысты қараңғылық пен надандықтың, мешел қалудың классикалық үлгісіндей қабылдады.
Бұл теориялық-методологиялық тұжырымды әлеуметтік әділеттіліктің пірі саналған Ленин одан әрі тереңдетті. Ресей империясының ұланғайыр аймағы Азия құрлығына кіріп жатқандықтан басқаша болуы мүмкін де емес қой. Ең бастысы – оны практикада жүзеге асырудың мүмкіндігі 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін туды. Большевиктер Ресей империясының шет аймақтарында тұратын халықтарды капитализмге ұрындырмай, олардың келісімінсіз-ақ бірден социалистік қоғамға өткізуді көздеді. Ленин де, мұрагері Сталин де бұл үшін Ресей пролетариатының көмегі, большевиктер партиясының басшылығы, кешегі қаналған жұмысшы табы мен шаруаның одақтасуы жетіп жатыр деп білді. Басқа-басқа, ХХ ғасыр басындағы Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі өмір салты мен шаруашылық-мәдени кешен кең қанат жайғаны, әлеуметтік, рулық-тайпалық, туыстық қатынастар таптық ымырасыздық пен қайшылықтардан оқшау тұрғаны, пролетарлық революция туралы түсінік те жоқ екені ескерілмеді. Қазақтардан гөрі қытайларды, үндістерді, жапондарды жақсы білгені шығармаларынан анық байқалады. Большевиктік басшылар Ұлы даланың тарихынан, мәдениетінен, байырғы тұрғындарының менталитетінен ғана емес, елтұтқаларынан да мүлде хабарсыз еді. Мәскеу билеушілері революция мен азамат соғысының аласапыран жылдарында тұңғыш рет бірен-саран баскөтерер қазақтармен араласа бастады, пікір бөліскен сыңай танытты. Фрунзе, Куйбышев сынды көрнекті қайраткерлері қазақ топырағында есейгенімен Кремльдің ұлттық саясатын анықтауға ықпал етуші пәрменді күшке айналмады.
Қанды қырғын боларын болжаған
1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қазақстанға дамудың социализмнен өзгеше балама жолын таңдау мүмкіндігі қалмады. Қызылдар мен ақтардың мұздай қаруланған әскеріне, идеологиялық қысымына, империялық өктемдігіне қарсы тұрарлық әлеует те, одақтас та жоқ еді. Туған елі патшалық дәуірдегіден ауыр ахуалға душар болғанын алдымен Алаш қайраткерлері түсінді. Қазан төңкерісін «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған» зорлық актісі деп анықтаған Ә.Бөкейхан большевиктер қанды қырғын әкелетінін 1917 жылдың аяғында-ақ болжады. Қазақтарды қорғануға, бірлікке шақырды. А.Байтұрсынұлы буржуазиялық-демократиялық революция үміт отын жаққанын, пролетарлық өкімет үрей әкелгенін жазды. Алаш Орда тарқаған соң большевиктік бастамаларды талдау негізінде қазақ даласында социализм орнату жобасының утопиялық сипатын сынады. Онысы 1920 жылы Ленинге жазған хатында жан-жақты дәйектелген.
Батыс ойшылдары әспеттеген социализм мен нақты кеңестік социализм арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін, қазақтың мүддесін көздей бермейтінін, Ресей пролетариатының көмегі заң атаулыны, ұлттық мүддені белден басуға құрылғанын коммунистер Т.Рысқұлов пен
С.Сейфуллиннен жас алашшыл С.Сәдуақасов пен М.Әуезовке дейін бірі ерте, бірі кеш ұғынды. Өйткені шартты түрде айтар болсақ, азиялық өндіріс тәсілімен өмір сүріп жатқан өлкеде социалистік сатыға көтерілместен бұрын өтпелі демократиялық реформалар арқылы ілгерілеу мүмкіндігі партия тарапынан да, көсемдердің еңбектерінде де байыпты қарастырылмады. Большевиктер өз жобаларын орындауда, үлкенді-кішілі мәселелерді шешуде өктемдікке, әміршіл-әкімшіл ресурстарға басымдық беретіні алғашқы қадамдарынан-ақ байқалды. «Алдыңғы қатарлы елдің пролетариаты көмегімен» тезисі құрғақ уәде күйінде қалды.
