Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру 23 қаңтарда басталады. Осыған байланысты "Азаматтарға арналған үкімет" ҰАҚ шетелдік автокөліктерді заңдастыру кезеңдерін тез әрі дұрыс өтудің жолдарымен бөлісті.
Шетелдік автокөліктерді заңдастыру кезеңдерін тез әрі дұрыс өту жолдары келесідей:
1. Ең алдымен, сіз eGov.kz порталы арқылы деректерді тексеруге өтініш беруіңіз керек. Дербес компьютерге қол жеткізе алмайтын автокөлік иелері, еліміздің кез келген ХҚКО-ларында өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы өтініш бере алады. ЕДБ қосымшаларында (Kaspi, HomeBank) бұл қызметті алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуы қажет.
2. Өтінімді Қазақстанның Ішкі істер министрлігі қарайды. Егер сіздің жеке кабинетіңізге өтініштен бас тарту жөнінде хабарлама келген жағдайда, МХҚО-ға барудың қажеті жоқ. Бас тарту себептерін білу үшін тікелей мемлекеттік органға хабарласуыңыз керек. Сіздің өтінішіңіз қабылданған болса, автокөлікті тексеру үшін МХҚО-ға онлайн кезекке тұру қажет. Ол үшін мәртебе парағында «кезекке тұру» батырмасын басып, мекенжайлар тізімінде көрсетілген МХҚО-ның бірін таңдап, соныңда күні мен уақытын белгілеу керек. Алдын ала онлайн кезекке тұрмаған жағдайда, азаматтарға қызмет көрсетілмейді.
3. Заңдастыруға рұқсат алған автокөлікті МХҚО-ның тексеру пунктіне белгіленген уақыттан 20 минут бұрын әкелу керек. Талонды тексеру пунктінде немесе "ХҚКО" мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.
4. Тексеруді толық өткеннен кейін, сіз автокөлікті тіркеу үшін МХҚО ғимаратына өтуіңіз керек. Одан әрі, сіз қызметкерге автокөлікке меншік құқығын растайтын құжаттың түпнұсқасын және көліктің шетелдік техникалық паспортын тапсыруыңыз қажет.