Тәуелсіздік алғаннан бастап 2023 жылға дейінгі аралықта елімізге 1 млн 107 мың қандасымыз келген екен. Тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың саны аз емес екені көрініп тұр. Бірақ бұдан көші-қонның жайы оңалып кетті деуге әлі де болса келмейді. Өйткені келгендердің санынан кеткен азаматтардың саны басымдау болып барады. Онсыз да халық саны 20 миллионға енді жуықтаған мемлекет үшін бұл бас ауыртар мәселеге айналуы тиіс.
Кеткендер көбейіп, келгендер азаюда
Жалпы, көштің қарқыны соңғы онжылдық шамасында біршама бәсеңдеді. Әсіресе, 2020 жылы бұны анық байқадық. Сол жылы елге 13 мың этникалық қазақ қоныстануға келгені мәлім. Ал содан бір жыл бұрын – 2019 жылы 17,7 мың адам келген болатын. Біздің ойымызша, дәл аталған тұста азаматтардың сирегенінің екі себебі бар: біріншісі – пандемия. Бұл қандастар көшіне кедергі болғаны анық. Екіншісі, атажұртқа оралған ағайындардың ішінде әлі Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендер көп. Елге келеді, келгеннен күйін тіршілік өзіне жұтпай қоймасы белгілі, жұмыс істеу керек, қоғамға бейімделгені абзал. Оған «қандас» мәртебесі аздық етеді. Азаматтық алуда қағазбастылық әлі бар екені жасырын емес. 2021 жылдан бастап қандастар азаматтық алу үшін жинауы тиіс 46 құжат 26 құжатқа азайтылды. Бірақ Көші-қон қызметі, Халыққа қызмет көрсету орталығы секілді құзырлы орындардан көңілі қалған ағайын амалсыз қоғамдық ұйымдарға көптеп жүгінеді.
«Көші-қон туралы» заң тармақтарында қарама-қайшылықтың көп екені жиі айтылады. Жат жердегі қандастарымызды атажұртқа қайтару мемлекеттік саясаттың басым бағыты бола тұра, жағдай мәз емес. Бәрінен бұрын, олардың жанына бататыны – көбі қазақ бола тұра сонысын дәлелдей алмай әлек болып жүр. Жоғарыда айтқанымыздай, азаматтығы болмаған соң не жұмыс жоқ, дәрігерге қаралу, білім алу мүмкіндігі жоқ, қысқасы, құжатын реттей алмай сандалып жүргендерді құқық қорғау органдары да бір жағынан қыспаққа алады. Бұл жайттарды алыстағы ағайын естімейді емес, шет-жағасын байқайды. Ақырында көңіл күйіне әсер етпей қоймасы шын. «Отандастар» қорының дерегіне сенсек, жыл сайын он мыңдаған қандас азаматтық алуға жәрдем көрсетуді сұрайды.
Сонымен, былтырғы жағдайға көз жүгіртейік. 2022 жылы жалпы, 19 178 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Өсім бар секілді көрінгенімен, былтыр айналдырған 10 айда 22 мыңға жуық адам елден көшіп кеткенін ескерген абзал. Бұл тақырыпқа әлі де тоқталамыз. Шетелдерді де әр саладағы маман тапшылығы жағадан алып жатыр. Жоғары жалақы үшін елімізден білікті дәрігерлер мен жаңа технологияны меңгерген ғалымдар шекара асуда.
[caption id="attachment_237728" align="aligncenter" width="1684"]
– Қазақстанның демографиялық ахуалы төмен болып есептелетін 5 өңір – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жағдай шынында алаңдатады. Кейінгі 2016-2021 жыл аралығында аталған өңірлердегі сыртқы көші-қон сальдосы – минус 87 633 адам, ал ішкі көші-қон сальдосы минус 86 098 адам болған. Мұндай факторлар халық санының азаюына, елді мекендердің депопуляциялық үрдісінің белең алуына, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне, ел экономикасының өсу қарқынының төмендеуіне, халықаралық аренада мемлекеттің беделін төмендетуге және елдің инвестициялық тартымдылығының азаюына соқтырады, – дейді экономист.Басқадан бұрын, шетелге кеткен еңбекке қабілетті жандар арқылы мемлекет бағалы ресурстарын жоғалтады. Әрине, кез келген адамның өмір сүру құқы бар, соған сай тұрақтайтын мекенін, тілін, дінін өз еркімен таңдауы мүмкін. Бізді алаңдататыны – өзге елге үдере көшкен азаматтар санының өсуі және келіп жатқан қандастар санының көңіл көншітпейтіні. Кеткендер арасында ел болашағы үшін бір кісідей пайдасын тигізе алатын әр саланың мамандары бар екені даусыз. Сондықтан еліміз қандастар арқылы еңбек қажеттілігін өтеп, демографиялық, экономикалық мәселелерді аз да болса шешкен болар еді. Көштің көркі – қандастар.