Қоқысқа толған Қызылжар
Қоқысқа толған Қызылжар
528
оқылды
Петропавл қаласын қоқыс басып кетті. Көпқабатты үй­лердің аулаларынан қатты тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды. Әр аула үлкен қоқыс үйіндісіне айналған. Бұған коммуналдық қызмет ақысының төмендігі себеп. Қоқыс шығару қызметін ұсынатын компаниялар төле­м­ақыны қымбаттатуды сұрап отыр. Солтүстік Қазақстан облы­сының орталығында бұл мәселе туындағалы бірнеше айдың жүзі болды. Қоқыс контейнерлері аузы-мұрнынан шыға лық тол­ған. Орын болмағандықтан тұр­ғын­дар қоқыс салынған пакет­терін контейнердің жанына тас­тай салады. Оны ешкім жина­май­ды. Содан аулаларды сиық­сыз үйінділер басып барады. Қа­лалықтар үйлерінде тышқан мен егеуқұйрық пайда бола ма деп алаңдаулы. Түрлі инфекция­лық ауру тарауы мүмкін деп те қобалжып отыр. Көшелерде қол­данылған дәретхана қағазы, по­лиэтилен пакет сияқты қоқыс ұшып жүр. Қалғанын қаңғыбас ит­тер тасып, шашуда. Петропа­вл­дықтар қаланы ластамас үшін бір-бірін тым болмаса қоқыс па­кеттерінің аузын байлауға ша­қыруда. Тілі өткірлеу қалалықтар Петропавл қаласы қоқыс көр­месін өткізуге дайындалып жа­тыр деп қалжыңдайды. Бұл бай­қауда ең көп қоқыс жиналған ауланы анықтау туралы ұсыныс жа­сау­шылар да бар. Кейбіреулер бар қалдықты жинап, қалалық әкімдіктің жанына үйіп тастау керек деседі. Әсіресе, қоқыс кол­лап­сына әкімді кінәлаушылар қала басшысын халықтың өзі сай­лау керек, ұнамаса оны боса­тып, басқасын таңдау керек деген пікір айтуда. Экологтарды да кабинеттерінен шығып, қаланың ішінде жұмыс істеуге шақыру­шы­лар бар. «Көрмес, түйені де көрмес» дегендей, тіпті әкімшілік ғимараттарының маңайындағы көпқабатты үйлердің аулаларын қоқыс басып жатқанын аңғармай жүрген шенеуніктердің қылы­ғына халық аң-таң. ТАРИФ ТӨМЕН Коммуналдық қызмет көр­сету­шілер тарифтің төмендігін ал­ға тартуда. Петропавл қала­сын­да қатты қоқыс шығару тарифі 2017 жылдан бері өз­гер­мепті. Қатты тұрмыстық қал­дық­ты шығарумен айналысатындар осыны айтып, дабыл қағып жүр­гелі көп болды. Олардың ай­туын­ша, одан бері жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, басқа да қа­­жетті заттар бірнеше есе қым­баттады. Сондықтан қоқыс та­сы­малдаушы фирмалар шығынмен жұмыс істеп жүрген көрінеді. Тіп­ті, күнде қоқыс қопарып жүр­ген қызметкерлерінің еңбекақы­сын да көтере алмайды. Жаңа техника сатып алуға қауқарсыз. Әбден тозған техника жиі істен шығады. Сондай кездері қаланы қоқыс басып кетеді. Бүгінгі күні көпқабатты үй­лердің тұрғындары қатты қо­қысты шығару үшін адам басына 220 теңге, жекеменшік сектор­дағылар 234 теңгеден төлейді. Заңды тұлғалар үшін – 1 текше метрі үшін 2530 теңге. Петропавл қалалық мәс­лихатының депутаттары тарифті екі еседен астам сомаға ұлғайту туралы ұсыныс жасады. «Петро­павл қаласы бойынша қатты тұр­мыстық қалдықтарды жи­науға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге халық үшін тариф­терді бекіту туралы» қаулының жобасы ашық нормативтік-құ­қықтық актілер сайтында жария­ланды. Құжаттың қосымшасына сәйкес көпқабатты үйлердің тұр­ғындары адам басына 480 теңге, жер үйде тұратындар 510 теңгеден төлейтін болады. Заңды тұлғалар үшін 1 текше метріне – 2782 теңге шығындайды. Бұл құ­жат қаңтардың 26-сына дейін талқыланады. Одан соң тариф көтерілмек. Бұл да болса халықтың нара­зы­лығын туғызып отыр. Се­бебі, еңбекақы өсірмейінше, тарифті қымбаттатуға болмайды деп есептеушілер көп. «Баға ша­рықтап барады. Бірдеңе арзан­дады дегенді естімейміз. Ал ең­бек­ақы бір орында тұр. Мұндай тарифті қабылдау үшін ең алды­мен халықтың жалақысын екі есе көтеруді неге ойламайды? Біздің табысымыз қашан артады?» – дейді петропавлдық Айнаш