Cенат жанындағы Жас сарапшылар клубында Жолдаудың әлеуметтік-экономикалық басымдықтары талқыланды

Cенат жанындағы Жас сарапшылар клубында Жолдаудың әлеуметтік-экономикалық басымдықтары талқыланды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық басымдықтарды талқылап, оларды іске асыруға арналған ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шараға еліміздің ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қатысты.

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту, ұлттық табысты әділ бөлу және басқа да стратегиялық бастамалар жаңа экономикалық саясаттың басымдықтары екенін айтты.

«Баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту және экономиканы одан әрі монополиясыздандыру Жолдауда белгіленген бірінші кезектегі міндеттер екені анық. Сондай-ақ тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін түсінікті және болжамды экономикалық саясат керек. Президентіміз қаржы секторын жандандыру үшін жаңа Салық кодексін әзірлеуді тапсырды. Бүгінде бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып та кетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы кедендік әкімшілендіру және бюджеттік саясат салаларын жақсарту бойынша айтарлықтай реформа жүргізу және нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Жолдауда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің жаңа моделін енгізу және несие ресурстарының тапшылығын шешу арқылы кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға ерекше назар аударылғанын да атап өтті.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы пандемияның шектеулі ресурстар жағдайындағы ел экономикасына тигізген салдарын ескере отырып, бірқатар негізгі басымдықты белгілеп бергеніне назар аударды.

«Бізге қазір алдағы жылдарда Қазақстанда кәсіпкерлерге жұмыс істеуге, өз кәсібі мен бизнесін жүргізуге мүмкіндік беретін нақты ережелер қажет. Бұл – әділ, ашық, демократиялық Қазақстанның жаңа парадигмасын қалыптастырудың алғашқы қадамы. Жолдаудан туындайтын екінші міндет – Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік секторды және өзге де тетіктерді реформалау арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Тағы бір басымдық, біз экономиканы белсенді түрде несиелеу бойынша мақсатты қадамдар жасауымыз қажет. Президентіміз басты ережелерді атап өтті. Енді біз өз ұсыныстарымызды беріп, оларды негізгі қатысушы тараптарға жеткізуіміз керек. Сондай-ақ әрі қарай сол ережелерді ұстануға тиіспіз», – деді Сенат спикері.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров министрліктің осы бағыттағы жұмысына тоқталып, еліміздегі және әлемдегі экономикалық үдерістерді жан-жақты зерттеп, кешенді сараптама жүргізгені үшін отырысқа қатысушыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол жаңа идеялар жолында мемлекет пен сарапшылар қауымдастығының бірлесіп жұмыс істеуі маңызды қадам екенін тілге тиек етті.

Іс-шара барысында Жас сарапшылар клубының мүшелері салық мөлшерлемелері мен басқа да әлеуметтік аударымдардың халықаралық тәжірибесіне, қазіргі санкциялық текетірес жағдайында отандық бизнестің стратегиясына және экономикалық дамудың басқа да маңызды мәселелеріне қатысты өз ұсыныстары мен ұсынымдарын айтты.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.