Әшімбаев пен Құлекеев Талдау мектебінде дәріс оқыды
Әшімбаев пен Құлекеев Талдау мектебінде дәріс оқыды
228
оқылды
Талдау мектебінің екінші кезеңіне қатысушыларды оқыту басталды. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен қолға алынған бұл жобаға бұған дейін палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдау білдірген еді. Мектептің екінші кезеңінде қазақстандық және шетелдік белгілі сарапшылар дәріс оқиды. Екінші кезеңнің ашылуында Сенат Төрағасы қазір сыни ойлауды жүйелі түрде дамытудың маңызды екенін және барлық салада сапалы талдауға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ палата Спикері сарапшылар тарапынан жобаға деген қызығушылықтың жоғары болуына байланысты екінші кезеңге қабылданатын өтінімдер көлемі ұлғайтылғанын атап өтті. Соған сәйкес қатысушылар санын да арттыру жөнінде шешім қабылданған. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, жоба мемлекеттік басқаруда, әлеуметтік және гуманитарлық зерттеулерде, медиа және басқа да салаларда талдамалық тәсілдерді күшейтуді көздейді. Соған сәйкес оқыту процесінде сапалы талдаудың критерийлерін, стандарттары мен ерекшеліктерін игеруге, аналитикалық мәтіндерді жазудың тәжірибелік дағдыларын пысықтауға басымдық беріледі. Биылғы оқыту курсы «Қазақстанның өңірлік дамуы: проблемалар мен перспективалар» тақырыбына арналып отыр. Өз дәрісінде Сенат Төрағасы мемлекеттік басқарудағы аналитикалық әдістер мен тәсілдерге назар аударды. Сонымен қатар сапалы аналитика формуласымен және зерттеулер мен практикалық дағдыларды жетілдіруге қатысты жеке тәжірибесімен бөлісті.
«Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар іске асырылып жатыр. Референдум қорытындысы бойынша Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілді. Барлық билік органдарын қайта жаңғырту және кадрлық жаңарту процесі басталды. Мұның бәрі – саяси жүйені, экономикалық, әлеуметтік салаларды өзгертетін іргелі бастамалар. Еліміз демократиялық және әлеуметтік тұрғыдан одан әрі өсіп-өркендеуі үшін әлі көп жұмыс істелуі қажет. Сондықтан бізге дұрыс шешім қабылдай алатын, сыни ойлау және талдау қабілеті жоғары, білімді мамандар керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикерінің айтуынша, Талдау мектебі аналитикалық ойлау қабілетін жетілдіруге, ортамен қарым-қатынас жасауға және нетворкингті кеңейтуге көмектеседі.
 «Аналитикалық жұмыс адамнан үнемі өзін-өзі дамытып, жетілдіріп отыруды талап етеді. Қолға алған істі егжей-тегжей талдап, оның мәнін түсіну аса маңызды. Осы бағытта өз ойларыңызды жүйелеп алыңыздар. Идеяларыңызды жеткізудің маңызды, қызықты жолын іздеңіздер. Егер болып жатқан жағдайды жүйелеуді, сапалы талдауды меңгеріп, кәсіби мәтіндер әзірлеу біліктілігін жетілдіріп, дәлелді әрі сенімді сөйлеуді үйренсеңіздер – өздеріңіздің бәсекеге қабілеттіліктеріңізді және сұранысқа ие болу мүмкіндігін арттырасыздар. Осы жолда біздің Талдау мектебі өз септігін тигізеді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар оқытудың алғашқы күнінде саясаттанушы, публицист, заң шығару мәселелері жөніндегі сарапшы Екатерина Шульман дәріс оқыды. Ол өз дәрісінде саяси болжамдар жасаудың қыр-сырына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ саясаттанушы тыңдаушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстанның дамуына қатысты болжамын айтты. Өз кезегінде белгілі қоғам қайраткері, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев қазіргі талдаушылар қандай болуы керектігі жөнінде пікір білдірді және осы бағыттағы ұсыныстарымен бөлісті. Сонымен қатар сарапшы геосаяси проблемалардың елдің мұнай-газ секторына тигізетін әсеріне назар аударды. Талдау мектебінің екінші кезеңінде философ, Киев ұлттық университетінің профессоры Андрей Баумейстер, публицист, зерттеуші Александр Баунов, Жоғары экономика мектебі  Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің деканы Анастасия Лихачева, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі   Бауыржан Омаров, Ұлытау облысының әкімі, саясаттанушы Берік Әбдіғалиев, сондай-ақ Гүлмира Елеуова, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов, Ғазиз Әбішев және тағы басқа белгілі қазақстандық сарапшылар қатысушыларға дәріс оқиды. Сарапшылардың видеодәрістері Талдау мектебінің YouTube-тағы ресми арнасында жарияланады.