Оқу мәдениетін жоғалтқан адам ойлау мәдениетін жоғалтады – Нұртөре Жүсіп
Оқу мәдениетін жоғалтқан адам ойлау мәдениетін жоғалтады – Нұртөре Жүсіп
437
оқылды
Астанада «Қазмедиа» орталығында Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтіп жатыр. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров, сонымен қатар өңірлерден 200-ден астам БАҚ өкілі қатысып жатыр. Жиында БАҚ саласындағы өзекті проблемалар талқыланып жатыр. Оның ішінде, мерзімді басылымдарды аудан, ауылдарға уақытылы жеткізу, оқырманға сапалы дүние ұсыну, ақпарат таратуда қазіргі заманғы технологияны тиімді қолдану да өте маңызды. Сенат депутаты  Нұртөре Жүсіптің айтуынша, қазір БАҚ ақпаратпен ешкімді таңғалдыра алмайды. «Осыған дейін БАҚ-тың бары мен жоғын талқылаған талай форум өтті. Бүгін бірінші рет өңірлік басылымдар  форумы ұйымдастырылып отыр. Аймақтардан шығармашылық ұжымдардың өкілі Астанаға арнайы келіп отыр. 1907 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «газетті ел керек қылмаса, миллиондап капитал жұмсалмас еді. Осылардың барлығына да – газеттің керек екенінің дәлелі. 1907 жылғы дерек бойынша Россияда 2173 газет-журнал шыққан екен. 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде басылыпты. Сол 867-нің ішінде 30 шақты татар қандастардың баспасөзі шықты. Біз де құр қалғанымыз жоқ. «Айқап» журналы жарық көрді. Бірақ адым алға басып, артқа кетуге болмайды. Озғандарға жету керек. Жеткендерден озу керек. Есікте қалмай төрге озу керек. Басқалардың заман ағымына қарай өзгеріп жатқанын көруге газет керек» деп мақаласында жазған екен. Арада 100 жылдай уақыт өткен қазіргі шақта газет керек пе, жоқ па деген мәселе айтылып жатады. Егер қажет болса, бағыт-бағдары қандай болу керек? Газеттердің таралымы азайып жатыр. Жас буын мерзімді басылымды бас алмай оқиды деп айта алмаймын. Осы тұрғыдан алғанда 1913 жылғы қазақ газетіне жазылу 1 жылға – 3 рубль, 6 айға – 1 рубль 75 тиын болған екен. Алаш арыстары газетті ағартушылық, тарихи танымдық бағытта шығарды. Мақсат – ұлтты сақтап қалу болды. Тарихи танымдық құнды дүниелерді баспасөзде жариялау қазіргі кезде де оқырман үшін өте құнды. Мәселен, жуырда «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси газетінде қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Амангелді Айталының соңғы сұхбаты шықты. Ұлтым деген кеудесінде жаны бар адам осындай сұхбатты оқу керек. Осындай құнды дүниелер баспасөзде жиі жарық көруі керек. Себебі, қазір ақпаратпен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Смартфондағы бір нүктені басып, ақпарат алу қолжетімді. Мерзімді басылымдарды сақтап қалудың да бір тетігі танымдық, тарихи бағытта құнды дүниелер жариялау деп ойлаймын», – деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп. Өңірлік мерзімді басылымдар форумы ертең де жалғасады. Айта кетейік, «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси газетінде Амангелді Айталының «Қазаққа тілдік маркетинг керек» деген тақырыппен сұхбатын жариялаған болатынбыз.