Түптеп келгенде, ескі құрылысты қирату, «азат патшалықты» (царство свободы) құру большевизм көсемі Ленин жазғандай кешегі езілгендер мен қаналғандардың мемлекеттік билікті қолға алған соң саясаттағы, материалдық өндіріс саласындағы, еңбектегі, қарым-қатынастардағы әлеуметтік, шығармашылық құлшынысымен және өрлеуімен айшықтала бермеді. Бірінші кезекте пролетариат диктатурасы атынан сөйлейтін саяси-басқарушы номенклатураның барша қауымды мәжбүрлеуімен, қажетті алғышарттардың пісіп жетілуін күтпестен, қолдан қалыптастыруымен ақиқатқа айналатынын көзіқарақты жандар бастарынан өткерді.
Әрине, капитализмге соқпай социализмге өту мәселесі ғылыми пайым-тұжырым мәртебесімен өмір сүру құқына ие. Әлі күнге дейін бұл тұжырым қоғамдық-гуманитарлық ізденістер санатынан түсіп қалған жоқ. Ал соны практикада атқаруға келгенде кеңестік Шығыста бірінші қадамынан сәтсіздікке ұшырады: алғашқыда естіген құлаққа майдай жағатын ұлттар өзін-өзі басқаруға құқылы, әркімге еңбегіне қарай, жер шаруалардікі сынды идеологиялық тәтті сөздер өмірдің ащы шындығымен, айталық, іле-шала басталған қуғын-сүргінмен қабыспай, сөз бен істің арасы алшақтай берді. Ұлы даланың саяси-экономикалық, гуманитарлық, т.б. құндылықтарын аяқасты ету әдеттегі дағдыға айналды. Ол наразылық тудырып ғана қойған жоқ, ауық-ауық көтерілістерге ұласып жатты.
Капитализмге соқпастан социалимзге өту тұжырымының тағдыры шешіліп жатқанда большевиктік биліктің күштеуге, зорлыққа сүйенген жалғыз ғана қылмысы емес. Екінші үлкен қателік сөзден іске көшудегі, социалистік құрылыстың болар-болмас нәтижелерін бағалаудағы асыра сілтеу, шектен шыққан асығыстық еді. Халықтың әл-ауқатын көтерудегі, ұлт мәселесін шешудегі, экономиканы қалпына келтірудегі ілгерілеу байқалмай жатып, ең жоғарғы билік органдары мен басшылары социализмнің артықшылықтары туралы даурығып, бөрікті аспанға атуды бастап кетті. Қазақ АКСР-нің шаңырақ көтергеніне үш жыл өтер өтпестен ОАК төрағасы С.Меңдешев «Қызыл Қазақстан» журналының бетінде былай деп жазыпты: «Қазақстанның еңбекшіл халқы, оның үкіметі ортақшыл партияның жетегімен үш жылдан бері тынбай тас үстіне тас қойып, өзінің ортақшылдық негізіне құраған республикасын – ұлы ордасының үйін салып келеді... Қазақ еңбекшілдері төңкерістің әперген жемісінің дәмін татты! Төңкерістің ісіне қай жақтан дұспан шықса да «Тарт қолыңды!» дей алады. Алдымызда болжанып тұрған, еңбек пенен байлықтың күресінде қазақ еңбекшілері де артта қалмас!» (Сейітқали Меңдешев: құжаттары мен материалдар жинағы – Сейткали Мендешев: сборник документов и материалов / Құраст.- автор: С.Қ. Шілдебай; Құраст.: А.Б. Ордаханова. – Алматы: «Полиграфия-сервис и К», 2021. 401-б.). Келер жылы да осы ойды қайталады. «Ақ жол» газетіне берген сұхбатында: «Россия пролетариаты сүйемелдеуімен, коммунист партиясының жол басшылығымен», – депті ол. – Жас Қазақстан жылдан-жылға ілгері басып, жөнделуде» (Сейітқали Меңдешев....423-б.). Айғақ-дәлел ретінде малы азайған аудандағы қазақтар «түгелімен егін кәсібіне беріліп, нағыз дихан» болғанын, Ембіде мұнай шығару жолға қойылғанын, Екібастұзда қорғасын, тас көмір зауыттары жұмыс істеп тұрғанын, «қай жердегі болсын тұз кәсібі ілгері» дамығанын мақтанышпен ауызға алды. Ал тап сол 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі аштыққа ұрынды. Мамандардың есептеуінше, ашаршылықтан 1,5 млн-нан 3,5 млн қазаққа дейін өлді. Ақсақты дыңдай, өтірікті шындай көпірту кеңестік БАҚ-тың айықпас дертіне айналды.
Ханкелді ӘБЖАНОВ, ҰҒА академигі