Істі болған шенеунік 100 миллион теңгеге әкесі мен анасының бейітін тұрғызған
Істі болған шенеунік 100 миллион  теңгеге әкесі мен анасының бейітін тұрғызған
2,384
оқылды
КҮN.KZ сайтының Instagram желісіндегі парақшасына Түркістан облысының тұрғыны есімін жасыруды сұрап хат жазды. Онда тұрғын жақында ғана жемқорлық бойынша ұсталған ірі шенеуніктің бала күнінде өскен ауылынан екенін жазады. Тіпті, оның ата-анасымен өзінің әке-шешесі жақсы араласқанын да жеткізген.  Хатты жазу себебін де түсіндірген.
«Мен Түркістан облысының тумасымын. Әлі сол өңірде тұрамын. Айтайын дегенім,  жығылғанға жұдырық жасап, өз ауылымнан шыққан ірі лауазымда болған кісінің артынан сөз ергізу емес. Мақсатым – жастарға қызмет пен байлық қолдың кірі, құрал екеніне әдемі өмірлік мысалмен бөлісу. Қазір істі болып жатқан шенеунік бірнеше жыл бұрын ауылымызға әкесі мен шешесін жерледі. Өйткені үлкендердің аманаты сол екен. Тірі күнінде ауылға жерлеуді айтыпты. Содан бай-бағландар ауылда ас беріп, молда шақырып кеңесті. Олар имамға 100 млн теңгенің шығынын жасап,  әке-шешесіне зәулім күмбезді бейіт тұрғызатындарын айтыпты. Имам қасындағы бірнеше кісінің қасында ондай үлкен шығын жасамауға  кеңес берді. Бірақ арада бір ай өтпей, зәулім күмбезді құрылыс компаниясының адамдары келіп тұрғызып кетті. Қазір сол жағдай есіме түсіп, ішім ашып отыр. "Марқұмдар ол қымбат күмбезді сұраған ба екен негізі?" деген сұрақ көкейімде тұр. Біз тұратын ауыл – нағыз жұпыны ауыл. Жолымыз да жоқ. Суымыз да таза емес. Балалардың мектебі де жақында салынды. Мәдениет сарайы мен спорт кешені атымен жоқ. Сондай қомақты ақша қыр төбесінде құр тұрғанша, тірі адамдар игілігіне жарайтын дүниеге жұмсауға болатын еді деп ойлаймын. Мүмкін елдің бәрі салып жатқан әдемі мешіт салуға да болатын еді. Осы уәжім ішіме сыймай ауыл молдасына айттым. Молда біраз ойланып:  "Ондай жақсылық жасап, сауап алу әркімге де бұйырмаған. Мәселе мидың көзіндегі соқырлықта. Ақша болса да, ақшасыз да жақсылық жасап, елдің алғысын алу адамның адамына жазылған" деп қысқа қайырды. Молданың сөзін ойланып қарасам өте мағыналы екен. Ол тек қалталы емес,  тақыр кедейге де қаратыла айтылды. Сондықтан әр адам кедей болсын, бай болсын түсетін жері қара жер. Жақсылықтың үлкені мен кішісі жоқ екенін түсіндім. Бұл кісілердің қыруар қаржыны осылай жұмсағанына ауыл болып ренжіп, ашуланған едік. Молданың әңгімесінен кейін лауазымды шенеунікті аяп кеттім»,– депті ауыл тұрғыны.