Жамбылдағы сарбаз өліміне қатысты деректерді жариялаған адвокат жазалануы мүмкін
Жамбылдағы сарбаз өліміне қатысты деректерді жариялаған адвокат жазалануы мүмкін
Фото: ustinka.kz
1,917
оқылды
Жамбылдағы шекара бекетінде қаза тапқан сарбаз өліміне қатысты деректерді жария еткен адвокат Сержан Пралиев жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды. «20 қаңтарда заңгер С.Пралиев әскерге шақырылушының өз-өзіне қол жұмсау фактісіне қатысты қылмыстық іс бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Пралиев өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін жорамалдарын қосып, қылмыстық істің деректерін жария етті. Сонымен бірге ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жариялауға жатпайды. Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды», – делінген ресми хабарламада. Бұған дейін адвокат «Бес адам арақ ішкен» деп Жамбылда шекара бекетінде асылып қалған сарбаздың өліміне қатысты тың мәліметтерді таратқан болатын.