Құралай Мейрамбек: Мұстафа Сандалмен дуэт орындағым келеді
Құралай Мейрамбек: Мұстафа Сандалмен дуэт орындағым келеді
980
оқылды
Оның ән орындау стиліне құлақ түрген адам қандай күй кешкенін түсінбей қалады. Бастапқыда иен далада жалғыз қалып, не істеріңізді білмесеңіз, артынша жаныңызға дауа тапқандай әсер аласыз. Қобыз сарынымен астасқан ішкі үн ешкімді бейжай қалдырмасы белгілі. Содан да болар, Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» атанды. Аталған байқаудан кейін біраз уақыт өткені тағы бар. Осы орайда өзіндік стилі бар жас әншімен әңгімелестік. – Құралай, «Қазақстан дауы­сынан» кейін арада бір жыл уақыт өтті. Шығармашылығыңда қандай өзгеріс болып жатыр? – Жобадан кейін шығарма­шылығымда көптеген авторлық ән жазылды. Түрлі концерт пен шоу­ға қатысып жатырмын. Ал қа­­зір байқауларға дайындық үс­тіндемін. Мәселен, ән қоржыным «Ана» әнінен бастау алды. Тұ­сауын «Таңшолпан» бағдарла­масында кестік. Әкеме арналған «Жан әке» әні тағы бар. Жанын да, тәнін де, бар ақыл-парасатын, күш-жігерін ұрпағына арнайтын әкелердің құрметіне арналады. Со­ның ішінде «Өмірім-өнерім» әнін ерекше атап өткім келеді. Бұл ән өнерім мен өміріме тікелей бай­­ланысты. Өнер жолы мен өмір жо­­лын қатар алып жүрсем, мен үшін үлкен ба­қыт. Әнін Қуат Әбіл ағамыз жазса, сөзі – Оразбек Қиын­баевтыкі. Әлі де көрерменді жүрек пернесін дөп басатын туын­дылармен қуан­тамын деп ойлаймын. – «Продюсерің болайын» деп ұсыныс білдіргендер болды ма? Әлде саған еркін шығармашылық ұнай ма? – Өз басыма еркін шығар­машылық ұнайды. Сонымен қатар қасымда өнер жолында кәсіби білім алған туған әпке, жезделерім бар. Сол кісілермен ақылдасып отырып шығарамыз. Мысалы, әпкем Гүлзат «Қоңыр» тобының әншісі болса, Ұлпан – классикалық опера әншісі. Оның үстіне, бар шығынымды ата-анам мен жақындарым көтереді. Сон­дықтан сахналық костюмнен бастап өзіміз тіктіреміз. Мені ба­рынша қолдап жүрген жандарға алғыс айтқым келеді. – Әлемдік байқауларға өтініш жібергеніңді айтып едің. Жауап келді ме? Ол қай елдер еді? – Осыған дейін бірнеше бай­қауға өтініш жібергенімді айтқа­ным рас. Бірақ нақты қайсы бай­қау екенін айтпай-ақ қояйын. Байқаудан жауап сәуір айында келеді. Кейбір байқауларға жаз айында кастинг ашылады. Сон­дықтан болашақта қатысқым ке­летін байқау көп. Қазақтың атын әлемге танытып, ұлттық бояуымыздың қанық екенін та­нытуды мақсат етемін. Иә, осын­дайда «біздің елде танымал болу үшін шетелдегі жарысқа қаты­суың керек» дейтін тіркес ойға оралады. Алайда талмай ізденіп, жаңа дүниеге құмар болсаң, ел ішінде де танылуға болады. Еңбек етсең, жемісін жейтінің белгілі. – Ән орындау стиліңе көпші­лік тәнті. Мұндай стильді қайдан таптың? Әлде қазақша-түрікше коллаб па? – Кішкене кезімнен әкемнің домбырамен термелетіп, анам­ның бізді әнмен оятатыны есімде. Сол кісілер бізге бала кезімізден нағыз қазақтың иірімдерін құла­ғымызға сіңіріп өсірді. Одан бө­лек, анам әпкелерімді байқауға да­йындаған уақытта қасында оты­рып тама­ша­лаған қатты ұнай­тын, қызыға­тынмын. Қазақтың көнеден келе жатқан таңсық ды­быстарды шы­ғарып, ізденуге тырысамын. «Қор­қыт – қобыз» әнін орындағанымда көпшілік қобыз сарынын әнге қосқаныма тәнті болды. Негізі, мұны әнді қалай ерекше орындауға бола­тынын ойланған адам оңай тауып алады. Мен де бұл әннің ішкі құ­діретін барынша жеткізгім келді. Осылайша, қобыз сарынын қос­тым. Аспаптың үні адам жанын елітіп, ойға батырады. Байқа­саңыз, түркі халықтарында мұн­дай әуен жетерлік. Eurоvision-ға қатысқың ке­летінін білеміз. Егер еліміз ере­сек­тер арасындағы байқауға қатысуға мүмкіндік алса, қандай ән орындар едің? – Мағынасы терең ән таң­да­ған болар едім. Қазақша, ағыл­шынша сөздерден құралған есте қаларлық, бүкіл түркі халқын қамтитын шығарма орындағым келеді. – Өткенге оралсақ, кейбірі «Құралай тек «Қорқыт-қобыз» әнін жақсы орындады. Қалған турда Майғазиев болысты. Ерік Төле­новтің стилі тамаша еді» деп жатты. Жалпы, сынға қалай қарайсың? – Ең бірінші, мені өзімнен де қатты уайымдап, қолдаған қазақ еліне, барша Қызылорда халқына, Сырдария ауданында үлкен сенім білдірген қолдаушыларыма ба­сымды иіп алғысымды білдіремін. Тәлімгеріме де көп рақмет. Бұл ортақ жеңіс деп білемін. Себебі әуелі Алла одан соң мені осынша қолдаған халқымның арқасында жеңімпаз атандым. Ерік – жақсы әнші. Өзіне бөлек, ерекше стилі бар әнші. Жалпы, осы жобаға қатысқан барлық әнші өзінің көрерменін тапты деп ойлаймын. Әрине, сын айтылады. Бірақ та ешкім дүниеде идеал емес екені бәрімізге мәлім. Біз барынша қолдан келгенше бар өнерімізді көрсетуге, халыққа хаббатымызда жеткізуге тыры­самыз. Міндентті түрде киелі сах­на болғаннан кейін біз ойлаған керемет дүние болып жатады не­месе әртүрлі форс-мажор болып ойдағыдай шықпайды. Ең бас­тысы, сол мәселенің түбін түсініп, сабақ алу керек деп ойлаймын. – Жақында Cover show-да тү­рікше акцентсіз ән орындағаныңа көпшілік таңданды. Осы орайда өзің бірге дуэт орындағың келетін түрік әншісі бар ма? – Түрік елінің музыкасына, аспаптарына қызығамын. Жақсы көріп тыңдайтын әншілерім біршама. Алғаш рет XIII Түрік олимпидасында топ жарғаным да әнге, одан кейін түркі дүниесіне махаббатымның арқасы. Өнер ұлтқа, тілге бөлінбейтіні тағы бар. Өнер – әлемді әлеммен байланыс­тырушы алтын көпір. Болашақта дуэтті Мустафа Сандал секілді елімізге танымал әншілермен орындағым келеді. – Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