Алматыда 7-сынып оқушысын өлтіріп кетті: оқиға куәгерлері не болғанын айтып берді
Алматыда 7-сынып оқушысын өлтіріп кетті: оқиға куәгерлері не болғанын айтып берді
Фото: astanatv.kz
11,999
оқылды
Алматы қаласының Алатау ауданында 7-сынып оқушысы көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, оны 17 жастағы жасөспірім пышақтаған. Қазір оқиғаның мән-жайын анықталып жатыр, – деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Оқиға куәгерінің айтуынша, балалар сөзге келіп қалған. Олар көпқабатты үй ауласындағы мектептің алдына жиналыпты. Кенеттен жасы 17-лер шамасындағы жасөспірім оқушыны пышақпен ұрды дейді. «Өзіме әлі келе алар емеспін, бәрі менің тереземнің алдында болды.13, 17 жастағы балалар төбелеске пышақ ұстап келген. Пышақ тыққанда бір тамшы қан да көрінбеді, сол себепті ешкім байқамады. Жедел жәрдем келіп күртесін ашқанда ғана көрді. Ол кезде көмек беруге тым кеш болып кетті. Бала 40 минут жерде жатты. Жедел жәрдемге 3 рет хабарластық», – дейді куәгер Диана. Мектеп әкімшілігі көз жұмған оқушының ашық-жарқын болғанын айтады. Сабақты да жақсы оқыған. Бұған дейін ұрыс, төбелестерге қатысқанын байқамадық дейді. «Ол оқушы барлық мектептің тәрбие жұмысы бойынша жұмыстарына белсенді қатысатын. Және де оның оғаш қылықтарын біз ешқашан байқамағанбыз, себебі ол өзінің құрдастарымен де, басқа сыныптың оқушыларымен де, мұғалімдермен де қарым-қатынасы жақсы болған», – №114 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жарқын Асхатқызы. Қалалық полиция департаменті оқиға Алатау аудандық полиция басқармасының бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады. Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр. «Қылмыстық Кодекстің 99-бабының нормалары бойынша тіркеліп, қазіргі таңда адам өлтіру дерегі бойынша тергеу амалдары басталды. Күдікті ізін суытпай ұсталды», – дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Қазір марқұм болған жеткіншектің жақындары мен сыныптастарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.