Жалған ақпараттан халқымызды қорғау мақсатында жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс – Көлгінов
Жалған ақпараттан халқымызды қорғау мақсатында жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс – Көлгінов
566
оқылды
Өңірлік мерзімді басылымдар форумында алғаш болып сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов министрлікке аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.
«Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызы баспа мен басылымдар. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болшағының зор екенін дәлелдейді. Отандық медианың әлеуетін одан әрі дамыту үшін алдымызда ауқымды міндеттер бар. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы орайда, өңірлік БАҚ-тың мәселелерін: атап айтқанда, оқырмандардың саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек», – деді Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, вице-премьер қазақстандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
«Әр аймақтағы басылымдардың өзіндік өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүргізу форматын қалыптастыру қажет. Сала мамандарын, білікті сарапшыларды ақпараттық түсіндіру жұмыстарына тарту маңызды. Тағы бір мәселе – отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігі. Елімізде зиян келтіретін жалған ақпараттан халқымызды қорғау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс», – деп түйіндеді А.Көлгінов.