Алматы облысы Қарасай ауданында Қарғалы шыңының етегінде, 2 600 метр биіктікте турист ауыр жарақат алып, таудан түсу үшін құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Күрделі ауа райы жағдайы – қалың тұман, жаңбыр мен бұршаққа байланысты зардап шеккен туристі іздеу, эвакуациялау және тасымалдау бойынша құтқару жұмыстары түні бойы жалғасты.
ҚР ТЖМ Республикалық құтқару қызметі «Барыс» құтқарушылары Мониторинг және жедел ден қою орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, зардап шеккен азаматқа жетті. Ер адамның алдын ала диагнозы бойынша қолы мен аяғы сынған, сондай-ақ бетінде және денесінің басқа бөліктерінде түрлі жарақаттар болған.
Зардап шеккен азамат зембілмен таулы жерден төмен түсіріліп, одан әрі медициналық көмек көрсету үшін Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырылды.
