Диас Ахметов осындай құлшыныстың ары қарай қарқын алып кетуі үшін жергілікті әкімшіліктен, спорт менеджерлері тарапынан қолдау қажеттілігін айтады. Өйткені қазіргі таңда спорт алаңдары мен үйірмелері жеке белсенді, жанашырлардың бастамасымен ашылған.
«Садақ ату – тек қазаққа ғана емес күллі көшпенділерге, қала берді адамзатқа тән мергендік өнерінің басы. Онымен айналысқан адам денсаулығын, түйсігін түзеп алады. Өйткені көзін байлап нысана көздеу үшін түйсік керек. Садақ ату бұл – жаттығу. Бұлшық еттерге күш салып шыңдайды, көзді жаттықтырады. Бұл – қазіргі заманның этникалық фитнесі», – дейді этнограф-зерттеуші Бекен Қайратұлы. Ол қазір садақ ату өнерінің тарихы, оның ауыз әдебиетіндегі көрінісі бойынша кітап әзірлеп жатыр.
Этнограф-зерттеуші қазақтың мергендік өнеріне қатысты құнды мәліметтерді ауыз әдебиетінен, аңыз-жырлардан алатынын сонымен қатар археологиялық жәдігерлерден табатынын айтады.
«Садақ – жауынгерлік құрал. «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз. Ескі заманда дүниенің бәрін түп-түзу етіп жасайтын технология жоқ қой. Ең шебер, логикасы мықты, көзу түзу адам ғана жебені түзу жонады. «Оқ жона алмайтын адам» бұл тәрбие көрмеген, әкесіз болған деген мағынамен айтылған. Садақтың кірісі, адырнасы – тұтас ғылым. Тек жебенің мыңдаған түрі бар. Бізге белгілісінің өзі 400-ден асады. Ғүндар заманында «ысқырық жебе» деген болған. Ол көшпенділердің соғыс тактикасының маневрін реттеп отыратын белгі ретінде қолданылған. Рулар, батырлардың таңбалары жебеге салынады. Сондықтан геральдикалық маңызы бар», – дейді ол.
Бекен Қайратұлының пікірінше, қазақтың садаққа деген құмарлығының ежелден келе жатқан тарихы бар. Оның бастапқыда отарлаушылар жоюға бар күшін салған, қазір жаңа технология да оны өшіріп жатыр.
Сапалы садақты қайдан табуға болады?
Әр мергеннің өз садағы болуы қажет. Әуесқойлар үшін әйнек пластиктен жасалған қару 40-70 мың теңге шамасында тұрады. Ағаштан жасалғаны 100 мыңмен 250 мың теңге арасында. Балаларға арналған пластик садақ 15 мың теңге.
Садақ жасайтын шебер Жанат Амангелдіұлының айтуынша, әйнек пластиктен садақ жасауға 3-4 күн кетеді. Ал, кәсіби спортшыларға керекті садақты жасауға кемі 4 ай қажет.
«Оның бағасы 700 мыңнан басталады. Өйткені адырна мүйіз және қара үйеңкі секілді композитті табиғи материалдардан әзірленеді. Онда мергеннің қолының өлшемі, тарту күші сосын садақ әзірлеудің негізгі параметрлер ескеріледі», – дейді шебер.
Мұнда ағашты кептіру технологиясы күрделі. Желімделген құрама материалдар қабаты кептіру үшін шеберхананың ылғалдылығы мен жылылығы ұзақ уақыт бір деңгейде сақталуы қажет. Желім не ағаш кепкенде адырнаны бұрап жібермеуі үшін ол сақталады. Сосын желімі де қымбат. Өйткені оған бекіре балығының торсылдағынан әзірленген табиғи желім қажет. Шебердің айтуынша, садақ жасау көп еңбекті талап ететін ауыр жұмыс.
Қазір елімізде кәсіби спортшыға садақ жасап жүрген Жанат секілді 3-4 шебер ғана бар. Сондықтан құрама спотшылары садақты Түркия, Мажарстаннан тапсырыспен жасатады.
«Мысалы үйірмемізде 1,5 мың адам садақ ұстап, атып үйренді. Оның 10 пайызы осы қызығушылығынан айнып қалмай тұрғанда садақ атуды жетік меңгеруі тиіс. Сондықтан сұраныс жоғары, оны жаба алмай жатырмыз. Садақты сырттан сұратуға, тапсырыспен алуға мәжбүрміз», – дейді Диас Ахметов. Осы сұраныс ескеріле отырып Астанада «Бесқару» дүкені ашылған.
Жас балалар айналысатын үйірме аз
Тағы бір мәселе, дәстүрлі садақ атуды үйрететін әдістеме жасалмаған. Қазір оны мамандар әзірлеп жатыр. Федерация әдістемені жыл соңына дейін шығаруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, дәстүрлі садақ атуға лайықталған орын елімізде жоқтың қасы. Диас Ахметовтің айтуынша, елордада садақ атуды үйренемін дейтін адам Sadaq aty клубының ақылы қызметіне жүгіне алады. Сонымен қатар «Алатау» спорт кешеніндегі тапанша ататын тирде садақ ату нысаналары қойылып, мергендер өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасалған.
Қазақтың мергендік өнерінің бұқаралық спортқа, көпшіліктің хоббиіне айналуға мүмкіндігі жоғары екеніне сенімдіміз. Белсенді азаматтардың құлшынысымен бастау алған іс жемісін берері сөзсіз. Қазіргі қызығушылық садақ әзірлеу нарығын дамытуға серпін беріп, мергендікті шыңдайтын бапкер санын арттырып, ол пайдаланатын оңтайлы әдістеме әзірленуіне ықпал етеді. Сонда ғана қауіпсіздік талаптарына сай алаңқайлар көптеп ашылып, балақайлар садақ тартып, жебе ататын үйірмелер саны көбейері сөзсіз.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