Кеңпейілова. Жекеменшік секторда қоқыс шығару мәселесі бұған дейін де өзекті болатын. Кейбір шағын аудандарда тіпті контей­нерлер де орнатылмаған. Қоқыс уақытылы шығарылмағандықтан, тұр­ғындар оны пешке жағуға мәжбүр. Солардың бірі Любовь Рыжова: «Қысы-жазы қоқысты өртейміз. Бізге дұрыс қызмет көрсетілмейді. Контейнерлер аз, бірнеше шақырым қашықтыққа апаруымыз керек. Айына бір рет қоқысты контейнерге тастағаным үшін 1530 теңге төлеуім керек пе? Жалпы, неліктен жекеменшік сектордың бағасы қымбат де­генге компания қызмет­кер­­лері бау-бақша үшін деп жауап берді. Біз қоқыс өсіреді екенбіз. Тарифті қымбаттатқаннан жұмыс­шы­лардың еңбекақысы өсе­ді, техника сатылып алынады дегенге сену қиын. Алдымен қоқыс шығару кестесін рет­тесін», – дейді. қоқыс машинасы Бағаны ырыққа көндіре ал­маған шенеуніктерді теңге­мен жазалау туралы ұсыныс айт­қандар да кездеседі. Мә­селен, петропавлдық Павел Патрушев: «Баға өсе берсе, оны шенеуніктер ұстап тұра алмаса, өн­дірістегі сияқты олардың ең­бекақысының 10 пайызын ұстап қалу керек. Бұл жағдай тағы қай­таланса, жалақысының 50 пайы­зынан, ал мүлдем қолдарынан түк келмесе 100 пайызынан айыру­дың артықтығы жоқ. Жарты жыл­­­дан соң қоқыс шығарушы­лар тағы да шығынға баттық демесіне, сол кезде баға тағы екі есе қым­бат­тамасына кім кепіл?», – деді. Тарифті қымбаттату туралы ұсыныс жасаған депутаттарды кі­нәлаушылар бар. Олардың ойынша, халықты қанай бермей, коммуналдық қызметтердің шығындарын жабудың басқа жолдарын іздеген жөн. Мәселен, техника сатып алуға грант бөлу, субсидия беру сияқты амалдарды қарастыру артықтық етпес еді деседі. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қалада қатты тұрмыстық қалдық­тарды шығарумен төрт компания айналысады. «Олардың балан­сында 24 қоқыс жинайтын тех­ника бар. Бірақ барлығы дерлік ескі, сондықтан жиі істен шыға­ды. Кәсіпорындар материалдық-техникалық базасын жаңартуға қауқарсыз. Тариф 2017 жылдан бері өзгерген жоқ», – деді жауап­ты бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова. Бұл компанияларға борыш­керлердің қатары қалың. Олар­мен тиісінше жұмыс жүргізілмей ме, әлде басқа себебі бар ма, қарыз айдан-айға қордаланып қалуда. Бүгінде қалалықтардың қарызы 25 миллион теңгеден ас­там. Олармен жұмыстың тиімді тетігін тауып, тіпті жаза қолдану­ды да ұсынушылар бар. ШЫРША ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ШУ Жаңа жыл мерекесінен кейін петропавлдықтардың біразы үйіне орнатқан шыршасын қайда жіберерін білмей дал болды. Ағаштарды контейнерге тастауға тыйым салынды. «Қоқыс бактары тек қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған. Көркейту ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (70 мың теңге) айыппұл қарасты­рылған. Шыршаларды шығару үшін коммуналдық компанияға тапсырыс беру керек», – деп ескертті Петропавл қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық, қоғамдық көлік және авто­мобиль жолдары бөлімі. Көлік жалдау құны – 15 мың теңге. Бұл мәселеге келгенде петро­павлдықтардың пікірі екіге жарылды. Кейбіреулері мұны қолдап, орманға зиян келтірмей, жасанды шырша алу керек десе, басқалары тірі шыршаны сатуға тыйым салынсын, қоқысты уа­қы­тылы шығармағаны үшін ком­пания да айыппұл төлесін деген ұсыныс білдірді. Тыйым салын­ғанына қарамастан шыршаны контейнерге тастаған он адам анықталды. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департамен­тінің мәліметінше, олардың ешқайсысына айыппұл салынған жоқ, тек ескерту жасалды. Көп ке­шікпей, облыста ешкі сүтінен ірімшік жасаумен айналысатын кәсіпкерлер қылқанжапырақ­тыларды тегін алып кетуге дайын екенін хабарлап, мәселені ше­шуге ат салысты.

Солтүстік Қазақстан облысы